
Кеше Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеудің Үлкен Кремль сарайында өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің мемлекет басшылары деңгейіндегі отырысына қатысты. Еуразиялық интеграциялық үдерістерді тереңдетуді өзек еткен отырыс аясында Кеден одағы «үштігінің» басшылары бірқатар мәселелерді талқы таразысына салды.

Кеше Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеудің Үлкен Кремль сарайында өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің мемлекет басшылары деңгейіндегі отырысына қатысты. Еуразиялық интеграциялық үдерістерді тереңдетуді өзек еткен отырыс аясында Кеден одағы «үштігінің» басшылары бірқатар мәселелерді талқы таразысына салды.
Кеден одағына мүше елдер таңдаған интеграция жолы – күрмеуі қиын, сан түрлі иірімге толы жол. Ал Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес – осы жолда кездесетін түйткілдерді тарқататын, Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістіктің жұмысын үйлестіретін бірден-бір орган. Демек, аталған кеңестің негізгі міндеті ұйымның атқарушы органы саналатын комиссия ұсынған құжаттарды бекіту болып табылады. Бұл жерде үкімет басшылары деңгейінде бекітілген, интеграцияны тереңдетуге бағытталған келісімдер толықтай дерлік қамтылуы қажет.
Биылғы жылдың қазан айында Минскіде ұйымдастырылған Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысы аясында интеграциялық үдерістерді жандандыруға бағытталған осындай келісімдерге қол жеткізіліп, олар тиісті құжаттармен бекіген еді. Әрине, ол құжаттар сан салалы болғанымен, барлығының тамыр тартатын ортақ өзегі біреу ғана. Ол – интеграцияны одан әрі тереңдетуге ықпал ететін бағыттарды айқындау мен еркін сауда айналымы тетігін нығайту. Осы міндеттерді біртіндеп және сатылап жүзеге асыру арқылы Еуразиялық экономикалық одақ құру.
Кеден одағына мүше елдердің мемлекет басшылары белгілеген межеге сәйкес, Еуразиялық экономикалық одақтың тетігі 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосылуы тиіс. Ал Кеден одағының елдері бұл жолға еркін қадам басуы үшін 2014 жылдың 1 мамырында президенттердің қарауына Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуына қажетті барлық құжаттардың соңғы, яғни шешуші нұсқасы ұсынылуы қажет. Минскідегі басқосуда мемлекет басшылары, міне, осындай уәжге бірауыздан тоқтап, интеграция мәселесіне қатысты өз пайымдарын жеткізген болатын.
Мәселен, сол жолы Қазақстан Президенті Н.Назарбаев: «Бүгінде интеграциясыз алға қадам басу мүмкін емес. Себебі, қандай да бір мемлекет өзге елдермен өзара ықпалдастық орнатпайынша, бірлесе іс-қимыл жасамайынша, алға жылжи алмайды», дей келе, бірқатар түйткілдердің жай-жапсарын ашып айтып, олардың себебіне тереңірек үңілген еді.

Елбасы айрықша тоқталған кемшіліктердің бастысы – мемлекет басшылары қабылдаған шешімдердің кей жағдайда толықтай орындалмайтындығы. Келер жылдың мамыр айында біз Еуразиялық экономикалық одаққа қатысты барлық мәселелерді бірлесе отырып қарастырып, бір шешім мен бір тоқтамға келуіміз керек. Біздің алдымыздағы шешімдер екі бөліктен тұрады. Олар – институттық және экономикалық. Демек, біз кез келген мәселені шешуге кезең-кезеңмен келуіміз керек. Егер, мемлекет басшылары бір мәселені шешетін болса, комиссия сол мәселелердің орындалуын қадағалауы қажет. Кейде біз қабылдаған шешімдер орындалмай жатады. Мәселен, біз мұнайды және газды тасымалдау жөнінде келіскен едік, бірақ ол әлі де орындалмай отыр. Теміржол тарифтері, электр энергиясы мәселелері де шешілмей келеді. Сондықтан, ақыры бұл мәселелер туралы белгілі бір келісімге келген екенбіз, енді осыларды орындайық. Басқа бір мәселені күн тәртібіне шығармас бұрын әуелі осы мәселелерді шешейік. Уақыт бар. Бізді кім асықтырып отыр? Сондықтан, бұл бағыттардағы жұмыстарды жүйелендіру қажет. Белгілі бір деңгейде тепе-теңдік сақталуы тиіс. Ол үшін Біртұтас экономикалық кеңістіктің қызметі Кеден одағына мүше елдердің өзара тауар айналымында кездесетін кедергілер мен тепе-теңсіздікті жоюға бағытталуы тиіс», деген болатын.
Минскіде өткен отырыста тараптар кездескен түйткілді мәселелерді шешіп алып, алға жылжу қажеттігі жөнінде келісе келе, Біртұтас экономикалық кеңістік аясында Кеден одағына мүше елдер экономикаларының бәсекеге қабілеттілігін арттырудың жолдарына қатысты ой-байламдарын жеткізген еді.
Кеше Мәскеуде өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында негізінен Минскіде көтеріліп, оның алдындағы жиындарда айтылып жүрген мәселелердің дені талқыға түсті.
