Сұхбат • 10 Ақпан, 2021

Қ.Келімбетов: Реформада ең бастысы – популистік пікірге алданбау

250 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылдың 1 қыркүйегіндегі Қазақстан халқына Жолдауында Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі құрылатыны мәлімденген еді. Жаңадан құрылған агенттік ендігі өзінің жұмысын бастап, алдағы жылдарға өзінің жұмыс жоспарын да бекітіп үлгерді. Осы орайда Үкіметтің алдындағы стратегиялық жоспарлар мен қолға алынып жатқан реформалармен танысу үшін Стратегиялық жоспарлау мен реформалар агенттігінің төрағасы Қайрат Келімбетовты әңгімеге тартқан едік. 

Қ.Келімбетов: Реформада ең бастысы – популистік пікірге алданбау

- Реформалар жөніндегі жоғарғы кеңес пен Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің құрылуы мен осындай органдарға деген қазіргі қажеттіліктен бастасақ.

- Президент жанындағы Реформалар жөніндегі жоғарғы кеңестің соңғы отырысында негізгі үш мәселе қаралды. Атап айтқанда олар: мемлекеттік жоспарлау жүйесіндегі жаңа әдіс, мемлекеттік басқару тұжырымдамасы және ұлттық даму жоспары. Жалпы, Реформалар жөніндегі жоғарғы кеңес пен Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің құрылуына келер болсақ, өздеріңіз де білесіздер, пандемия экономикаға қос тараптан салқынын тигізді. Бір жағынан жаһандық экономиканың қарқыны бәсеңдеді. 2020 жылы қателеспесем әлемдік жалпы ішкі өнім 4 пайызға төмендеді. Екінші жағынан шектеу шаралары мемлекеттердің бюджетіне, кірісінің азайып, шығысының ұлғаюына әсер етті. Пандемия сонымен қатар денсаулық сақтау және білім беру жүйесін стресс-тесттен өткізгенін білесіздер. Осының бәрі Қазақстан Үкіметіне дағдарысқа қарсы тиісті шараларды енгізуге мәжбүр етті.

Менің ойымша, дағдарыс кезінде мемлекеттік органдар жедел жұмыс істеп, уақытылы шаралар қабылдай алды. Осы орайда, Стратегиялық жоспарлау агенттігін құрудағы бір мақсат мемлекеттік органдар арасындағы жұмысты үйлестіру және дер кезінде әрекет ету мүмкіндіктерін арттыру және бюджет қаражатын экономика салаларына бөлуді үйлесіру. Онымен айналысушы орган негізінен Реформалар жөніндегі жоғарғы кеңес болса, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі осы жұмыстың үйлестірушісі деуге болады.

– Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттіктің алдында стратегиялық мақсаттар бүгінге дейін қалыптасқан бағыт-бағдарымызбен қаншалықты үйлеседі?

– Елбасы белгілеген Қазақстанның ұзақмерзімді бағыты біздің жұмысымыздың негізі. «Қазақстан-2050» стратегиясының жарияланғанына 10 жыл өтсе де өзектілігін жоғалтпады және ұзақмерзімді жоспарлаудың тамаша құралына айналды. Ол, бір жағынан, мемлекеттік органдарға ортақ мақсаттар құрса, екінші жағынан, азаматтар жоспар арқылы болашақтың қандай болатынын болжауға мүмкіндік алады. Ал оның негізінде құрылған «Бес институциялық реформа» мен «100 қадам» Ұлт жоспары нақты міндеттер қойып, оған жету жолын көрсетеді. 2015 жылы көптеген халықаралық сарапшылар Ұлт жоспарында айтылған 100 бөліктің кем дегенде 50-і орындалса – Қазақстан үлкен жетістікке жетеді деген болатын.

Мен үшін Ұлт жоспарын жүзеге асыруға қатысу үлкен құрмет. 2015-2020 жылдар аралығында мен Астана қаржы орталығының басқарушысы болдым және Орталықты құруға бағытталған 100 қадамның төртеуін орындау үшін жұмыс істедім. 2020 жылдан бастап Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттіктің төрағасы ретінде Жоспардың басқа қадамдарын орындауға көмектесіп жүрмін.

– Қазақстанның ұзақмерзімді жоспары сақталды десек, жаңадан қолға алынып жатқан реформалардың жаңашылдығы неде?

– Мақсат қана өзгермейді, ал оған жету тәсілдері мен жолдары өте көп. Пандемия дамудың кешеуілдеп қалуын ақтап алуы мүмкін, бірақ Елбасы және Мемлекет басшысы қойған міндеттер тоқтап қалмайды және ешқандай жеңілдік жасалмайды. Реформалар жөніндегі жоғарғы кеңес және Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттік секілді жаңа органдарды құрудағы мақсат – Үкімет түрлі мәселелерді шешуден босамай жатқан кезде мемлекеттік аппаратты ортақ шешімдерді тез қабылдауға және жасауға, жоспар бағытын жағдайға байланысты түзетіп отыруға бағдарлау болды.

