21 Сәуір, 2010

ЖЕТЕКШІ ПАРТИЯЛАР ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ

585 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
19 сәуірде Оренбург қаласында “Нұр Отан” халықтық-демо­кратиялық партия­сының шекара­лас филиалдары мен “Единая Россия” Жалпыресейлік саяси пар­тиясының Кеден одағы бой­ынша жұмыс мәселелеріне ар­нал­ған екінші аймақаралық форумы өтті. Оның жұмысына “Нұр Отан” партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин, Оренбург облысының губер­наторы Алексей Чернышев, “Единая Рос­сия” партиясы төрағасының орын­басары, Мемлекеттік Дума депу­таты Владимир Пехтин, Қазақстан Республикасы Пар­ламенті Мәжі­лі­сінің депутаттары, Ресей Федера­циясы Федералдық Жиналысы Мемлекеттік Думасының депутат­тары, “Нұр Отан” ХДП мен “Единая Россия” ЖСП аймақтық филиалдарының өкілдері қатысты. Қазақстан Республикасының Президенті, “Нұр Отан” партия­сы­ның Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саясаты Қазақ­стан­ның ТМД-дағы интеграциялық үдерістерге белсене араласуына ба­ғыт­талған. “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қа­зақстанның жаңа мүмкіндіктері” Жолдауында Елбасы: “...2010 жылдың 1 қаңтарынан күшіне ен­ген Беларусь және Ресеймен Кеден одағын құру – бұл қазақ­стандық барлық интеграциялық бастамалар­дың алды”, – деп атап өткен болатын. Форум Қазақстан, Ресей және Беларусь арасындағы Кеден ода­ғын нығайтуға арналған бірлескен жұмыстың қарқынды жалғасына айналды. Әсіресе, Қазақстан мен Ресейдің билеуші партияларының Кеден одағын дамытудағы рөліне баса назар аударылды. Сондай-ақ, Қазақстан мен Ресей азаматтарын Кеден одағының мақсаты мен мін­дет­тері туралы толықтай ақпарат­тан­дыруға, жаңа құрылым жұмы­сын табысты жүзеге асыру үшін қа­жет заңдар мен басқа да нор­мативтік актілерді үйлестіру үшін партияның Парламенттегі фракцияларының жұмысын рет­теу­ге, және де партиялар мен олар­­дың шекаралас филиал­дары­ның ынты­мақ­тастығын арттыруға ерекше көңіл бөлінді. Форумда Кеден одағына қаты­сушы елдердің интеграциялық бо­лашағы мен негізгі бағыттары, екі партияның шекаралас аймақтарда Одақ жұмысын жүзеге асыруда­ғы аймақтық құрылымдарының рөлі талқыға салынған бірқатар сес­сиялар жұмыс істеді. Форум нәтижесінде тиісті қа­рар қабыл­данды. Сонымен қатар, Нұрлан Нығматулин­нің екі жетекші партияның бірлескен іс-шаралары бағдарламасы аясында Владимир Пехтинмен кездесуі өтті. Кездесуде өткен жылы Санкт-Пе­тербургте қол қойылған Ын­ты­мақ­тас­тық туралы хаттаманың орын­да­луы жайлы әңгіме өрбіп, тарап­тар оның барлық баптарының жүзеге асырылып жатқанын атап көрсетті. “Егемен-ақпарат”.