Ғибадатхананы салдырған кім?
Бұл нысанды 1652 жылы Ойрат хандығының төрт тірегінің бірі қошуыт тайпасының нояны – Аблай тайшы салдырған екен. Орыс жылнамаларында бұл қоныс ғибадат орны болумен қатар, әскери бекініс міндетін де атқарып тұрғаны жайлы деректер бар. Қоныстың «Аблайкит» атануына келсек, «Аблай» адамның аты, ал «кит» (моңғолша – хийд) діни ғибадатхана (Моңғолша-қазақша сөздік. Ұланбатыр – 1981. 581-бет) деген ұғымды білдіреді екен. Қазақша толық тәпсірі – «Абылай салдырған ғибадатхана».
Ғибадатхана өз тұсында аса ірі діни және рухани орталық болған. 1657 жылдың қысында бұл жерге атақты ойрат ғұламасы Зая пандат Намқай-жамсаның өзі келіп, діни-ғұрыптық қасиеттеу рәсімін өткізгені жайлы дерек бар. Бұл оқымысты – 1648 жылы ойрат тайпаларының тілдік фонемасы мен дыбыс үндестігіне сай жаңа әліпби жасаған адам. Осы жазуды Қалмақия республикасы 1924 жылға дейін қолданса, шыңжаңдық ойраттар әлі күнге дейін ұлттық әліпбиі ретінде оқиды. Бір қызығы, ХVІІІ ғасырда қазақтың ханы Абылай Манжу-Цин империясы патшаларымен хабар алмасқанда, барлық хаттарын осы әліпби негізінде ойрат тілінде жазғаны таңданарлық жағдай (Абылай ханның хаттары. «Egemen Qazaqstan» газеті, 2019 жыл 7 тамыз).
Осы орайда, Аблай тайшы деген кім? Аблай – қошуыт тайпасының ақсүйегі Байбағыстың кенже ұлы. 1620 жылдары өмірге келіп, 1662 жылы өлгені жайлы атүстілеу дерек бар. Анасы Зуй қатын торғауыт Қо-өрліктің қызы дейді. Байбағыс өлген соң үлкен ұлы Ошырты шешен таққа отырады. Бірақ Аблай бұл ағасымен сыйыса алмаған. Немере ағасы Убашы тайшы және қазақ ханы Жәңгірмен одақтасып 1635 жылы Сарыарқада жайлап жатқан торғауыттарды Еділге қарай ығыстырады. 1662 жылы ағасы Ошырты шешен Іле-Құлжада күллі ойрат құрылтайын өткізгенде, оған да бармай тыс қалады. Бір деректе Аблай тайшыны ашуланған хан ағасы шауып өлтірген десе, екінші бір дерек ол қазақ ішіне, нақтырақ айтқанда Түркістан өңіріне қашып кеткен дейді.
Аблайдан кейін ғибадатхана Ошырты тайшының қолына өткен. Бұл адам өлген соң қошуыттардың бір бөлігі Еділге қарай ауса, қалғаны Көкнор өлкесіне (Шыңжаң өлкесінің шығысы) көшіп кетіп, мұнда қалған қошуыттар түгелдей өлет тайшысы Қалдан бошықтыға бұқара болады. Сөйтіп, ғибадатхана 1679 жылы өлеттер қолына өткен сыңайлы. Қасиетті нысанның кейінгі тағдыры белгісіз. ХVІІІ ғасырдың басында мұнда келген ресейлік саяхатшылар ғибадатхананың қирандысы қалғаны жайлы жазыпты.
Қоныстан табылған жәдігерлер қайда екен?
Аблайкит ғибдатханасы жайлы орыс жазбаларында дерек көп. Осылардың ішінде ең маңыздысы – Ресейдің Қытайдағы дипломатиялық өкілі Федор Байковтың жазбалары. Бұл адам 1653 жылдың соңы мен 1654 жылдың көктеміне дейін бірнеше ай Аблай тайшының қонысында болып, көрген-білгенін хатқа түсірген.
Одан кейін XVIII ғасырдың 30-ншы жылдары ғибадатхананы зерттеген орыс әскерилері оны тек жартылай қираған күйде тапқан. Соның өзінде кітапханасы мен ішкі безендіру өрнектері жақсы сақталып тұрыпты.
Шамамен 1720 жылы бұл қонысқа келіп зерттеу жүргізген әскери саяхатшы И.М.Лихарев ескі жұрттан пошымы барыс пішінді мөртабанында жазу бар таңба тауып алып, оны патша сарайына сыйға жіберген дейді. Кейін бұл жәдігерді орыстар «жазуын оқып берсеңіз» (1722 жылы) деген ниетпен француз филологы Бернер Монфоконға жолдаған көрінеді. Құнды жәдігер кейін хабарсыз кеткен. Мүмкін бұл таңба бүгінгі күні Еуропаның бір музейінде тұрған да шығар.
Одан кейін 1734 жылдары қонысқа ғылыми экспедиция жасаған Г.Ф.Миллер, П.Паллас, Е.Мейер, П.Чихачевич И.Г.Гмелин, С.С.Черников қатарлы саяхатшылар қоныстың сызба-сипаттамасын жасаса, 1735 жылы ғибадатхананың табанын қазған Ф.Беренс, Г.Качалов, И.Соколов, Ф.Маттарновтар: тәңір-ана мүсіні, шам жағуға арналған тізерлеп отырған адам бейнелі тұғыр, күмістелген аттылы адам және қоладан құйылған жылқы мүсіні, саз аспаптары, үкі пошымды мүсін-бейнелер, бағалы монеталар, қару-жарақ (айбалта, қанжар, қылыш т.б.), әртүрлі ыдыстар, сырға-жүзік қатарлы сәндік бұйымдар және өте көп жазбалар тапқан. Тіпті орыс деректерінде жазба-кітаптарды бірнеше ат арбаға артып сыйғыза алмағаны жайлы мәлімет бар.
Осы орайда «жоғарыда табылған жәдігерлер қайда?» деген сұрақ туары анық. Интернет арқылы іздеп салып көрдік. Бір қызығы, қоныстан табылған бұйымдардың суреті сақталыпты. Жәдігерлер Ресей музейлеріне тарап кеткен тәрізді. Осыларды жинап алсақ болмас па екен?!
Өйткені соңғы жылдары ғибадатхана орнына Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бастамасымен «Шығыс Қазақстанда археология саласындағы ғылыми зерттеулерді дамытудың 2016-2018 жылдарға арналған бағдарламасы» негізінде зерттеу жұмыстары жүргізілді. Тіпті Питер Симон Паллас сызған суреттер бойынша ғибадатхананың бұрынғы бейнесін ішінара қалпына келтіру жайлы да бастамалар көтерліп жатқан көрінеді.