Экономика • 11 Ақпан, 2021

Салық төлеушіге – пайдалы қосымша

510 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Былтыр Мемлекеттік кірістер комитеті қызметтердің 99 пайызын электронды түрде көрсеткен. Салықтық және кедендік декларациялар толықтай қашықтан тапсырылуда. Қызметтердің қолжетімділігін арттыруда «E-Salyq-Azamat» мобильдік қосымшаның көмегі көп.

Салық төлеушіге – пайдалы қосымша

Жалпы, цифрлы технологиялар­дың тиімділігі пандемия кезінде ерекше байқалды. Әсіресе күрделі кезеңде «E-Salyq-Azamat» қосымшасын пайдаланушылар саны күрт өсіп, 5 ақпандағы жағдай бойынша 265 мыңнан асыпты. Оны App Store және Play Market-тен жүктеп алуға болады.

Ресми деректерге сүйенсек, 2019 жылдың қорытындысы бойынша бюджетке түскен қолма-қол ақшасыз төлемдер үлесі 80 пайыздан асса, былтыр көрсеткіш 90 пайызға дейін ұлғайған.

– Цифрлы салықтық әкімші­лен­діруде «Электронды шот-фактура­лар» ақпа­рат­­тық жүйесін енгізу тиімді болды. Бұл шаруашылық жүргізуші субъек­тілердің барлық мәмілелерін тір­кеуге арналған. Сонымен қатар бас­тапқы бухгалтерлік құжаттарды электронды түрде ресімдеу енгізілді. Бұл қызмет салық төлеушілер қашықтан жұмыс істеуге мәжбүр болған локдаун кезеңінде кеңінен қолданылды. Барлық 40 мемлекеттік қызметті автоматтандыру арқылы салыққа қатысты қызметтің 97 пайызын электронды түрде көрсетуге жол ашылды. Бұрын қызметтердің көбі салық төлеушінің тікелей қатысуымен ұсынылатын және оған 5-7 күн жұмсалатын, – деді Мем­лекеттік кірістер комитеті төраға­сының орынбасары Жайдар Іңкәрбаев.

Оның айтуынша, комитет 2018 жылдан бастап берешек сервисін екінші деңгейлі банктермен интеграциялау бойынша ауқымды жұмыс жүргізуде. Соның нәтижесінде салық төлеушілер банктердің мобильді қосымшалары, салық төлеуші кабинеті, комитеттің порталы, «Электронды үкімет» порталы арқылы салықтық, әлеуметтік төлем­дерге қатысты дайын деректерді тексеру, төлеу мүмкіндігіне ие болды.

– Сервис азаматтарға алдағы салық сомасын оның төлеу мерзімі келгенге дейін білуге де мүмкіндік береді. Бұрын салық төлеушіге банкке бару, кезекте тұру, банк комиссиясын төлеу, көптеген деректемені таңдау қажет болатын. «E-salyq Azamat» қосымшасында мүлік, жер және көлік салығын онлайн толықтыруға, автоесептеуге және қарауға болады. Салық төлеушілерді артық инстанцияларға жібермей, мемлекеттік органдарға электронды өтінімдерді жіберу мүмкіндігі жасалды, – деді Жай­дар Іңкәрбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Былтыр банктік қосымшалар арқылы жеке тұлғалардың салығы бойынша 2,6 млн-нан астам push-хабарлама жіберілген. Соның нәтижесінде алдағы төлемдер сервисі бойынша 2,9 млрд теңге немесе мүлік, жер салықтары бо­йынша барлық түсімдердің 44,8 пайызы келіп түскен. Бұл ретте салықты төлеу туралы ақпарат банктерден комитеттің ақпараттық жүйелеріне онлайн режімде екі минуттың ішінде түседі. Ал бұрын мұндай ақпарат 2-3 күнде жететін.

Жеке тұлғалар үнемі жылжымайтын мүлік объектілері, көлік құралдары, жер учаскелері бойынша мемлекеттік органдардың ескірген деректер базасынан туындаған проблемалармен бетпе-бет келетіні белгілі. Аталған мәселені шешу үшін 2019 жылдан бастап деректер базасын жаңарту жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Ресми деректерге сүйенсек, жұмыс тобы 25 млн-нан астам мәліметті өңдеп, 5 млн-нан аса қате мәліметті қайта түзеткен. Оның ішінде жылжымайтын мүлік бойынша – 2,6 млн, көлік құралдары бойынша – 943 мың, жер учаскелері бойынша 1,7 млн мәлімет бар.

– Деректерде қате мәлімет болған жағдайда, салық төлеушінің «E-salyq Azamat» арқылы оны дұрыстау үшін тиісті уәкілетті мемлекеттік органға өтінім жіберу мүмкіндігі бар. Өтінімді қарау мәртебесін сол сервис арқылы қадағалауға болады. Мәселен, деректерді түзетуге – 8 938, жылжымайтын мүлік бойынша – 228, жер учаскелері бойынша 568 пайдаланушы өтінім берген, – деді комитет төрағасының орынбасары.

Жайдар Іңкәрбаев «E-Salyk Azamat» мобильдік қосымшасында жалпыға бірдей декларациялау шеңберінде активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны ұсыну сервисі іске қосылғанын атап өтті. Жыл басынан бері 150 мыңнан астам декларация тапсырған екен. Соның 115 мыңы «E-Salyk Azamat» қо­сым­шасының көмегімен жүзеге асырылған.