Бизнес • 09 Ақпан, 2021

Кәсіпкерлерге арналған жаңа мүмкіндіктер

168 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Алматыда жыл сайын ақпан айында өтетін «Digital Almaty 2021» форумы аясында Еуразиялық үкіметаралық кеңес (ЕҮАК) отырысы өтіп, оған Премьер-Министр Асқар Мамин қатысты. Үкімет басшысы Қазақстанның 2021 жылы ЕАЭО-ға төрағалық етуіне байланысты негізгі міндеттерді нақтылап, басымдықтар бойынша жұмысты күшейтуге шақырды.

Кәсіпкерлерге арналған жаңа мүмкіндіктер

Премьер-Министр Асқар Мамин Қазақстанның ЕАЭО-ға төрағалығы тұсында өнер­кә­сіптік кооперацияны дамытуға жа­ңа серпін беруге, өзара сау­да­дағы кедергілерді жоюға, транс­шекаралық көлік артериялары мен логистикалық хабтардың әлеуетін толыққанды пайдалануға ерекше назар аударылатынын атап өтті.

– Біздің міндетіміз – одаққа мүше елдердің бәсекелестік әлеуе­тін толық іске асыру, жаппай цифр­ландыру жұмыстарын күше­йту, жаңа жағдайларда эконо­микалық, өндірістік, сауда, инсти­туционалдық құрылымын жедел трансформациялау. Қазақ­стан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, біз ЕАЭО аясындағы өнеркәсіптік ынты­мақтастықтың негізгі бағыттарын толық қайта қарап, жаңартуымыз қажет, – деп атап өтті Премьер-Министр.

ЕЭК және ЕАЭО мүше ел­дер­дің экономикасын цифрлан­дыру жөніндегі жұмысты бірнеше есе күшейту мәселесі былтырғы фо­румның да маңызды тренді бол­ған. Осы ретте Үкімет бас­шысы Қазақстан ұсынып отыр­ған жұмыс бағыттары ЕАЭО ел­дерінің ортақ мүдделеріне толық сәйкес келетінін атап өтті. «Мен тараптарды Қазақстанның төр­ағалық ету кезіндегі бағдар­ламасын бірге іске асыруға ша­қы­рамын және елдеріміздің өндірістік әлеуетін арттыру және аза­мат­тарымыздың әл-ауқатын қамтамасыз ету жолындағы ортақ мақсаттарымызға бірлескен күш-жігермен жететінімізге сенемін», деді А.Мамин.

Пленарлық жиындар арасында форумға қатысушылар журналистермен онлайн байланысқа шығып, сұрақтарына жауап берді. ЕЭК өкілдері металл сынық­тары нарығын реттеу жөнін­дегі пікірлерімен бөлісті. Еура­зиялық экономикалық комис­сия алқасы төрағасының кө­мек­шісі Ия Малкина осы құнды ши­кі­заттың жоғалуына жол бермеу үшін мемлекет мүшелері өздеріне барлық қорғаныс шара­ларын қабылдауға шешім қабыл­дағанын айтты. Ресей Федера­циясы қазірдің өзінде осындай қадамдарға баруға дайын. Ия Мал­кинаның дерегінше, ЕАЭО-да тұтастай алғанда өңдеу өнер­кәсібі құрылымындағы метал­лур­гияның үлесі 2020 жылдың қаң­тар-қарашасында шамамен 27,8% болған. Ресей, Қазақстан және Беларуссия – металл сынықтары жиналатын және сатып алынатын ЕАЭО-дағы негізгі елдер.

– Біз қазір Ресейді Беларуське металл сынықтарын экспорттайтын ел деп айта аламыз. Ал Қа­зақ­стан Ресей Федерациясына экс­порттайды. Жалпы, қара және түс­ті сынықтардың айналымы мәсе­лесі әрқашан өзекті, – деді И.Мал­кина.

