Қостанай облысында арматура шығаратын зауыт іске қосылды. Бұл туралы «24 kz» хабарлады.
Тобыл өңірінің тұрғындары енді «алтын астығымен» ғана емес, өздерінен шығарылатын болат өнімдерімен мақтана алады. Өйткені, бұл арматура зауыты құрылыс бойынша еліміз ішкі сұранысының 50 пайызын қамти алады. Жалпы, осы өндірістің пайдалануға берілуіне 131 млн. доллар жұмсалған.
Мамандар сөзімен айтқанда, өндіріске қолданылатын сом темірлер Ресейден жеткізіледі екен. «Темірді 1300 градусқа дейін қызартып, 8 мм-ден, 40 мм-ге жеткіземіз де, арматура қалпына келтіреміз. Бұл құрылысқа пайдаланылатын негізгі материал болып есептеледі»,-дейді транспорттық өндіріс бюросының басшысы Сапархан Хәкімов.
Зауыт келер жылдың алғашқы жарты жылдығында өнім көлемін арттыруды көздеп отыр. Зауыттың қаржы директоры Әділ Белғожаевтың айтуынша, жалпы еліміз құрылысына 1 млн. тоннадай арматура қажет болатын болса, соның 450 мыңын осы жерден шығарудың мүмкіндігі бар. Бұрын дайын арматура Ресей мен Украина елінен тасымалданған екен.
Қазір бұл зауыт жергілікті өңірдегі 250-ден аса адамды жұмыспен қамтып отыр. Еңбеккерлердің орташа жалақысы – 160 мың теңге. Ал жоспар бойынша 8 жыл ішінде зауытты қалыптастыруға жұмсалған қаржы толығымен өтеледі.
Бақытбек Кенешұлы.
Дереккөз: «24 kz»
Фото: «24 kz».