Инвестор: «жоба тиісті келісім мен берілген ақпарат негізінде дайындалды»
Алғашында инвесторлар бұл жобаны Жабайұшқан қаумалының аумағындағы Бозжыра шатқалының маңында жүзеге асыруды көздеген еді. Алайда осы мәселе қоғамда резонанс тудырып, Мемлекет басшысы Үкіметке инвестициялық жобаны қайта қарауға тапсырма берді. Осыған байланысты Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен Мәдениет және спорт министрлігі бірлесіп, табиғат қорғаушылары, экология саласының сарапшылары, қоғам белсенділері және жергілікті халықтың қатысуымен бірнеше кездесу өткізді. Соның қорытындысына сәйкес, қонақүйдің құрылысын Жабайұшқан қаумалынан тыс жерге ауыстыру туралы шешім қабылданды. Жуырда өткен қоғамдық тыңдауда инвесторлар жобаның эскиздік нұсқаларын ұсынып, оның қоршаған ортаға әсерін бағалауға қатысты нәтижелерін жеткізді.
«Бұл жобаға байланысты жұмыс тиісті келісім мен берілген ақпараттың негізінде дайындалды. Қолданыстағы жолдың маңынан жаңа өтпелі жолдар қарастырылмақ. Нәтижесінде, жолдағы көлік ағыны бір жерге шоғырландырылып, ұйымдастырылады. Біздің мақсатымыз – ұйымдасқан туризмді дамыту», деді инвестициялық жобаның экологиялық мәселелер жөніндегі жобалаушысы Елена Иванова.
Ресми ақпаратқа сүйенсек, инвестициялық жобаның құны – 38,6 млрд теңге. Құрылыстың аумағы – 28,1 гектар. Осыған сәйкес, сапар орталығын (0,5 гектар), «стандарт» және «люкс» санатындағы 50 нөмірлі қонақүй кешенін (25,4 гектар), сондай-ақ мейрамхана, бассейн және іскерлік кездесулерге арналған орындар салу жоспарлануда. Бұған қоса тікұшақ қонатын алаң да қарастырылмақ. Тиісті инфрақұрылымды тартуда инвестор «жасыл» технологияларға басымдық беретінін алға тартып отыр. Бұл туристік кешеннің жобасын Tethys Аktau IV компаниясының тапсырысымен Sembol Safari Construction ЖШС дайындаған. Ең бастысы, салынатын нысан Бозжыраның ажарына айналған бірегей рельефті таулардан 3,4 және 3,7 шақырым қашықтықта орналасады деді жоба авторлары.
Жабайы туризмді тоқтатады
«Қызылсай» табиғи паркі 2012 жылы ашылып, сол кезде көпшілік Бозжыра шатқалы туралы біле бастады. Қазір туристердің ағыны қарқынды түрде өсіп келеді. Инспекторлық қызметіме кіріскен соң, жануарлар туралы зерттей бастадым. Ыстық күндері дала жануарлары бізден қорықпай, қасымызға келіп, су ішіп кетеді. Тіпті қазір қызметкерлеріміз жануарларға жақындап, суретке түсіре алады. Демек, аңдарды қорқытпасаңыз, адамдардың қасында жүреді. Туристердің Бозжыраға жол талғамайтын көліктермен ретсіз келуі салдарынан аумақтағы топырақтың жамылғысы нашарлай түсті. Көбінесе көліктер бір қатармен қозғалатындықтан олардың соңынан көтерілетін шаң өсімдіктерге қонып, оның кесірі жануарлардың популяциясына тиеді. Мәселен, дала кеміргіштерінің көбеюіне кері әсері байқалуда. Есептеуіміз бойынша жол талғамайтын көліктердің ағынына байланысты жасанды 7 жол пайда болып, шамамен 750 гектардай жер бүлінді. Бұл тек соңғы үш жылда орын алған жағдай», деді «Қызылсай» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің басшысы Омар Сарсенғазиев.
200-ден астам жұмыс орны ашылады
Мүдделі топтың айтуынша, жобаның әлеуметтік тұрғыда маңызы зор. Неге десеңіз, оның жүзеге асырылуымен 200-ден астам жергілікті халық жұмыс орындарымен қамтылады деп көзделсе керек. Сол себепті Қарақия ауданының тұрғындарының арасында бұл бастаманы қолдайтындар да бар.
«Мен Құрық ауылының тұрғынымын. Ауылдағы барлық жастардың атынан Бозжырадағы туристік нысанның құрылысын қолдайтынымызды айтқым келеді. Бұл жоба жұмыс іздеп жүрген жастарға берілген мүмкіндік. Олар үшін бұл үлкен қолдау. Егер аталған орталық іске қосылса, ауданымызды дамытуға жол ашылады», деді аудан тұрғыны Серік Жақсылықов.
Осындай мазмұндағы пікірді ауданның кейбір аға буын өкілдері де қуаттап, аталған жоба өңірдің өркендеуіне үлес қосатынына сенім білдірді.
