Қазақстан экономикасының серпінді даму арнасына қайта түскендігін байқатты
Бүгінде әлемнің дуалы ауыз сарапшылары, тіпті экономикадан аздаған хабары бар жалпы жұртшылығы Қазақстанның әлемдік қаржы-экономикалық дағдарысына қарсы қабылдаған іс-шараларына ерекше жоғары баға беруде. Шын мәнінде жаһанды тұралатқан дағдарыстан Қазақстан басқа елдермен салыстырғанда, ешбір күйзеліссіз шыққанын уақыттың өзі дәлелдеп берді. Мемлекет басшысының көрегендікпен дер кезінде қабылдаған бірлескен іс-қимыл бағдарламасының арқасында еліміз дағдарыс қиындықтарын жеңіп қана қоймай, экономикалық салалардың барлығында дерлік тұрақтылық пен өсімге қол жеткізді. Дағдарыстың ең ауыр кезеңі болып есептелетін 2009 жылы қол жеткізген осындай ілгерілеушілік елімізді дағдарыстан кейінгі 2010 жылы дамудың жаңа асуларына алып шығатын берік тұғыр қалады. Қазақстан биылғы жылы дағдарыстан кейінгі кезеңде экономикалық қайта өрлеудің әлемдік жаңа үлгісін көрсететін сыңайлы. Оған ағымдағы жылдың алғашқы тоқсанының қорытындысы бойынша еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму үрдісінде жеткен табыстары дәлел болмақ.
2010 жылдың алғашқы үш айының қорытындысы бойынша экономиканың барлық негізгі салаларында өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда айтарлықтай өсім байқалады. Мәселен, бірінші тоқсанда 2009 жылдың бірінші тоқсанындағы көрсеткіштермен салыстырғанда өнеркәсіп 11,5 пайыз, ауыл шаруашылығы – 2,4, сауда – 11,5, көлік – 5,2, байланыс 4,5 пайыз өсімге қол жеткізген. Экономиканың барлық саласына салқынын тигізген әлемдік қаржы дағдарысынан кейін бұлайша көтерілу үрдісі басқа ешбір елдің даму тәжірибесінде орын алған жоқ.
Міне, осы жайлар кешегі күні Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында сөз болды. Үкімет отырысы үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанының қорытындыларын арнайы қарады.
Онда аталған мәселе бойынша негізгі баяндаманы жасаған Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанованың айтуы бойынша экономиканың негізін құрайтын алты саланың, атап айтқанда, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, сауда, байланыс, көлік және құрылыс салаларының ішкі жалпы өнімінің көлеміне сәйкес тұтас экономиканың өсу индикаторы анықталған. Осы бойынша бірінші тоқсанның қорытындысы шығарылып отыр. Ол еліміздің ішкі жалпы өнімінің нақты өсімі 6,5 пайыз шамасында қалыптасқандығын көрсетеді. Бұл дағдарыс кезеңі басталғаннан бері отандық экономиканың қайтадан серпілісті даму арнасына түскендігін білдіреді.
Енді аталған салалардың жағдайына қысқаша тоқталатын болсақ, ең бірінші экономиканың өзегін құрайтын өнеркәсіп саласындағы дамудың, былтырғы жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда 11,5 пайызға өскендігін айтамыз. Соның ішінде өңдеу өнеркәсібінің қарқынды екендігі байқалып отыр. Бұл саладағы өсім көрсеткіші 18,7 пайызды құрады. Соның ішінде мәшине жасау өндірісінің көлемі 1,8 есе, химия өнеркәсібінің көлемі 1,5 есе, мұнайды қайта өңдеу өндірісі 25 пайызға, металлургия өнеркәсібінің көлемі 10,5 пайызға өскен.
Өнеркәсіптің тағы бір үлкен саласы тау-кен өндірісінде өсім көлемі 7,8 пайызды құрады. Соның ішінде темір рудасын өндіру 27,6 пайызға, шикі мұнай өндірісі 8,4 пайызға, табиғи газ өндіру 8,2 пайызға артты.
