Медицина • 08 Ақпан, 2021

COVID-19: «Жасыл» – жағдайдың жақсарғаны

111 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазіргі кезде елімізде індеттің таралу қарқыны бәсеңсіп, жалпы жағдай тұрақталып келеді. Денсаулық сақтау министрлігінің 8 ақпанда жариялаған эпидемиялық ахуалды бағалау матрицасына сәйкес, бірқатар өңірдің «беті бері қарап», Қазақстан індет қаупі орташа «сары аймақтан» «жасыл аймаққа» өтті. «Қызыл аймақта» екі облыс пен бір қала, «сары аймақта» бес облыс тұр. Қалған өңірлер – «жасыл аймақта».

COVID-19: «Жасыл» – жағдайдың жақсарғаны

«Қызыл аймақта» тұрған Ақмола, Павлодар облысына кеше Нұр-Сұлтан қаласы қосылды. Бұдан бір күн бұрын ғана «сарғайып» тұрған елордада жағдай қайтадан күрт күрделеніп кетті. Ал «сары аймақта» Қостанай, Атырау, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстары бар. Бұрнағы күні «сары аймақта» болған Шығыс Қазақстан «жасыл аймаққа» өтті. Қалған өңірлердегі ахуал тұрақты. Жалпы Қазақстан коронавирустың таралу қаупі жағынан «жасыл аймақта» тұр. Бұған дейін Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Ерлан Қиясовтың карантин шараларын жеңілдету туралы жаңа қаулысы жарияланған еді.

Қаулы ережелеріне сәйкес «жасыл аймақтағы» өңірлерде мешіттерге жұрттың жиналуына, сонымен қатар мектеп асханаларының жұмысына рұқсат берілді.

Бүгінде бәлекет індеттің жайылу қарқынының баяулағаны әлемде де байқалады. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мәлімдеді. ДДҰ сарапшысы Мария ван Керкховен әлемде коронавирустың таралуы айтарлықтай әлсірегенін, бірқатар мемлекетте індетті жұқтыру көрсеткішінің төмендегенін атап өтті. Ол эпидемиялық ахуалы жақсарған елдерді сақтық шараларын қаперде ұстап, босаңсымауға шақырды, сондай-ақ жаһандағы жағдайдың бұлай оңалуына коронавирусқа қарсы қуатты құрал – вакциналаудың септігі тиіп жатқанын айтты.

Расында, адамзатты әбігерге салған індетке біржола тойтарыс берудің жолы – халықты жаппай вакциналау. Қазір, қуанышқа орай, коронавирусқа қарсы вакцина жылдам табылып, қолданысқа еніп кетті. Әзірге коронавирустың бірден-бір дауасы – вакцинаны әзірлеуге жұмыр жер ғалымдары жұмылып, тиімділігі дәлелденген түрлі препарат нақтыланды. Қазақстан да қатардан қалмай өз вакцинасын сынақтан өткізіп жатыр. Осы айдың басынан бастап елімізде көрші елдің сынақтан сәтті өткен вакцинасын егудің алғашқы кезеңі жүргізілуде.

Нұр-Сұлтанда 1-8 ақпан аралығында вакциналау жоспарланған 916 медицина қызметкерінің 719-ы немесе 78%-ы егілді. Бірінші кезеңге вирусты жұқтырып алу қаупі жоғары тобына жататын медицина қызметкерлері, дәлірек айтқанда жұқпалы аурулар ауруханалары, жедел-жәрдем қызметкерлері, алғашқы медициналық көмек көрсету ұйымдары, көпсалалы ауруханалардың қабылдау бөлімдері қызметкерлері вирусқа қарсы екпе алып жатыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында елорданың қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов мәлімдеді.

«Басқару қоймасында КВИ вакцинасының 1 531 дозасы бар. Вакциналау ерікті түрде және халықтың хабардар етілген келісімі бойынша жүргізіледі. Ешкім ешкімді мәжбүрлемейді. Жалпы алғанда, БМСК-тің 36 ұйымында COVID-19-ға қарсы вакциналау жүргізілетін 36 егу кабинеті жұмыс істейді. Егу пункттері барлық қажетті заттармен қамтамасыз етілген және санитарлық талаптарға сәйкес келеді. Сонымен қатар 36 жылжымалы бригада, COVID-19-ға қарсы вакциналау жүргізуге және қалдықтарды кәдеге жаратуға жауапты адамдар анықталды. БМСК ұйымдарында 80-нен астам фильтр кабинеті бар. Емханаға кіреберісте байланыссыз термометрия, қолды санитайзерлермен өңдеу міндетті түрде жүргізіледі және пациенттердің маска тағуы міндетті түрде тексеріледі. КВИ симптомдарының болуына сауалдама жүргізіледі. Қоймада диапазоны – 18-25°С, әрқайсысының көлемі 360 литр болатын 4 тоңазытқыш жабдығы бар. БМСК ұйымдарында 20 мұздатқыш камера (-18°С) бар, 19 ақпанда қосымша 22 мұздатқыш камера жеткізіледі деп жоспарлануда. Сондай-ақ вакциналарды тасымалдау үшін 82 термоконтейнер бар», деді Т.Мұратов.