Тағы бір жаңашылдық – мемлекеттік органдарға баға беру жүйесін Үкімет жүйесінен бөлек шығару. Бұрын Үкімет өзі атқарған жұмыстарға өзі баға беретін еді. Енді Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Реформалар жөніндегі жоғарғы кеңес отырысында Мемлекет басшысы тарапынан алға қойылған мақсаттардың орындалуын қадағалайды. Сол үшін де Статистика бюросы Ұлттық экономика министрлігі құрамынан шығарылып, біздің агенттікке беріліп отыр. Ондағы мақсат барынша объективті көрсеткішке қол жеткізу.

– Реформалар жөніндегі жоғарғы кеңестің үшінші отырысы аясында дайындалған реформалардың қайсысы бекітілді?

«Қазақстан-2050» стратегиясын және оның негізінде құрылған институционалдық реформаларды жүзеге асыру үшін біз Мемлекет басшысының тапсырмасымен бағдарламалық құжаттардың қолайлы құрылымын жасадық. Бүкіл мемлекеттік аппараттың күш-жігерін шоғырландыру үшін қысқа мерзім ішінде, мысалы, 2025 немесе 2030 жылға дейінгі ел дамуының негізі болатын жалпыұлттық басымдықтар айқындалды. Қазіргі уақытта 10 басымдық әзірленіп жатыр, соған байланысты неғұрлым төмен деңгейлі құжаттар жасалады.

Құжаттардың алғашқы деңгейі – 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспары, Өңірлерді дамыту бағдарламасы, сондай-ақ Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы. Олар орталық және өңірлік деңгейлердегі мемлекеттік аппараттың толассыз, барлығына ортақ мақсаттары мен міндеттерін айқындайды. Ұлттық даму жоспары негізінен 2020 жылға дейінгі стратегиялық жоспарды алмастырады және NUR OTAN партиясының сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру үшін тиімді платформа саналады. Өңірлерді дамыту бағдарламасы Ұлттық даму жоспарымен байланысқан және Қазақстанның әр өңірін өз ерекшелігіне сай дамытудың  маңыздылығын негізге алады.

Екінші деңгей – өңіраралық немесе салааралық міндеттерді орындау саясатын анықтайтын құжаттар. Бұл, біріншіден, экономиканың барлық саласы бойынша мемлекеттік органдардың міндеттері көрсетілетін салаларды дамыту  тұжырымдамалары. Екіншіден, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мемлекеттік бағдарламаларды алмастыратын ұлттық жобалар. Олар бүкіл әлемдегі мемлекеттік және корпоративтік секторларда өзінің тиімділігін дәлелдеген жобалық тәсілге көшуді белгілеп қана қоймай, қорытынды нәтижеге қол жеткізуге нақты жауапты адамдарды да бекітеді.

Ал үшінші деңгей – жүзеге асыру құжаттары. Олардың қатарына жоғары деңгейдегі құжаттарда бекітілген міндеттерді іске асыру тетіктерін сипаттайтын өңірлерді, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік ұйымдарды дамыту жоспарлары кіреді. Жалпыұлттық басымдықтар мен ұлттық жобалар Мемлекет басшысының Жарлығымен бекітіліп отырады.

– Ұлттық жобалардың мемлекеттік бағдарламалардан айырмашылығы қандай?

– Ұлттық жобалар ықшамды, онда нәтижеге жету үшін қажетті түсінікті шаралар тізімі ұсынылған. Дайындалған бір ұлттық жоба бірнеше талаптарға сай келуі тиіс. Олар – нақты тұжырымдалған мақсат пен өлшенетін нәтиженің болуы, мақсатқа қол жеткізу және оның кезеңдерінің егжей-тегжейлі сипаттамасы, ресурстар мен мүмкіндіктердің жеткіліктілігі, жеке жауапкершілікті бекіту.

Сонымен қатар, әрбір ұлттық жобада нақты және түпкілікті өмірлік цикл болуы керек, олардың әрқайсысының қорытындысы бойынша ашық түрде тиімділігіне баға беріледі. Онымен Үкімет жанындағы Ұлттық жобалау офисі, Ұлттық статистика Бюросымен тығыз байланыса отырып Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттік жанындағы арнайы талдау кеңсесі, сондай-ақ азаматтарға мемлекеттік қызмет көрсетуге байланысты процестердің бизнес-реинжинирингімен айналысатын Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі (ЦДИАӨМ) жанындағы Цифрлық трансформация кеңсесі айналысады. Әрине, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ұлттық жобалардың тиімділігін бағалау жөніндегі жұмысқа Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті тартылады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай 2021 жылдың шілдесіне дейін жаңа ұлттық жобаларды дайындау және мемлекеттік бағдарламаларды ұлттық жобаларға айналдыру жұмыстары аяқталады.

Сонымен қатар, айта кетерлігі, бюджет басым тұстары мен жобаларға байланысты бөлінеді. Біз pay-for-results (нәтижеге төле) жүйесін мақұлдауды ұсындық. Яғни жобаның алдыңғы кезеңінің нәтижелері тексерілгеннен кейін ғана келесі кезең қаржыландырылады.