Жанар Айтжанова құрылыс саласы мен негізгі капиталға жасалатын инвестицияларға да жеке тоқтала кетті. Бұл жерде атап көрсететін жәйт, жөндеу жұмыстарын жүргізетін компаниялар қызметінің көлемі былтырғы жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда 1,5 есе ұлғайған. Бірінші тоқсанда 1,4 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Ал негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі аздап төмендегеніне қарамастан, наурыз айындағы көрсеткіш ақпан айына қарағанда 50,5 пайызға ұлғаюы көңілге үміт сезімін ұялатады. Мұнда экономикаға келген инвестициялардың басым көлемін кәсіпорындардың жеке қаражаттары құрағандығын айтуымыз керек. Яғни отандық экономика өзін-өзі қаржыландыру арқылы дамуға айналған.
Сауда саласы да жақсы даму көрсеткіштерін көрсеткен. Мысалы, бірінші тоқсанда ішкі саудадағы тауар айналымының көлемі 10,5 пайызға өскен. Бұған дүкендердегі сауда айналымының 13,8 пайызға өсуі және жеке кәсіпкерлердің сауда айналымы 60 пайызға өсуі оң ықпал еткен. Яғни, еліміздің саудасы іштей қайнау үстінде.
Бірінші тоқсанда жүк тасымалдау көлемі былтырғы жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 13,3 пайыз ұлғайып отыр. Сондай-ақ пошта және курьерлік қызмет 5 пайызға, байланыс қызметтері 4,5 пайызға өскен.
Тоқсан қорытындысы бойынша сауда саласында оң сальдо қалыптасуда. Алғашқы екі айдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 5,4 миллиард АҚШ долларын құрады. Бұған Қазақстан тауарлары экспортының 60 пайызға өсуі қолайлы әсер етті. Ал шеттен келетін тауарлар импорты 17,7 пайызға қысқара түскен.
Аталған жұмыстардың барлығы еліміздің әлеуметтік тұрғыдан дамуына да игі ықпалын тигізді. Халықтың жан басына шаққандағы таза табысының орташа көрсеткіші 5 пайызға артты. Орташа айлық жалақының көлемі 66,4 мың теңгені құрады. Үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы мен әлеуметтік төлемдердің өсуі көрініс беріп отыр. Ал үстіміздегі жылдың 1 сәуірінен бастап Елбасының тапсырмасымен бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысы тағы 25 пайызға артқандығы белгілі.
Үкімет отырысында екінші болып баяндама жасаған Қаржы министрі Болат Жәмішев бірінші тоқсанда республикалық бюджеттің кірісі 981 миллиард теңгені, ал шығысы 1 триллион 400 миллион теңгені құрағандығын айтты. Екінші тоқсанда Кеден одағына қатысты нормативтік-құқықтық база толық қалыптасуы тиіс. Қазынаға кіріс көлемінің барысы сол кезде неғұрлым айқынырақ бола түседі.
Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев бірінші тоқсанда барлық облыстар бойынша ішкі жалпы өнім көлемі мен индустрияландыру жобаларын жүзеге асыруда оң көрсеткіштерге қол жеткізгендігін айтты. Әсіресе, Қостанай, Павлодар, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарында даму қарқыны жоғары болып отыр.
Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев осы саланың бірінші тоқсандағы дамуы 2,4 пайызды құрағандығын атап көрсетті. Соның ішінде мал басының өсімі 2,8 пайыз болса, құс саны 11,4 пайызға артқан. Қайта өңдеу саласының жақсы қарқынмен дами бастағандығы белгілі болды. Онда өсім көлемі 11 пайызды құрады. Сондай-ақ еліміздің оңтүстігі мен оңтүстік-шығыс өңірлерінде көктемгі егіс қызу қарқынмен жүргізілу үстінде. Сала бойынша өнімдерді әртараптандыру ісіне баса көңіл бөлінуде. Соның ішінде бидай сапасын арттырудың шаралары белгіленген.
“Самұрық-Қазына” қорының басшысы Қайрат Келімбетовтің айтуынша, осы қорға тапсырылған жобалар мен жұмыстарда дамудың оң қарқыны жақсы байқалып отыр. Қазіргі күні Алматыдағы Шымбұлақ кешенін нығайту, Қызылордадан газ-турбина зауытын салу секілді үлкен жобалар жүзеге асуда. Шағын және орта бизнесті қолдауға 18 миллиард теңгенің қаржысы бөлініп, екінші деңгейдегі банктерге орналастырылды. 21 мың адамға жұмыс беретін 108 жоба жүзеге асырылуда. Қазақстандық үлеске үлкен көңіл бөлініп отыр. Қордың барлық тапсырыстарындағы оның үлесі 62 пайызды құрады. Сонымен қатар, Қайрат Келімбетов басқару тізгіні қорға тапсырылған екінші деңгейдегі банктердің сыртқы қарыздары едәуір мөлшерде азая түскендігін мәлім етті. Мәселен, “ТұранӘлембанктің” сыртқы қарызы 11,5 миллиард доллардан 4,4 миллиард долларға дейін, “Альянсбанктің” сыртқы қарыздары 4,5 миллиард доллардан 1,16 долларға дейін төмендегендігін жеткізді. Енді “Темірбанктің” қарыздарын қайта құрылымдау жұмыстары жүзеге асуда. Ол аяқталғанда оның қарыздары 770 миллион доллардан 61 миллион долларға дейін төмендейтін болады.
