Руханият • 10 Ақпан, 2021

Архив – рухани жаңғырудың бастауы

1627 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Биыл Алматыдағы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі «Орталық мемлекеттік архив» РММ-не 100 жыл толып отыр. Осы орайда архив директоры Арнұр Қарымсақовпен сұхбаттасқан едік.

Архив – рухани жаңғырудың бастауы

– Арнұр Жасабекұлы, 2020 жылы Үкіметтің қаулысымен мерекелік күндер күнтізбесіне «22 желтоқсан Архившілер күні» болып енді. Бұл демек, архив саласына ерекше көңіл бөліне бастағанның белгісі ғой?

– Әрине. Бұл еліміздің архивистері үшін қуанышты жаңалық болды. 22 желтоқсанның «Архившілер күні» ретінде таңдап алынуы бекер емес. Өйткені 1998 жылы дәл осы күні елімізде тұңғыш рет Ұлттық архив қоры жайлы Заң қабылданған болатын. Осылайша кәсіби мерекеміздің белгіленуі архивист мамандардың мерейін өсіре түсті. Өйткені архив – бұл тарихтың қайнар бұлағы. Ал, архив қызметкерлері – тарихымыздың тамыры, құнды құжаттардың шын жанашырлары. Жүз мыңдаған, тіпті миллиондаған ақпараттық қазынамен жұмыс істейтін архив мамандары ел мүддесі үшін аянбай еңбек етіп келеді. Ал қазіргі жаһандану заманында мәселе ақпараттың көлеміне емес, онымен жұмыс істей білудің, өңдеудің, сақтаудың жолдарын қарастыруға келіп тіреледі. Сол себепті қазіргі архив қызметкерлеріне жаңа технологияларды меңгеру басты міндет болып отыр. Жақында ғана Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшелері тарихи маңызды қолжазбалардың, сирек басылымдар мен кітаптардың көшірмелерін іздеу мен сатып алуды қаржыландырудың маңыздылығын, мәдениет саласы, оның ішінде архив қызметкерлерінің жалақысын көтеру мәселесін қарастыруды және сирек кітаптар мен қолжазбалар сақталатын Ұлттық орталық құруды ұсынған болатын. Бұған дейін Елбасы Н.Ә.Назарбаев ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын барлық отандық және шетелдік архивтер дүниесіне  іргелі зерттеулер жүргізу үшін «Архив – 2025» жеті жылдық бағдарламасын жасауды өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында айтқан болатын. Осыдан кейін біз де өз тарапымыздан құжаттарды электронды тізімге енгізу, іздестіру жүйесінің дұрыс қалыптасуы, көне жазбаларды санитарлық нормаларға сай сақтау, түпнұсқаларды келешек ұрпаққа жеткізу бағыттары бойынша бірқатар ұсыныстарымызды архив қызметкерлерімен бірлесе отырып дайындап, «Архив – 2025» бағдарламасы бойынша бес жылдық жұмыс жоспарын түзіп шыққан болатынбыз. Қазір сол бағыттар бойынша барлық отандық архивтер жұмыс істеп жатыр. Архив қызметін ақылы ету де күн тәртібіндегі мәселе болып отыр. Бұл шетелдік архивтерде бар тәжірибе. Ақылы қызмет қосылса, отандық архивтер мемлекетке қол жайып қарап отырмай, аз да болса өз күнін өзі көруге жағдай туар еді. Түскен қаржыдан сканерлер, фотореставрациялық аппараттар, дезинфекция, дезинсекция жұмыстарына арналған құрылғылар алынып, цифрландыруға қажетті архивтің материалдық базасы кеңейе түсер еді. Осының бәрі архив саласына көңіл бөліне бастағанның алғашқы қадамдары десек те болады. Тағы бір қуанышты жаңалықпен бөлісер болсам, Қазақстан архивистерінің жоғары біліктілігі мен архив саласының дамуына айрықша үлес қосқанына арналған «Архив саласының үздігі» төсбелгісінің авторы ретінде эскизды жобасын жасап, Мәдениет және спорт министрлігіне ұсындым. Қазір министрлік тарапынан бұл төсбелгі арнайы қаулымен бекітілді. Енді «Архив саласының үздігі» медалі республика көлемінде биылдан бастап архив саласының қызметкерлеріне беріледі деп отырмыз. Сондай-ақ, архивтің 100 жылдық мерейтойы қарсаңында Орталық мемлекеттік архивке «Қазақстан Республикасының Ұлттық тарихи архиві» деген атау берілсе деген ойды айттым. Жалпы Мемлекет тарапынан архив саласына осындай деңгейде жеткілікті түрде көңіл бөлінбесе, сала мамандарының жалақысы аз болса, ертеңгі күні архив саласына қызығушылығы бар мамандарды да таппай қалуымыз әбден мүмкін.