– Азаматтар ұлттық жобалардың жүзеге асырылуын қалай бақылай алады?

– Адамдардың қажеттілігін негізге алу – реформалардың негізгі құндылығы. Негізгі мақсат әр қазақстандықтың өмірін жақсарту болмаса, олардың ешқайсысының маңызы қалмайды. Біз реформалардың жүзеге асырылуын қоғам да бақылай алу үшін цифрландыру құралдарына жүгінуді ұсындық. Жобалардың барлығы Data Driven Government платформасында жүзеге асырылады, яғни олардың әрқайсысы, біріншіден, нақты сандық көрсеткіштерге негізделеді, екіншіден, тиімділігін бағалайтын нақты құралдар алады. Data Driven Government платформасы ұлттық жобаларға үнемі мониторинг жасап отыруға және олардың әрқайсысының жүзеге асу кезеңдерін қазіргі уақытта бақылауға мүмкіндік береді.

Біз «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаттарына сәйкес қазақстандықтар ұлттық жобаларды жүзеге асыру туралы барлық ақпаратқа қол жеткізе алмаса да, оның бір бөлігінен хабардар болып отыруы керек деп есептейміз. Бұл азаматтарға реформалардың тиімділігіне өзінше баға беруге, ал бізге кері байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Бұл біз үшін өте маңызды.

– Ұлттық жобаларды жүзеге асыру аясында Үкімет, Парламент пен Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттік жауапкершілік пен өкілеттілікті қалай бөліседі?

– Нақты бір ұлттық жобаны дайындау тәртібі мынадай. Ұлттық жобаны өкілетті мемлекеттік орган ретінде Үкімет дайындайды. Агенттік ұлттық жобаны жалпыұлттық басымдықтарға сәйкестендіреді. Үкімет ұлттық жобаны жүзеге асырады. Агенттік мониторинг жасап, оның жүзеге асырылуын бағалайды және өзгеріс енгізуді немесе оны мүлдем жауып тастауды ұсынады.

Үкімет мүшелері Реформалар жөніндегі жоғарғы кеңес пен оның жанынан құрылған алты Консультативтік комитеттің құрамына кіретінін ұмытпаған жөн. Яғни, өкілеттілік пен жауапкершілік нақты көрсетілгенімен, олар өзара байланыста болады.

Біз реформаларды жүзеге асырудағы Парламенттің рөлі туралы жиі айта бермейміз, себебі оның маңыздылығы анық көрініп тұр. Парламент 2017 жылы Елбасы бастамасымен жасалған конституциялық реформаға сәйкес, жаңа маңызды өкілеттілікке ие болды. Реформа бойынша, депутаттар маңызды «сүзгіге» айналады: реформаны жүзеге асыру үшін қажетті заң жобасы қабылдану-қабылданбауы соларға байланысты. Бұл «сүзгіні» айналып өту мүмкін емес: заң жобасына өзгеріс енгізбей бірде-бір маңызды реформа жұмыс істемейтіні анық.

– Реформалармен жұмыс кезінде қандай маңызды идеялар мен зерттеулер қолданылып жатыр?

– Бір жыл бұрын Нұрсұлтан Назарбаев қоры базасында сарапшылар тобы жасаған ұлттық экономиканы зерттеу және соның негізіндегі даму болжамы баяндалатын «Бес кітап» жобасы бізге көмек болды. Сарапшылар тобының қатарында аты көпшілікке жақсы таныс Сергей Гуриев сынды үздік отандық және шетелдік мамандар болды. «Бес кітап» жобасын дайындауға қатысқан Сабина Садиева мен Қуаныш Жайықов реформаны жасауда бізге үлкен қолдау көрсетті, оларға біздің алғысымыз шексіз.

Реформа жасаудағы идеяның тағы бір көзі – біз алғашқы жұмыс күнінен бастап азаматтардың жолдауын алып жатырмыз. Кейбір идеялардың нақтылану деңгейінің бізге әсер еткені соншалық – дереу жұмыс концепциясына қосылды.

Ең бастысы, ғылыми көзқарасты қатаң ұстанып, популистік пікірге алданбау. Отандастарымыз ақылға салынған идеяларды бос сөзден ажыратып үйренгеніне қуанамын, бірақ «жедел әрі қарапайым» шараларды қолдайтындардың әсері жоғары болып қала береді. Популистер халықтың мемлекетке қысымын өте жақсы басқарады, бірақ біз оған қалай қарсы тұру керегін білеміз.

Қысқаша айтсақ, Қазақстан бұрығыға қарағанда тәжірибелі, ақылдырақ мемлекетке айналды, ол түрлі катаклизм мен соққыларға дайын. Өткен екі онжылдық әрқайсысымызды маңызды шешім қабылдауға мәжбүрледі және оның нәтижесі анық.

– Сұхбатыңызға рақмет!