“ҚазАгро” холдингінің басшысы Асылжан Мамытбеков осы холдинг Елбасының тапсырмасы негізінде 250 миллиард теңгенің жұмыстарын жүзеге асыру үстінде екендігін айтты. Соның ішінде 57,7 миллиард теңге тұратын 55 жоба қаржыландырылса, үстіміздегі жылдың жартыжылдығында осының 15-і пайдалануға берілуге тиіс.
Сонымен сайып келгенде айтарымыз, Үкімет отырысында қаралған бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша отандық экономиканың жан-жақты өсу жағдайында екендігі жақсы байқалып отыр. Бұл тоқсанды экономиканы дағдарыстан кейінгі қайта қалпына келуінің бетбұрысты сәті деп айтсақ та болатындай.
Отырысты қорытындылаған Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов бұл тоқсан қорытындысы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың алдағыны күні бұрын ойластырған саясатының жемісі екендігін атап көрсетті. Бізде дағдарысты кезеңдегі арпалысты шақтардың өзінде дағдарыстан кейінгі кезеңге қажетті шаралардың барлығы ойластырылғандығын айтып өтті.
“Енді бізге осы қарқынды бәсеңсітпеу керек. Барлық бағыттар бойынша қарқынды сақтай отырып, алға басуымыз керек”, деген Премьер-Министр ендігі кезекте денсаулық сақтау мен білім беру салаларындағы бағдарламаларды әзірлеп, іске қосу қажеттігін, осы мәселе бойынша жобаны әзірлеу сеніп тапсырылған министрліктердің облыс әкімдерімен бірлесе отырып, бұл бағдарламаларды жергілікті жерлерде кең көлемді талқылауы қажеттігін айтты. Сонымен қатар, Үкіметтің келесі селекторлық кеңесі халыққа қызмет көрсету орталықтары мен “Жол картасының” жүзеге асуын қарайтын болады. Үкімет басшысы осы мәселелерге тыңғылықты әзірленуді тапсырды.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Үкіметтің алдына бұл жаһандық дағдарыстан абыроймен шығып қана қоймай, елімізді таяу болашақта серпінді даму баспалдақтарына көтеретін алғышарттар жасау міндетін қойғандығы белгілі. Үстіміздегі жылдың І тоқсанындағы отандық экономиканың даму серпінінен Мемлекет басшысының уақыт тынысын қалт жібермей, тап басатын тамаша қасиеті тағы бір көрініс берді. Дағдарыстан кейінгі бірінші жылдың алғашқы тоқсанының қорытындыларының өзі-ақ “Дағдарыспен күрес стратегиясының”, “Жол картасының”, “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламаларының нақты жемісін көрсете бастады. Экономиканың өнеркәсіп, қайта өңдеу, ауыл шаруашылығы, көлік салалары сияқты негізгі бағыттарының жыл басының өзінде межелі биіктерден көрінуі Елбасының бастамасымен өткен кезеңде ел экономикасын жедел де батыл тұрақтандырудың жемісі екені даусыз.
Жақында Елбасының Жарлығымен 2010-2014 жылдардағы үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі мемлекеттік бағдарлама бекітілген болатын. Күні кеше ел Үкіметі осы бағдарламаны іс жүзіне асырудың нақты шараларын белгіледі. Нақ осы шаралар шеңберінде жасалған “Индустрияландыру картасына” жалпы құны 7,4 триллион теңгені құрайтын 240 ірі жоба енгізілді. Бұл – ел экономикасының серпінді дамуына жаңа қарқын беріп, жүз мыңдаған адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етеді деген сөз. Бұл – жаңа экономикалық өрлеу жолындағы Қазақстанға жаңа мүмкіндіктер ашады деген сөз.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.