– 100 жылдығы атап өтілетін Орталық мемлекеттік архивтегі ең үлкен өзгеріс қандай? Мерейтойға дейін қандай жұмыстар атқарылды?

– Тарихы өткен ғасырдың 1921 жылынан басталатын архивтің мерейтойы қарсаңындағы қауырт жұмыс 2019 жылдың жаз айларынан бастап толассыз жүргізілді. Бұл жұмыстардың нәтижесін архив қалашығындағы үлкен өзгеріс деп атауға болады. Енді осы жұмыстарды жүйелеп атап өтетін болсам, бұл: алты айға созылған ағымдағы күрделі жөндеу жұмыстары, архив қалашығының ауласын қалпына келтірілуі, құнды құжаттар сақталған қоймалардағы өрт қауіпсіздік техникаларының жаңартылуы және ғылыми-танымдық жұмыстар. Жалпы,  Орталық мемлекеттік архив қалашығы – үш бірдей республикалық маңызы бар архивтің құжат қоймаларының басын біріктірген тарихи ғимарат. Оларды атап өтетін болсақ, «Орталық мемлекеттік ғылыми-техникалық құжаттама архиві» және «Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалары архиві». Осы үш архив орналасқан архив қалашығына тұтастай кешенді түрде жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жеке кәсіпкерлердің қолдауымен архив ауласына жеміс ағаштары, шыршалар егілді. Бұл жұмыстардан кейін архивке өң кірді десем, артық айтқандық емес.  

Ал архивтің ішкі мазмұнына келсек, барлығы қоймалардың орналасуы жаңаланып, тазалық жұмыстары жүргізіліп, стандарттарға сай дайындалды. Архив қоймаларындағы ағаш стеллаждардың жаңа темір стеллаждарға ауыстырылуы және басқа да техникалық жаңарулар – архив ғимаратының талаптарға сай өзгерістерінің көрінісі. Жалпы архив қоймаларын жаңарту әлі де біраз уақытты әрі қомақты қаржыны талап етеді. Өздеріңіз білесіздер, әлемді жайлаған індет кезінде ел азаматтарына денсаулыққа көңіл бөліп, спортпен шұғылдануы керек деген кеңес берілді. Ал енді архив қызметкерлері бір орында ұзақ отырып, шаң басқан архив құжаттарымен жұмыс істейтіндіктен, әсіресе реставратор мамандардың денсаулығын ескеріп, бір уақыт спортпен айналысуына мүмкіндік жасау үшін архивтің жертөлесінен шағын спорт залын аштық. Қазір архивист мамандар оның игілігін көріп отыр. 1961 жылы іргесі қаланған архив ғимараты Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімінің 35-ші тізбегіне енуіне байланысты арнайы белгісі бар ескерткіш тақта орнатылды. Осының бәрін мерейтой алдындағы үлкен өзгерістер деп атауға болады.

щ

– Өзіңіз жаңа айтып өттіңіз, Орталық мемлекеттік архив республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енді деп. Жалпы архив мемлекет тарапынан ерекше қорғауда болуы тиіс нысан ғой? Өйткені тарихымызға қатысты қаншама құнды құжаттар сонда сақталады...

– Дұрыс айтасыз. Сол себепті алғашқылардың бірі болып ҚР Ішкі Істер министрлігі Алматы қаласының мамандандырылған күзет қызметі басқармасы мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері күзететін қызметке қол жеткіздік. Архив қоймаларында сақталатын құжаттарға қойылатын талаптар бойынша, күнделікті температуралық, санитарлық режимнің шарттары сақталып, қызметкерлердің бұл талаптарды сақтауы қатаң қадағаланады. Құжаттар қоймасына кіріп-шығудың өз нұсқаулығы бар. Қоймаларымыз арнайы газбен өшірілетін құралдармен жабдықталған. Өрт қауіпсіздігі ережелері мен талаптарын орындау, өрттің алдын алу және жою мақсатында жоспарлы түрде тексеру жұмыстарын Алматы қаласы ТЖД «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесінің №13 өрт сөндіру бекетінің қызметкерлері кезең-кезеңімен жүргізіп отырады. Сонымен қатар файлдағы құжаттардың өшіп кетпеуі үшін серверлеріміздің де сенімді болуын қадағалап отырамыз.

