Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты ел халқына биылғы Жолдауында “Елді жаңғырту стратегиясының табыстылығы, ең алдымен, қазақстандықтардың біліміне, әлеуметтік және дене болмысына, көңіл-күйлеріне байланысты” деп атап көрсетілді. Осы мәселелерді шешуде “Нұр Отан” ХДП біріктіруші күш болуы қажеттігін айта келіп, құқық қорғау органдарына жұмыс әдістерін жетілдіруді, құқықтық реформаға атсалысуды міндеттеген-ді. Осы талап үдесінен көрінудің сәтті қадамдары ретінде “Нұр Отан” ХДП Ақтөбе облыстық филиалының қолдауымен Батыс аймақтық көлік прокуратурасының, Батыс көліктегі ішкі істер департаменті мен “Қазақстан темір жолы” ҰК” АҚ Ақтөбе жол бөлімшесінің ұйытқы болуымен Батыс көлік аймағына қарасты елді мекендерде “Жылжымалы қоғамдық қабылдау” атты әлеуметтік акция басталды. Оның мақсаты – аталмыш органдардың бірінші басшыларына өтініш білдіру үшін мүмкіншілігі жоқ халықтың аз қамтылған тобының өкілдерін жергілікті жерде қабылдап, арыз-шағымдарына құлақ асу, олардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, заңнамалық көмек беру, құқық бұзушылықтың алдын алу, өзекті мәселелерді қолма-қол шешу, күрделілерін тиісті орындарға жеткізіп, шешімін табуға ықпал ету болып табылады.
Құрамында “Нұр Отан” ХДП Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттың хатшысы Балғали Одабаев, Батыс аймақтық көлік прокуроры Сейфолла Кемалов, Батыс көліктегі ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Серік Алдашев және “Қазақстан темір жолы” ҰК” АҚ Ақтөбе бөлімшесі директорының бірінші орынбасары Владимир Петров бар жылжымалы қоғамдық қабылдау жасаушылар мінген шағын пойыз алдымен Алға стансасына аялдады. Мұнда қоғамдық қабылдау жасаушыларды Алға ауданы әкімінің орынбасары Нұрхан Ағниязов қарсы алды. Қабылдауға алғашқы болып кірген жас маман Ақтолқын Нұрмағамбетова бір жылдан бері жұмысқа орналаса алмай жүргенін жеткізді. Ақтөбе темір жол бөлімшесі директорының орынбасары Владимир Петров бұл маманды кадрлық резервке қойып, жұмысқа тұруына қолдау жасайтынын айтты. Сондай-ақ, осы стансаның қызметкері Жадыра Селеуованың “Астана-Ақтау” пойызының аялдайтын уақытын 2 минөттен 5 минөтке ұзарту, аудандық мәслихат депутаты Мерлан Жалғасбаевтың Тоқмансай стансасындағы осындай жағдай жәйлі өтініші де шешімін табатын болды. Жер, үй, банктерден несие ала алмай жүрген станса кезекшісі Самат Мұратаев, Клара Аймурзина, кассир Эльмира Ахметованың өтініштерін шешудің заңды жолдарын қарастыруды Алға ауданы әкімінің орынбасары Нұрхан Ағниязов қаперге алды.
Жылжымалы қоғамдық қабылдаушылардың қатары Қандыағаш стансасында Мұғалжар ауданының әкімі Серік Шаңғұтов пен оның орынбасары Жангелді Құрмашев және аудандық мекемелердің басшыларымен толықты. Қоғамдық қабылдауға келген Нұрлан Есенаманов “Жастық” шағын ауданында судың уақытпен берілетініне қынжылыс білдірді, Раушан Мұратова стансада медпункт ашу мәселесін алға тартты. Сонымен бірге, жұмысқа орналасудың қиындығын көлденең тартқан азаматтар да болды. Аудан әкімі Серік Шаңғұтов Қандыағаш қаласының су жүйесіне қыруар қаржы жұмсалып, күрделі жөнделгенін, судың тұрғын үйлерге дейін үзіліссіз барып тұрғанын, қалғанын кооперативтер мен кондоминиумдер арқылы шешу қажеттігін мәлімдеді. Және бұл мәселенің қалалық әкімдіктің бақылауына алынатынын да жеткізді. Медпункт ашуға кадрды дайындап қойғандарын, тек мәселе оған қажетті орынға тірелетінін айтты. Ал жұмысқа орналаса алмай жүргендерді өзінің қабылдауына келуге шақырды. Ауданда үш-төрт зауыт ашылып жатыр,оған адам таба алмай отырмыз, деді ол. Темір жолға орналасқысы келетіндердің өтінішін қанағаттандыруға осындағы темір жол мекемелері басшыларының ықылас білдірмейтінін, әркімдерден осының астарында өздерінің жеке бас мүдделілігі бар дегенді естіп жүргенін де жасырмады. Сондықтан білетіндердің тиісті орындарға хабарласуын сұрады. Медбикелік мамандығы бар Қазына Төлегеноваға қабылдауына келуін сұрады. Мүмкіндігінше жұмысқа орналасуға көмектесемін, деді әкім.
Осындағы вагон депосының нұсқаушысы Болатбек Байниязов баласын балабақшаға орналастыра алмай жүргеніне, ал зейнеткер Қашқынбай Ыбрашев еңселі Мәдениет үйі жоқтығына шағымданған-ды. Аудан әкімінің орынбасары Жангелді Құрмашев балабақшаға кезектің көптігін айта келіп, бірер адамның мәселесін шешуге болатынын, ал 180 орындық Мәдениет үйінің сметалық-жобалау құжаттары дайын екендігін, қаржылық дағдарысқа байланысты оның құрылысы 2012 жылға шегеріліп отырғанын жеткізді. Ақтөбе темір жол бөлімшесі директорының бірінші орынбасары Владимир Петров қоғамдық қабылдауда көтерілген мәселелер жұмыс тәртібі жағдайында шешілетінін жеткізді. Халықтың мұң-мұқтажын қашанда назарда ұстайтын Мұғалжар ауданының әкімі Серік Шаңғұтов қоғамдық қабылдауға келген азаматтардың қай-қайсысының да мәселелері заңдылыққа сәйкес оң шешілетініне сендірді.
Осы сапарда қоғамдық қабылдауда 36 адам болып, өз өтініш-тілектерін жеткізді. Бұдан басқа, осындағы темір жол ұйымдарының 100-ден астам жұмысшысы арасында еңбек заңдылықтарының сақталуы және әлеуметтік-тұрмыстық мәселелер жәйлі сауалдама жүргізілді. Оларда көтерілген проблемелар бойынша шаралар алынатын болды.
Батыс аймақтық көлік прокуратурасы мұрындық болған осы игі бастама алда он екі бағыт бойынша жалғаспақ. “Нұр Отан” ХДП Ақтөбе облыстық филиалы қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Амангелді Мектепбаев енді Ақтөбе-Мәртөк бағытындағы темір жол бойымен осындай жылжымалы қоғамдық қабылдау жүргізілетінінен хабардар етті. Сондай-ақ осындай жылжымалы қоғамдық қабылдаулар МАИ қызметкерлерімен бірлесіп автомобиль көлігімен де жүзеге асырылатын болып шешілді.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ.
Ақтөбе облысы.