Кеңес отырысы басталмас бұрын әуелгі кезекте Қазақстан мен Ресей президенттерінің екіжақты кездесуі өтті. Кездесуде екіжақты ынтымақтастықты дамытудың кең ауқымды мәселелері, сондай-ақ интеграциялық бірлестіктер аясындағы экономикалық өзара ықпалдастық аспектілері қаралды.
Нұрсұлтан Назарбаев өтіп бара жатқан жыл екіжақты қарым-қатынастарды нығайту үшін табысты болғанын атап өтті.
– Біз XXI ғасырдағы ынтымақтастық туралы шартқа қол қойдық, бірқатар басқа да келісімдерге қол жеткіздік. Сонымен бірге, жоспарланған екіжақты құжаттарға, атап айтқанда, Әскери-техникалық ынтымақтастық туралы шартқа, Байқоңыр ғарыш айлағын бірлесіп пайдалану жөніндегі жол картасына, сондай-ақ, Мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылғанын атап өткім келеді, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы Қазақстан тарапы қолдап отырған Еуразиялық экономикалық одақ құру үдерісінің маңыздылығына тоқталды.
Бұған қоса, Нұрсұлтан Назарбаев Сочиде өтетін Қысқы Олимпия ойындарына табыс тіледі.
Өз кезегінде В.Путин Қазақстан Президенті сапарының маңыздылығын және жүргізілген келіссөздердің жемісті болғанын атап өтті.
– Тараптарымыз белсенді жұмыс істеді, бірқатар құжаттар дайындады. Соңғы кездесуімізден бергі уақытта едәуір түйткілді салалардағы, соның ішінде энергетика саласындағы, сондай-ақ, «Байқоңыр» кешенін бірлесіп пайдалану жөніндегі екіжақты ынтымақтастығымызды тереңдетуге және оның аясын ұлғайтуға байланысты нақты мәселелер бойынша көп жұмыс атқарылды, – деді Ресей Президенті.
Кездесу қорытындысы бойынша бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойылды, олардың арасында:
– Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастық туралы шарт;
– «Байқоңыр» кешенін бірлесіп пайдалану жөніндегі 2014-2016 жылдарға арналған жол картасы;
– Қазақстан аумағы арқылы Қытай Халық Республикасына ресейлік мұнайды тасымалдау саласындағы Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметі арасындағы келісім;
– 2002 жылғы 7 маусымдағы мұнай транзиті туралы Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметі арасындағы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттама;
– 2010 жылғы 9 желтоқсандағы Қазақстан Республикасындағы мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау саласындағы Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметі арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттама бар.
Бұдан бөлек, Қазақстан мен Ресей арасындағы екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға және тереңдетуге қосқан үлесі үшін Ресей Федерациясы Президенті Әкімшілігінің басшысы Сергей Иванов пен «Газпром» ААҚ басқарма төрағасы Алексей Миллер «Достық» орденімен марапатталды.

Бұдан кейін Біртұтас экономикалық кеңістік пен Кеден одағына мүше елдер президенттерінің қатысуымен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің мемлекет басшылары деңгейіндегі отырысы өтті. Отырыста Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт жобасымен, Армения Республикасының Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістікке қосылуының жол картасымен жұмыс барысы, сондай-ақ, экономикалық интеграцияның бірқатар басқа да ағымдағы мәселелері қаралды.
Отырысты ашқан Ресей Президенті В.Путин үш мемлекеттің өкілдерінен тұратын Еуразиялық экономикалық комиссия Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы келісімнің институттық бөлігін әзірлегенін атап көрсетті. Бүгінде еуразиялық интеграциялық жобаның арқаулық қағидаттары бекітілді. Бұл қағидаттар неге сүйенеді дегенге келсек, Еуразиялық экономикалық одақ оған мүше барлық елдердің мүдделерін жан-жақты ескеруі тиіс. Біз бұл Одақты елдеріміздің экономикаларын нығайту, дамыту және мемлекеттер ықпалдастығын жандандыру үшін құрамыз. Бұл ретте, Еуразиялық экономикалық комиссияға бәсекеге қабілеттілік, жаңғырту, елдеріміздің әлеуметтік әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстарды жүзеге асыру мәселелері ұсынылды. Бүгінде, Еуразиялық экономикалық одақ құру жөніндегі келісімнің бірінші бөлігі дайын болған кезде, біз оны салалық тұрғыда толықтыруымыз қажет. Қазіргі таңда бұл жұмыстар біртіндеп жүзеге асырылып келеді. Мәселен, 2014 жылдың 1 наурызында Біртұтас экономикалық кеңістік пен Кеден одағы аясында қалған кедергілер мен шектеулерге қатысты тізбелер шоғыры жасалып, оларды жоюдың нақты мерзімі анықталуы тиіс. Бұл – маңызды міндет. Осындай міндеттер жүзеге асырылғанда ғана біртұтас экономикалық жүйе үйлесімді және жоғары тиімділікпен жұмыс істейтін болады, деді Ресей Президенті.