– Коронавирустық індет кезінде бәріміз қашықтан жұмыс істеп үйренуге, онлайн форматқа ауысып кеттік? Осындай жағдайға архив қызметі дайын болды ма?

– Өздеріңіз білетіндей, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында ғасырлар қойнауынан жеткен баға жетпес архив қорын, тарихи мұраларды, түпнұсқа құжаттарды кейінгі ұрпаққа сыны мен сырын бұзбай жеткізуге зор мүмкіндік туып отыр. Жалпы алғанда, құжаттық дереккөздердің толыққанды кешенін сақтау және оларды жан-жақты пайдалану барысында сандық жүйенің рөлі жоғары. Оның нәтижесінде көптеген сирек қолжазбаларды ұзақ уақыт сақтауға әрі өткен замандардан қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын отандық және шетелдік архивтер дүниесіне ілгері зерттеулер жүргізуге есіктер айқара ашылады. Оның үстіне әлемді жайлаған індет кезінде онлайн, цифрлық, электрондық форматтың қаншалықты маңызды екені айқын көрінді.  Бүгінгі таңда елімізде электронды архив құрып, соны іске қосу мәселесі оңтайлы шешіліп келе жатыр. Әлде де дамыған елдердің тәжірибелерін зерттеу, жан-жақты іздену  жұмыстары жүріп жатыр. Бұл асығыстықпен жасалатын дүние емес. Біздің архивтің өзіндегі 1,5 миллионнан астам құжатты сандық форматқа көшіру ұзақ уақытты талап етеді. Ол 1-2 жылда жасала салатын оңай дүние емес. Ғалымдардың көбіне көңіл бөліп жатқан зерттеу тақырыбына қажетті қорларды өз күшімізбен цифрландыруға ден қойып отырмыз. Қазіргі заманауи техниканың жетіспеуі жұмыстың ілгерілеуіне қол байлау болып отыр. Десе де, отандық архивтердегі жаңашылдыққа елімізге АҚШ-тан, Ресейден, Түркиядан, Оңтүстік Кореядан келген белгілі мамандар, ғалымдар өздерінің оң бағасын беріп отыр. Бір ғажабы бізге келуші зерттеушілер, ізденушілер, тарихшылар электронды архивтің мүмкіндігін пайдалана отырып, уақыттарын тиімді өткізеді. Бұрынғыдай бірнеше күн құжат күту, болмаса бірнеше күн іздеп жүру жоқ. Айта кететін тағы бір дүние, елімізде «Ақпаратты Қазақстан – 2020» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, «Құжаттардың бірыңғай электрондық архиві» ақпараттық жүйесі құрылып, архив қорларындағы құжаттарды цифрлау жұмысы кезең-кезеңімен жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. «Е-архив» жобасы бойынша да министрлік тарапынан қолдау көрсетілуде. Оған еліміздің IT мамандары еңбектеніп жатыр.

7

– Орталық мемлекеттік архивке ғалымдар мен зерттеушілердің дені көбіне қай елден келеді? Отандық архивтер жалпы шетелдік зерттеушілердің қызығушылығын оята алды ма?

– Өте жақсы сұрақ. Бүгінде отандық ғалымдармен қатар, АҚШ, Германия, Ұлыбритания, Жапония, Венгрия, Италия, Австрия, Ресей, Оңтүстік Корея, Түркия, Қырғызстан және басқа елдерден келген зерттеушілердің біздің архивке қызығушылығы өте зор. Архивіміздің ұлттық негізде өң берілген оқу залы мен қатар кітапханасының, коваркингтің, тұрақты жұмыс жасайтын көрме залының заманауи сипатта ұлттық нақышта безендірілуі зерттеушілерге ізденіске ғана емес, сергектік жағдайларына да кең тыныс береді.

– Орталық мемлекеттік архив қорын толықтыру жұмыстары қалай жүргізілуде? Қазақ тарихына қатысты шетелдерден әкелінген құжаттар бар ма? Қандай ғылыми жарияланымдар жарыққа шықты?

– Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Архив – 2025» бағдарламасы аясында Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының, Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының ғалымдарымен бірлесе отырып, Орталық мемлекеттік архив тарапынан 7 архивист маманымыз 2019 жылы арнайы іссапармен Ресейдің бірқатар архивтеріне барып, атап айтқанда Мәскеу, Санкт-Петербург, Орынбор, Омбы қаласының архивтерінен қазақ тарихына қатысты құжаттарды айқындап, бір ай көлемінде тынымсыз ізденіп, көшірмелерін жинақтап әкелді. Осындай ауқымды жұмыстардың қорытындысы ретінде 2019 жылы «Национально-освободительное движение казахского народа в конце XVIII – начале XX веков», «Национально-освободительное движение казахского народа в конце XIX – начале XX вв.»  атты архив құжаттарынан тұратын кітаптарды қалың оқырман қауым назарына ұсындық. Қарапайым ауыл мұғалімінен Қазақ КСР Орталық Атқару Комитетінің төрағасы қызметіне дейін жоғарылаған нар тұлға – Ұзақбай Құлымбетов туралы кітапты Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының және жеке кәсіпкерлердің қолдауымен жарыққа шығардық. «Путеводитель по фондам Центарльного государственного архива республики казахстан. Досоветский период», «ҚР Орталық мемлекеттік архивінің жеке тектік қорлары бойынша жөнсілтемесі» (1959-2009) қайта өңделіп басылды. Мәселен, өзара екіжақты меморандум негізінде Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Қабылдинов институт тарапынан шетел архивтерінен жинақталған 33307 парақ құжаттарды Орталық мемлекеттік архив қорына тапсырды. Омбы облысының тарихи архивінен 3500-ден астам парақ құжат әкелінді. Биыл Санкт-Петербург қаласында орналасқан Ресейдің мемлекеттік тарихи архивінен 2004 парақ құжатпен архив қоры толықтырылды. Сонымен қатар 2019-2020 жылдың аралығында Ресей астанасы Мәскеу қаласындағы К.Г. Паустовский мұражайы мен «Омбы облысының тарихи архивімен, ынтымақтастық және мәдени алмасу мақсатында меморандумдар жасалды. Меморандум аясында осы бағыттағы жұмыстар әрі қарай жалғасын табатын болады.

– Архивист мамандар жеткілікті ме?

– Архивист мамандар жеткілікті. Тек, нағыз реставратор мамандар жоқтың қасы. Білікті, сапалы кадр даярлау мәселесі қай кезде де басымдық беретін бағыттардың бірі болып қала беретіні анық. Өйткені бәсекеге қабілетті болу дегеніміздің өзі – әрдайым адамның өз-өзін жетілдіріп отыруы, еңбек нарығында сұранысқа ие болуы.  Қызметкерлеріміздің көбі өз елімізде оқып, жоғары білім алып соңғы үлгідегі  техникалармен жұмыс істеуді меңгерген мамандар. Оның үстіне архив қызметкерлері алыс-жақын шетелдердің архивтерінде  қызметтік тәжірибеден өтіп, дәстүрге айнала бастаған заманауи форматтағы кәсіби білім алатын ТМД елдерінің архив ісі мамандарына арналып ұйымдастырылатын «Жас архившілердің жазғы мектебіне» қатысып, өзімізге жақын орналасқан Ұлттық кітапхананың базасында ұйымдастырылатын «Жазба құжаттарды консервациялау және қалпына келтіру мектебіне» барып, алыс-жақын шетелдерде тағылымдамадан өтіп өз кәсібилігін арттырып отырады. Қызметкерлеріміз өз біліктіліктерін арттырып қана қоймай, жыл сайын еліміздегі жоғары оқу орындары студенттерінің өндірістік және ғылыми тәжірибеден өтуіне жағдай жасап келеді. Жоғары деңгейдегі архивист мамандардың қатарын көбейту мақсатында жас архив қызметкерлерінің магистратура, докторантураға түсуіне де қол ұшын созып отырмыз. Мәселен, архив қызметкері Айханым Максымканова Мұрағаттану, құжаттану және құжаттаманы басқаруды қамтамасыз ету мамандығы бойынша әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің докторантурасында оқуын жалғастыруда. Ендігі кезекті осылайша еліміздің жоғары оқу орындары архив саласына қызығушылығы бар сапалы мамандармен қамтамасыз ету үшін олардың білім алу жүйесін қайта қарап, бағыт-бағдар беріп,  әлемдік стандарттарға сәйкес дамытса деген тілегіміз бар. Болашақ жастардың қолында. Сол себепті олардың ғылыми жаңалықтары тәжірибе жүзінде тиімділігі ескерілсе, ұлттық мәдениетіміздің жетістіктері дүние жүзіне танылатын болады.

- Әңгімеңізге рақмет

 

Сұхбаттасқан Рауан ҚАЙДАР,

«Egemen Qazaqstan».