21 Желтоқсан, 2013

Маңғыстау облысы 2013 жылдың үздіктерін анықтады

240 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

21-12-13-aktau-3

Кеше, 20 желтоқсан күні Ақтауда 2013 жылдың қорытындысы бойынша «Жыл адамдарын» марапаттау рәсімі болды. Атақ 15 аталым бойынша тағайындалды.  Бұл туралы Lada.kz  хабарлады.

Жылдың үздік адамдарын марапаттауға арналған салтанатта Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев номинанттарды осы жетістіктерімен құттықтап, оларға жаңа жылда жаңа табыстар тіледі.

«2013 жыл аяқталып келеді. Өтіп бара жатқан жылдың қорытындысын шығара отырып, біз дәстүрлі «Жыл адамы» сыйлығының лауреаттарын да анықтадық. «Жыл адамы» - өз ісіне берілгендік пен Отанға деген сүйіспеншілігін көрсету арқылы жұртқа үлгі-өнеге болып келе жатқан түрлі мамандықтың иелері, - деді аймақ басшысы.

Аталым иегерлеріне марапаттарын тапсыру рәсімі әйгілі «Оскар» сыйлығын табыс ету тәсілімен жүргізілді. Әрбір аталым бойынша бірнеше үміткердің ішінен бір үздік аталып отырды. Оған «Жыл адамының» символы ретінде Алтын адам кейпіндегі мүсін тапсырылды. Ал жүлделерді аймақтағы денсаулық сақтау, өнер, құрылыс секілді көптеген салалар бойынша еңбек сіңірген майталман мамандар ұсынып тұрды.

«Жыл ғалымы» атағы Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің кафедра доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Эльвира Аблановаға берілді. «Жыл тәрбиешісі» жүлдесіне таласта Ақтаудағы №4 облыстық арнайы коррекциялық мектеп-балабақшаның тәрбиешісі Галина Королева озып шықты. «Жыл мұғалімі» аталымы Түпқараған ауданыдағы №1 мектеп-лицейдің директоры Сайын Шапағатоваға бұйырды. «Жыл дәрігері» атағына облыстық аурухана кардиохирургия бөлімінің меңгерушісі Жеңіс Болатұлы лайықты деп танылса, «Жыл аяжаны» болып балалар ауруханасы жаңа туғандар патологиясы бөлімінің қызметкері Валентина Бузарь аталды. «Жыл спортшысы» марапатына боксшы Берік Әбдірахманов қол жеткізді.

Бұдан әрі «Жыл фермері» атағын «КаспийАгроКомпани» ЖШС директоры Талант Наурызбаев, «Жыл құрылысшысы» атағын «Еврострой-А» ЖШС директорының құрылыс жөніндегі орынбасары Валерий Пастухов, «Жыл мұнайшысы» атағын «ЖетібайМұнайГаз» операторы Қайрат Дүйсенбаев алды.

Ал Жаңаөзен қаласы ішкі істер басқармасының инспекторы Мақсат Молдабай «Жыл полицейі» атанды.

Мұрат Айтқожа.

Дереккөз: Lada.kz.    

Соңғы жаңалықтар