Қоршаған ортаға бағалау нашар дайындалған
Десек те жекелеген қоғам белсенділері мен экологтер құрылыс нысанына қатысты Қоршаған ортаға әсерді бағалау әлсіз дайындалғанын, сол секілді оның заманауи экологиялық талаптарға сәйкес келмейтінін айтады.
«Жобада Қоршаған ортаға әсерді бағалау көрсетілген, яғни бұл жобаның екінші кезеңі. Алайда мұнда пайдаланылатын су көлемі көрсетілмеген. Өйткені бассейннің құрылысы қарастырылғанын ескерсек, оның едәуір су көлемін қажет ететіні белгілі. Сондай-ақ кәріз-тазарту құрылымы салынғаннан кейін судың қайда ағызылатыны көрсетілмеген. Сол секілді тікұшақ қонатын алаң қарастырылады деп айтылды. Бірақ та тікұшақтың дыбысы қандай болатыны, сондай-ақ оның қоршаған ортаға әсері ескерусіз қалған», деді эколог Лаура Маликова.
Сарапшылар рекреациялы жүктемеге де тиісті есеп жүргізілмегенін жеткізді. Мәселен, аталған аумаққа бір мезетте 100-ден астам адам келгенде, шатқалдың бұған қаншалықты шыдас берері айтылмаған. Бұдан бөлек, кәріз жүйелеріндегі жағымсыз иіске байланысты санитарлық тәуекелдер назардан тыс қалғаны экологтерді алаңдатып отыр. Белсенділердің пікіріне жүгінсек, жоғарыдағы Қоршаған ортаға әсерді бағалауда инфрақұрылымдық коммуникацияның әсері, атап айтқанда электр және су жүйелерінің, автокөлік жолдары мен желілік инфрақұрылымның оң және теріс ықпалы ескерілмеген.
Туристерге 5 жұлдызды қонақүйдің қажеті жоқ
Жергілікті табиғи қорық өкілдері құрылыс жұмыстары мыңжылдық тарихты қамтитын палеонтологиялық ескерткіштерге зақым тигізбей ме деп алаңдайды. Қорықшылардың айтуынша, шетелдік туристер тұмса табиғатымен көз тартатын бұл аумаққа қонақүй болмаса да келе береді. Айталық, жыл сайын алыс-жақын елдерден Маңғыстау өңіріне ағылатын саяхатшылар инспекторлардың ескі көліктеріне отырып, сайын даланы аралауды дағдыға айналдырған. Тіпті далаға түнеуді қорықшылардан да жетік меңгеріп алған сынды. Сондықтан да шетелдік туристердің жалғыз тілегі – адам аяғы жиі баса бермейтін табиғаты тылсым жерлерді қаз қалпында сақтау.
Қоршаған ортаға әсерді бағалау нәтижесін Қазақстанның биоалуандылықты сақтау қауымдастығы да құптамайтындарын жеткізді. Ұйымның атқарушы директорының орынбасары, биология ғылымдарының кандидаты Сергей Скляренконың айтуынша, шартты қонақүйдің орны Бозжыра шатқалынан ат шаптырым жерде орналасқандықтан экологиялық бағалау жұмыстары тиісті деңгейде қаралмаған. Оның үстіне бағалау құжатында ескірген мәліметтер қамтылыпты.
«Маңғыстау облысының Қарақия ауданындағы қонақүй кешені» жобасына байланысты Қоршаған ортаға әсерді бағалау жұмысы ұқыпсыз, сапасыз, ескірген деректердің негізінде нақты дәлелсіз, сондай-ақ көптеген орфографиялық қателіктермен орындалған. Бірде-бір балама нұсқа қарастырылмаған. Бұл «Қоршаған ортаға әсерді бағалауды жүргізу жөніндегі нұсқаулық» пен Экологиялық кодекстің талабына сәйкес келмейді. Ұсынылған «Қоршаған ортаға әсерді бағалау» бөлігі толығымен қабылданбауы керек. Қонақүйді орналастырудың балама нұсқалары қарастырылуы тиіс. Атап айтқанда, бірде-бір нысан Бозжыра шатқалының нүктелерінен көрінбеуі, көзге түспеуі тиіс. Ал коммуникациялық желілер сирек кездесетін және бағалы жануарлардың жүріп тұруына әсерін тигізбеу қажет. Балама нұсқаларға тоқталсақ, жұмыс жобасын әзірлемес бұрын оны қоғам өкілдерімен талқылап, облыстық туристік инфрақұрылымды дамытудың перспективалық стратегиясы бекітілуі тиіс. Соның негізінде инвесторларға учаскелер бөліну қажет», деді С.Скляренко.
Еліміздегі экологиялық мәселе халықаралық қауымдастықтың да назарын аударғаны байқалады. Нақты айтсақ, америкалық журналист, National Geographic ғылыми қоғамының мүшесі Пол Салопек Бозжырадағы құрылысты қазақ халқына қарсы жасалған қылмыс деп бағалады.