Кеше ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Қырғыз Республикасына барып қайтты. Бұған дейін Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның ЕҚЫҰ-ның Қазіргі төрағасы ретінде өз әлеуетін Қырғызстанның бейбіт дамуына бағыттауға ұмтылатынын айтқан болатын.
Қырғызстан астанасы – Бішкектің “Манас” әуежайына келіп қонған ресми делегация өкілдерінің кортежі атбасын ЕҚЫҰ-ның осындағы офисіне қарай бұрды. Мұнда Іс басындағы төраға ЕҚЫҰ-ның офисі жұмысымен танысып, олардың әр түрлі бағдарламаларға қатысты есептерін тыңдады. Осы уақыт аралығындағы бос уақытымызды пайдаланып, біздер – бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері Қырғызстанның бұрынғы билігі отырған ғимараттың алдында орын алған қайғылы оқиға салдарымен жақын танысуға мүмкіндік алдық. Мұнда, яғни алаңның әр бұрышындағы қан төгілген жерлерге гүл шоқтары тасталыпты. Ал қоршаудың оң жақ бұрышына шейіт болғандардың суреттері ілінген. Суреттерге қарап отырып, мергендердің оғынан құрбан болғандардың дені жастар екеніне көз жеткізесің. Қала тұрғындары мен сырттан келгендер құрбан болғандардың рухына тағзым етіп, құран бағыштап жатыр. Гүл шоқтарын қоюшылардың қатары да айтарлықтай. Мәрмәр тастан жасалған ескерткіш тақтаға “Қырғыз елінің еркіндігі мен жаңа тағдыры үшін құрбан болған азаматтарға мәңгі естелік. 7.04.2010 ж.” деп жазылыпты. Көшенің қарсы бетіндегі ғимарат тіреулеріне бұрынғы президент Қ.Бакиевтің атына қара бояумен жазылған сөздердің өшіріліп жатқанының куәсі болдық.
Айтпақшы, сапардан қайтар тұста еліміз сыртқы саясат ведомствосы баспасөз қызметінің басшысы Ілияс Омаров Бішкекке жақын маңдағы Маевка елді мекенінде тағы бір қазақстандықтың қаза тапқанын хабарлады. Қаза болған бес адамның санатындағы әлгі азамат 1970 жылы туған Қартан Карибов көрінеді. Ол ми сауытының жарақатынан көз жұмыпты. Жалпы, тарап жатқан ақпараттарға жүгінсек, қаланың әр шетінде митинг өткізушілер уақытша үкіметке жер телімдерін беру туралы талап қойып келеді екен. Өйткені, халқының 70 пайызы ауылдық жерлерде тұратын қырғызстандықтар үшін қаржы тапшылығы олардың қалыпты өмір сүруіне мүмкіндік бермеуде. Қалаға ағылған олар нәпақасын айыру үшін қазіргі билікке әр түрлі талаптар қоя бастаған.
ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Қырғыз Республикасы уақытша үкіметінің басшысы Роза Отынбаевамен осы елдің Сыртқы істер министрлігі қабырғасында кездесті. Бетпе-бет әңгіме барысында Қырғызстандағы орын алған оқиғалардың барысы және одан шығудың жолдары талқыланды. Р.Отынбаева Қырғызстанның бұрынғы президенті Қ.Бакиевтің елден кетіп, жағдайдың қалыпқа түсуіне қолұшын берген Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың атына ризашылығын білдіре келіп, жағдайдың әлі де тұрақты емес екендігімен бөлісті. Әсіресе оның ушығуына тақтан тайдырылған Бакиевтің жақтастары мен туыстары себепкер болып отыр, деді ол.
Бұдан кейінгі кездесу кеңейтілген құрамда өтіп, оған уақытша үкімет мүшелері мен делегация өкілдері де қатысты. Отырыс барысында Қырғызстандағы ішкі жағдай жан-жақты әңгіме өзегіне айналды. Келген мәртебелі делегацияға өңірлердегі орын алған жағдай туралы осы елдің ұлттық қауіпсіздігі мемлекеттік қызметінің басшысы міндетін атқарушы Кенеш Душебаев жан-жақты мәлім етті. Қаржы министрінің міндетін атқарушы Темір Сариев болса, халықаралық қаржы институттарымен қарым-қатынастар қалай жүзеге асып жатқандығына тоқталды. Ал уақытша үкімет басшысының орынбасары Өмірбек Текебаев алдағы өткізілуі жоспарланып отырған референдумға дайындық барысы туралы айтып берді.
Осы ретте Қанат Бекмырзаұлы ЕҚЫҰ өзінде бар барлық мүмкіндіктер мен тәжірибелерді қолдана отырып, орын алған оқиғадан кейінгі жағдайды тұрақтандыруға күш салатынын атап көрсетті. Әсіресе, көршілес жатқан Қазақстан гуманитарлық көмек қолын созуға дайын. Қазіргі таңда еліміз айтылған көмектің мөлшерін анықтап, өз мүмкіндіктерін саралауда. Мұндай мақсаттағы сапармен Қазақстанға Қырғыз Республикасы уақытша үкіметі премьерінің бірінші орынбасары Алмазбек Атамбаевтың арнайы келгені белгілі. Әңгіме кезінде ол көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге қажетті жанар-жағармай жеткізу, шекараны бұрынғы қалпына келтіру және мигранттардың еркін қозғалуы туралы мәселелерді көтерген болатын. Бұл мәселелердің оң шешімін табуына қырғыз тарабы ерекше мүдделілік танытып отыр. Өйткені, кездесулер кезінде осы мәселелер жиі көтерілді.
ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы Қ.Саудабаевтың азаматтық қоғам мүшелерімен және таратылған парламент өкілдерімен кездесулерінде аталған мәселелер бірнеше дүркін айтылып қалып жатты. Мұндағы келтірілген мәліметтерге қарап, жағдайдың әлі де тұрақтана қоймағандығына көз жеткізесің. Үкіметтік емес ұйымдар өкілдері уақытша үкіметтің жұмысын құқықтық арнаға бұру қажеттігін айтса, бұрынғы парламентшілер өздерінің қазіргі үкіметтің жұмысын заңдастыруға бола ма деген ойларымен бөлісті.
Этносаралық және өңіраралық шиеленістердің арта түсуі жағдайды түбірімен ушықтырып отыр. Осыған байланысты партия басшыларының пікірі де әр алуан. Мысалы, “Ар-намыш” партиясының жетекшісі Феликс Кулов орын алып жатқан бассыздықтарды тоқтату үшін қару қолдану қажеттігін алға тартса, “Ақ шұңқар” партиясының көшбасшысы, уақытша үкімет төрайымының орынбасары, қаржы министрі міндетін атқарушы Темір Сариев барынша шыдамдылық таныту қажет, дейді. Оның сөзіне қарағанда, бұрынғы билік әдейі өзінің адамдары арқылы қарсылық акциясына шыққандарға қарулар үлестірген. Сондай-ақ бұрынғы Үкімет үйінің жертөлесінде көп мөлшерде әр түрлі қару-жарақ түрлері қалдырылған. Қазір бұл қарулардың барлығы қолда жүр. Олардың ертең атылмасына ешкім кепілдік бере алмайды. Сондықтан үшінші сектор мүшелері Косоводағы сияқты халықаралық қоғамдастық тарапынан арнайы сараптамалық шешімдердің болғаны жөн деп санайды. Өйткені, тұрғындарды қорғауы тиіс құқық қорғау органдары қызметкерлерінің өзі қазіргі кезде уақытша үкіметтен арнайы өкілеттік беруді немесе шабуылдаушылардан қорғануды сұрап отыр. Өңірлердегі жағдай әлі де ушыққан күйінде қалуда. Бішкектің түбінен жер даулаған азаматтар кейбір арандатушылардың жетегіне еріп кететіні де айтылмай қалмады. Бұндай келеңсіздікті Бакиев жақтастары әдейі қолдан жасауда, деп санайды уақытша үкімет мүшелері. Осы ретте Ф.Кулов қазір уақытша үкіметтің жұмысын заңдастыру керектігін алға тартты және Қ.Бакиевтің қолы қойылған арызына күмәнмен қарайтындардың көптеп табылып жатқанына қынжылыс білдірді. Ол өз кезегінде ЕҚЫҰ арқылы бұрынғы президенттің елден кешірім сұрап, өзінің арыз жазғандығын мәлімдеуі қажеттігін алға тартты. Сондай-ақ Қанат Саудабаев өзінің әріптесі, уақытша үкіметтің сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы Руслан Қазақбаевпен кездесті. Екеуара әңгіме барысында екі ел арасындағы қарым-қатынастар барысы сөз болды. Сонымен қатар, ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік қызметінің басшысы міндетін атқарушы К.Душенбаевпен де кездесу өтіп, онда елдегі қауіпсіздік барысы әңгіме өзегіне айналды.
Сапар соңында ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қ.Саудабаев отандық, шетелдік және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арнап баспасөз мәслихатын өткізіп, Қырғызстандағы барлық саяси партияларды елдің тұрақтылығын қамтамасыз етуге, өткір тұрған әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешуге шақырды. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың, АҚШ Президенті Барак Обаманың, Ресей Президенті Дмитрий Медведевтің бірлескен күшінің, ЕҚЫҰ, БҰҰ және ЕО-ның араағайындық қызметінің арқасында Қ.Бакиевтың елден кеткені де ерекше аталды. Соның нәтижесінде болуы ықтимал азамат соғысына жол берілмеді.
Қорыта келгенде, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Қырғызстандағы саяси дағдарыстан шығуға, оның демократиялық бағытпен дамуына ықпал жасамақ. Мұндай ықпал Қазақстан тарапынан да жасалатыны белгілі болып отыр. Ендігі мәселе – уақытша билік жұмысын заңдық арнаға түсіріп, елдің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешу. Егер оған қырғыз ағайындардың өзі қолұшын бермесе, ынтымақ танытпаса, онда мәселе де оң шешілмейтіні анық.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, – Бішкектен.