Ал Сауда және интеграция минис­трі Бақыт Сұлтановтың тү­сін­­діруінше, бүгінде ЕАЭО елде­рінің барлығы қара металл сынықтары мен қалдықтарының экспортын шектеудің түрлі шараларын қолға алған. «Мысалы, Беларуссияда сынықтарды экспорттау үшін Үкіметтің арнайы рұқсатын алу керек. Армения мен Қырғызстан металл сынықтарын жарты жылға шығаруға тыйым салды», дейді ол. Министрліктің мә­лі­меті бойынша, Мәскеу өз сы­нықтарын үшінші елдерге экс­порттауға тосқауыл қоя бастады: 31 қаңтардан бастап 180 күнге дейін сынықтарды экспорттауға экс­­порттық кедендік баждың жо­ға­ры­­латылған ставкасы іске қо­сыл­ды, бұл саланың экспорттық тар­­тым­дылығын төмендетуге тиіс.

Баспасөз мәслихатында пальма майын қолдануға байланысты да мәселе өрбіді. Сарапшылар Еу­ра­зиялық экономикалық одақ ел­дерінің тамақ өнеркәсібі кәсіп­орындары өнімде қолданылатын пальма майына қойылатын талаптарды қазірден бастап қатайту керектігін алға тартты. Бұл туралы сөз қозғаған алқа мүшесі, тех­никалық реттеу министрі Виктор Назаренко

– Мәселе – майдың түрінде емес, осы майларда қандай хи­мия­лық заттардың бар екенінде, әсіресе май қышқылдарының глицидил эфирлеріне қатысты. Сондықтан ЕАЭО-да осы химия­лық контаминанттардың құра­мын реттеу туралы түпкілікті ше­шім қабылданды. Қолға алын­ған алғашқы қадам – бірың­ғай санитарлық ережелерге еуро­палық талаптарға ұқсас талаптарды енгізу, – деді ол

ЕЭК министрі бүгінде май өнімдеріне арналған техникалық регламентке тиісті талаптарды енгізу бойынша белсенді жұ­мыс жүргізіліп жатқанын, жа­қында май өнімдеріне арналған тех­никалық регламентке өзге­рістер Жоғары Еуразиялық эконо­ми­калық кеңестің қарауына енгізі­летінін айтты.

Журналистер сондай-ақ ЕАЭО-ның бірыңғай валютасын енгізу жөніндегі жоспарын да нақтылады. Еуразиялық эко­номикалық комиссияның экономика және қаржы саясаты министрі Тимур Жақсылықов 2025 жылға дейінгі даму стратегиясында мұндай жоспар жоқ екенін бірден айтты.

– ЕАЭО аясындағы бірде-бір шартта, ЕАЭО аясындағы басқа да құжатта бірыңғай валюта енгізу туралы сөз жоқ, бұл туралы айтылмаған және мұндай жоспар да жоқ, талқыланған да емес, – деді ЕЭК министрі.

Баспасөз-конференциясында ЕАЭО-ның қазіргі жағдайы мен даму қарқыны жайы да айтылды. ЕЭК интеграция және мак­роэкономика министрі Сергей Глазьев: «Біз бұл жұмысты он жылдан астам уақыттан бері жүргізіп келе жатырмыз, бірінші кезеңде кедендік шекараларды алып тастағанда, біз бірден өзара сауданың қарқынды өсуіне қол жеткіздік деп айта аламын. Сауда екі жыл ішінде бір жарым есе өсті, өйткені кедендік шекарадан өтуге байланысты шығындарды алып тастау тауарларды жеткізуді ын­таландырды, әсіресе шекара ма­ңындағы сауда өсті», деп атап өтті.

Соңында Еуразиялық эко­но­микалық комиссия алқасының төрағасы Михаил Мясникович Еуразиялық үкіметаралық кеңес­тің отырысында елдеріміздің экономикасы үшін маңызды шешімдер қабылданғанын айтты. Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттеріндегі макро­эко­номикалық жағдай туралы есеп және тұрақты экономикалық дамуды қамтамасыз ету бойынша тиісті ұсыныстар мақұлданған. «Алдын ала мәліметтер бойынша 2020 жылдың соңына қарай ІЖӨ-нің аздап төмендеуі кү­тілуде. Ал қазіргі уақытта ол 3,9%-ды құрайды. Сонымен бір­ге комиссия жасаған болжам­дар 2021 жылдың сәтті болатындығын көрсетеді», дейді М.Мясникович.