Аймақтар • 08 Ақпан, 2021

Павлодар облысында Ресейде іздеуде жүрген азамат ұсталды

208 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Павлодар облысындағы ауылдардың бірінде Ресейде іздеуде жүрген азамат ұсталды, деп хабарлайды Egemen.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Павлодар облысында Ресейде іздеуде жүрген азамат ұсталды

«Павлодар облысының жедел қызметкерлері Ресей Федерациясында оған қатысты мемлекетаралық іздеу жарияланған 38 жастағы ер адамды ұстады. Ұсталған азамат 2017 жылы Алтай өңірінде тұрып, ұрлық жасаған. Сот үкімі бойынша бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза түріне сотталған азамат пробациялық бақылау шарттарын бұзуға бірнеше рет жол берген. Жазасының қалған бөлігі қатаңдатылуы мүмкін екенін түсінген азамат Павлодар облысы Успен ауданының ауылдарының бірінде жасырынып, белгілі бір кәсіби біліктілікті талап етпейтін жұмыстар атқаратын жұмысшы ретінде жұмысқа орналасқан», деді Павлодар облысы Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының бастығы Балғабай Қапаров.

Балғабай Қапаров қылмыс жасаған адамдарды іздестіру ісі үздіксіз жүргізіліп жатқанын айтып өтті. Жыл басынан бері түрлі қылмыстар жасағаны үшін 14 қылмыскер, ал өткен жылдардан бері іздеуде жүргендер санатынан төрт күдікті ұсталды.

«Іздестіру бағыты бойынша жұмыс үнемі жүргізіледі. Ұзақ ақпарат жинау және нұсқаларды қайта тексеру нәтижесінде қылмыстар ашылады. Бұл жұмысты күшейту мақсатында облыс аумағында он күндік «Күмәнді пәтер» жедел-алдын алу іс-шарасы өтті. Осы кезеңде полицияға 3505 адам жеткізілді, олардың барлығы есепке алынды, қылмыстарды ашуға қажетті жедел ақпараттар жиналды», деді ол.