Аймақтар • 09 Ақпан, 2021

Петропавлда экологиялық саябақ ашылады

544 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Петропавл қаласындағы Мещан орманында биыл елде теңдесі жоқ бірегей экологиялық парк салынады, деп хабарлайды Egemen.kz

Петропавлда экологиялық саябақ ашылады

Петропавлда Мещан орманында заманауи экологиялық саябақ салынбақ. Жобалау жұмыстары қаңтар айында басталды. Қазір жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр. Күн жылынысымен орманның ортасында құрылыс басталады.

Осылайша өңірде Мещан орманына қатысты мәселе шешімін таппақ. Өйткені көпшілік бұл орманның тағдырына алаңдаушылық білдірді. СҚО әкімі Құмар Ақсақалов өзінің әлеуметтік парақшасында ағаштардың енді кесілмейтінін жеткізді.

«2007 жылы коммерциялық тұрғын үй салу үшін Мещан орманынан жер учаскесі берілді. Біз кесуді тоқтатып, бұл жерді мемлекет меншігіне қайтардық. Биыл біз осы кесілген аумақта экологиялық парк құрылады. Ыңғайлы орындықтар қойылып, демалу бұрыштары жасалады. Спорт алаңдары мен жаттығу кешендері пайда болады. Кішкентай демалушыларға ойын алаңқайын жасаймыз. Велосипед жолақтары өтеді. Шағын архитектуралық формалар орнатылады. Жаңа экопарк спортшылардың, белсенді жастардың және табиғатты жақсы көретін адамдардың сүйікті демалыс орнына айналады», деп жазды Құмар Ақсақалов.

Заманауи үлгіде салынатын бұл саябақтың жобасын елордалық «SHATYR GROUP» ЖШС жасап жатыр. Саябақ 3 га аумақты алмақ.

«Заманауи экологиялық саябақ спортқа негізделген. Саябақта тренажерлер, воркауттар, балалар ойын алаңдары, жүгіру жолдары, футбол алаңы болады. Амфитеатр салынады, субұрқақтар қойылады. Негізгі жұмыстарды астаналық мамандар жүргізгенімен, жұмысқа жергілікті тұрғындар алынады», дейді «SHATYR GROUP» ЖШС жобалаушысы Әлібек Есдәулетов.

Өңір басшысы Құмар Ақсақалов болашақ саябақтың бейнежобасын жариялады.

Жалпы экологиялық саябақтың құрылысы жыл соңына дейін аяқталып, пайдалануға берілмек.