Саясат • 09 Ақпан, 2021

Жол жүгенсіздікті кешірмейді

432 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жаңа жыл басталғалы бір айдың ішінде елімізде жүзден астам адам жол-көлік апатынан көз жұмған. Отыз бір күнде 900-ге жуық жол апаты болып, соның салдарынан мыңнан астам жолаушы зардап шеккен. Қара жолдағы қайғылы оқиғалардың азаймауына ең алдымен жүргізушілердің жүгенсіздігі мен жауапсыздығы түрткі болып отыр.

Жол жүгенсіздікті кешірмейді

 

Күні кеше Алматы-Бішкек күре жолында тағы бір қаралы дерек тіркелді. Қатты жылдамдықпен келе жатқан жүр­гізуші жаяу жүргіншілер жолағынан өтіп бара жатқан әйел мен оның 8 жасар ұлын қағып өткен. Соққының ауыр бол­ғаны соншалық, ана мен бала сол жерде тіл тартпай кеткен.

Ақпан айының алғашқы күні де Ақмола облысында бес бірдей адам жол апатынан қаза болды. Жеңіл автокөлік пен «КамАЗ»-дың соқтығысынан қа­за болғандардың екеуі кәмелеттік жас­қа толмаған жеткіншек болса, тағы екі бала ауыр жарақаттармен Нұр-Сұл­тан қаласындағы №2 ауруханаға жет­кізілген...

Соңы ауыр қайғымен аяқталған мұн­­дай деректерді тізбектей берсек, жа­ның түршігеді. Айдың-күннің аманында, ауырмай-сырқамай қыршыннан қиылған, мүгедек арбасына таңылған тағдырлардың тым жиілеп кеткені алаңдатады.

Жылдамдықты асыру мен жаяу жүр­гіншілердің жауапсыздығы. Жол­дағы апаттың жиілеуіне осы екі фактор қазіргі таңда қатты әсер етіп отыр. «Асы­ғыс түбі – қып-қызыл шоқ» еке­нін, өкінішке қарай, «темір тұлпар» тізгіндегендер тым кеш түсініп жатады. Әсіресе, желік­­кен жастар жылдамдатқанды жақ­­сы көреді. ІІМ Әкімшілік полиция коми­тетінің хабарлауынша, еліміз­де жыл сайын 6 млн-ға жуық жол қауіпсіздігі ере­жесін бұзу дерегі тір­келсе, соның 2 млн­-нан астамы жылдамдықты шамадан тыс асыруға қатысты екен.

Қолда бар деректерді сараптап қарасақ, жол апатының үш түрі – жаяу жүргіншілерді қағып кету, көліктің аударылуы мен жолдың қарсы бетіне шығу оқиғаларының көп екенін аңғаруға болады. Мәселен, 2020 жылы 600-ге жуық жаяу жүргінші жолда қаза болған. Әрбір бесінші жол-көлік апаты асыққан жүргізушінің жүгенсіздігінен елді мекендердің ішінде жасалады. Мәселен, өткен жылы 2 мың жол апаты болып, 18 мыңға жуық жолаушы түрлі жарақаттармен аурухана төсегіне таңылған. Осы қаралы сандарға қарап отырып, Мөңке бидің үш ғасыр бұрын айтып кеткен «Темірден болар көлігің, темірден болар өлімің» деген сөзі еріксіз ойға орала береді.

Әкімшілік полиция комитеті төраға­сының орынбасары Серік Түсіпов: «Қай­ғылы оқиғалардың көбеюіне жаяу жүргіншілердің жолдағы мәдениет­­­­сіздігі де теріс әсерін тигізіп отыр», дейді. Жол­ды кез келген жерден қиып өтіп, көлік ағыны көп көшеге жүгіріп шығу, бағдаршамға бағынбай, арғы бетке өтуге асығу – міне, арты орны толмас қайғыға ұласып жататын оқиғалардың астарында осындай бір қарағанда ұсақ-түйек болып көрінетін жауапсыздық жатыр. ІІМ өкілі елімізде болатын әрбір үшінші жол-көлік апатына жаяу жүргіншілердің қатысы барын айтады. Қара жолда қаза болғандардың әрбір төртіншісі – жаяу жолаушылар.

Жүз метр жерді жаяу жүруге ерініп, белгіленбеген жерден көшенің арғы бетіне өтуді әдетке айналдырғандарға әкім­шілік жаза күшейтілді. Мәселен, егер сіз көшенің кез келген жерінен кесіп өтсеңіз, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекстің 615-бабына сәйкес екі айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлейсіз. Ал егер осындай жауапсыз істі бір жылдың ішінде екінші рет қайталасаңыз, айыппұл 10 есеге артады. Үшінші рет жол ережесін өрескел бұзсаңыз, 20 АЕК мөлшерінде айыппұл арқалайсыз, яғни 60 мың теңгедей ақша­ңыздан қағыласыз немесе үш тәулікке әкім­шілік қамаққа алынасыз.

Мамандар автоматтандырылған бей­небақылау камераларының көбеюі жол-көлік апатының алдын алуға ай­тар­лық­тай оң әсер еткенін айтады. Өткен жылы ел көлемінде 3,5 мың­­ға жуық камера орнатылып, осы құ­рыл­ғылардың көмегімен 2,6 млн жол қозғалысы ережесін бұзу де­регі анықталған. Бұл елдегі әрбір екін­ші жол апатының ақ-қарасы авто­маттандырылған камералардың көме­гімен анықталады дегенді білдіреді. Та­ғы бір айта кетерлік жайт, «Сергек» се­кілді бақылау камераларының көбеюі жолдағы апаттылықты азайтып қана қоймай, жаяу жүргіншілерді де тәртіпке келтіре бастаған. Жол сақшыларының сөзімен айтсақ, бақылау камералары жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің тәртібін түзетуде тиімділігін дәлелдеп отыр.

Жол апатының тым жиілеп кетуіне кім кінәлі? Жүргізушінің жүгенсіздігі ме? Жолаушының жауапсыздығы ма? Әлде жолдың сапасыздығы түрткі шы­ғар... Мүмкін апаттың алдын алу іс-шара­лары тиімсіз болар...

Қалай десек те, қауіпсіздіктің ең бас­ты қағидаты – жолдағы жауапкершілікті естен шығармаған жөн. Себебі, тақтайдай жол да, төбеңнен төнген бақылау камералары да, тіпті, су жаңа «темір тұлпар» да адамның өз өмірі мен өзгенің тағдыры алдындағы жауапкершілігін арқалай алмайды. Жауапты – сізсіз һәм жолдағы әрқайсысымыз!