Аталған брифинг барысында сарапшылар жұрт жиі қоятын сұрақтарға жауап берді. Соның бірі – «Ресейлік «Спутник V» вакцинасы коронавирустың кейіннен анықталып жатқан басқа штаммдарынан қорғай ала ма?» деген сауал. Бұған қатысты UMС клиникалық иммунология, аллергология және пульмонология бағдарламасының жетекшісі, «МУА» КеАҚ Нефрология, гематология, аллергология және иммунология курсымен ішкі аурулар кафедрасының аға оқытушысы Елена Ковзель өз пікірін білдірді.

«Pfizer және AstraZeneca сияқты ұқсас вакциналардың құрамында болатын полиэтиленгликоль сияқты заттар бұл вакцинада жоқ. Жұрттың көбі «Спутник V» вакцинасы коронавирус инфекциясының басқа штаммдарынан қорғай ала ма?» деп сұрайды. Иммунолог ретінде және халықаралық ғылыми дәлелдерге сүйене отырып мен барлық коронавирустың арасында оның кез келген штаммы бар деп айта аламын. Әсіресе бұл жағдайда вакцина коронавирустың басқа штаммдарынан қорғаныс әсерін тудырады.

Клиникалық жарияланымдарда ғалымдар адамның ауру көріністерінің гетерогенділігін түсіндіреді және «Спутник V» коронавирустың басқа штаммдарынан қорғау қабілетін дәлелдейді», деді иммунолог.
Сондай-ақ Е.Ковзель коронавирус инфекциясының тұмау вирусына ұқсастығы бар екенін, тиісінше COVID-19-ға қарсы бірнеше рет вакциналау қажет болуы мүмкін екенін алға тартты.

Медицина ғылымдарының докторы, профессор, Дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының сарапшысы Александр Гуляев коронавирусқа қарсы қазақстандық вакцина мен ресейлік «Спутник V» екпесінің айырмашылығын түсіндірді.

«QazCOVID-іn вакцинасын зерттеу жыл бойы жүргізілді. Клиникалық зерттеулер қыркүйек айында басталды. Бастапқыда бұған 44 ерікті қатысты. Клиникалық зерттеудің бірінші фазасы вакцинаның қауіпсіздігін зерттеуге қатысты еді. Нәтижесінде, 180 күн бойы жүргізілген байқау кезінде ешқандай күрделі теріс әсерлер тіркелмеді. Вакцина қауіпсіз деп танылды. Екінші кезеңде вакцинаның клиникалық тиімділігі зерттеліп, оған 200 ерікті қатысты. 180 күн бойы вакциналау жасалғаннан кейін қалыптасатын антиденелер деңгейі тексеріліп тұрды. Вакцина жоғары тиімділікті көрсетіп, екпе жасалған әрбір жағдайда антиденелер қалыптасып отырды. Үшінші кезең 2020 жылдың 25 желтоқсанында басталды. Бұл ретте зерттеумен 3 мың адам қамтылды және ол 180 күнге созылады. Үшінші фазаның өтуіне қатысты аралық есеп жақын арада болады», деді А.Гуляев.

Сараптама жүргізу ережесіне сәйкес, 31 желтоқсанда QazCovid-in вакцинасы уақытша тіркеу куәлігін алды. Бұл өз кезегінде вакцинаны зерттеуді кеңейтіп, оның өндірісін жеделдетеді.
«Qaz Covid-in – инактивтелген екпе. Бұл тұрғыда ол ресейлік вакцинадан өзгеше. Ресейлік екпе антиденелер қалыптасуын бастаушы ақуызды құрайды. Осы вакциналарды тікелей салыстыру қисынсыз. Тікелей салыстыру барлық үш фазаның зерттеу мәліметтері алынғанда мүмкін болады. Сол кезде бұл вакциналардың басымдығы немесе кемшілігі туралы түсінік беріледі. Үш фазаның толық клиникалық зерттеуі әлемде жүргізілмеген. Жалпы, ахуал реттеуші органдарға уақытша тіркеулерді беруге және вакциналау жүргізуді бастауға итермелеп отыр. Бұл өз кезегінде қандай да бір қауіпсіздік ережелері ескерілмей жатыр дегенді білдірмейді. Жапония, АҚШ, Еуропада және Қазақстанда вакциналардың қауіпсіздігі мен тиімділігін бағалау қадамдарында ешқандай айырмашылық жоқ», деді ғалым.