Беларусь Президенті Александр Лукашенко бірінші кезекте Еуразиялық экономикалық одақ құру жөніндегі келісімнің институттық бөлігі жүзеге асырылғанына тоқталды. Алайда, жүйелілік тұрғысынан келгенде, ол келісім сарапшылар деңгейінде келісілген жоқ. Бұл біздің алға жылжуымызға кедергі келтіруі мүмкін. Ол үшін біз Еуразиялық экономикалық одақ аясында кім қандай жұмыстарды атқаруы керек деген мәселелерді нақтылап алуымыз керек. Сондай-ақ, жоғары және үкіметаралық кеңестің шешімі тек саяси құжат түрінде ғана қалып қоймай, оның орындалуы барлық тарапқа міндеттелуі тиіс. Бұл бізге тиімді жұмыс істеуге және Еуразиялық экономикалық комиссияның жұмысын назарда ұстауға мүмкіндік береді, деді А.Лукашенко.
Беларусь Президентінен кейін сөз алған Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев кеңес отырысын ұйымдастырғаны үшін ресейлік тарапқа алғысын білдіре келе, әр жылдың соңында еуразиялық интеграциялық үдеріске қатысты жүзеге асырылған жұмыстарды қорытындылау игі дәстүрге айналғанын атап өтті. Өтіп бара жатқан жыл кездесулерге толы болды, соның арқасында біз өзіміздің ортақ интеграциялық ісімізді табысты ілгерілетудеміз. Енді бір аптадан соң біз 2014 жылды – өте маңызды жылды қарсы аламыз. Біз келесі жылы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қою міндетін алға қойдық және оны іске асыруға мақсатты түрде қадам басып келеміз, деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, Қазақстан Президенті Минскідегі қазан айындағы уағдаластықтарға қарамастан, Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт жобасының институттық та, функциялық та бөлігі бойынша келісе алмаушылық әлі де сақталып отырғанын айтты. Өкінішке қарай, шарттың жекелеген баптарының мәтіндерін өзгерту, оларды қарауда тараптар сарапшыларының асығыс режімде жұмыс жүргізуі және т.б. жайттар кездесті. Осының бәрі шарттың жобасын қол қою үшін дайындау мерзімін ұзарта түсуде. Құжаттармен жұмысты аяқтау үшін барлық күшті салу керек. Мәселен, сарапшылар әлі күнге дейін бірыңғай терминологиялық сөздік қалыптастырған жоқ. Шарттың саясатқа қатысты «бірыңғай», «келісілген», «үйлестірілген» секілді негізгі терминдері туралы ортақ түсіністік жоқ. Әзірге сарапшылар терминология жөнінде келісімге келе алмай жатқанда, бүкіл шарт туралы сөз болуы мүмкін емес. Тым тәптіштеу мен бұл мәселелер жөніндегі пікірталасқа ұрынбас үшін біздің үкіметтерімізге, ЕЭК Кеңесіне және сыртқы саясат ведомстволарына шарт бойынша келісімді келесі жылғы наурызға дейін қамтамасыз етуді тапсыруды ұсынамын, деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы алдымен интеграция үшін іргетас дайындап алып, өзара ықпалдастықтың тереңірек түрлеріне содан кейін өту қажеттігін ескере отырып, кезеңділік қағидасын сақтауға назар аударды. Осыған байланысты қазіргі кезеңде үйлестірілген немесе келісілген саясатқа, барлық қатысушыларды қызықтыратын салаларда ортақ нарық қалыптастыруға ден қойған пайдалырақ болар еді. Сауда саясаты біз бірыңғай саясатқа қол жеткізген бағыттарда, мысалы, үшінші елдерге қатысты, сөз жоқ, сақталуға тиіс. Ал бірақ басқа салаларда «бірыңғай саясат» және «бірыңғай нарық» түсініктерін қолданудың түгел қамтитын сипатына назар аудару артық деп санаймын, деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті құрылып жатқан одақты саясиландыруға жол бермеу қажеттігіне ерекше тоқталды. Біз экономикалық одақ құрудамыз. Сондықтан комиссияның міндеті шартқа экономикалық интеграция шегінен шығатын ережелерді қоспау. Шекараны қорғау, көші-қон саясаты, қорғаныс және қауіпсіздік жүйесі тәрізді бағыттар, сондай-ақ, денсаулық сақтау, білім беру, ғылым, мәдениет, азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істер бойынша құқықтық көмек мәселелері экономикалық интеграцияға жатпайды және Экономикалық одақ пішініне көшірілуі мүмкін емес. Бұл мәселенің барлығы ҰҚШҰ, ТМД аясындағы көптарапты келісімдер пішінінде де, екіжақты пішінде де жақсы реттелген. Қылмыстық және әкімшілік тәртіп бұзушылықтар жөніндегі жауапкершілікті біріздендіру туралы мәселе көтерілуде, алайда, бұл салалар таза ұлттық салалар, мемлекеттің ішкі саясатының мәні болып табылады және жүйеленген шарттан алынып тасталуға тиіс, деді Мемлекет басшысы.
Бұған қоса, Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттер басшылары және үкіметтер деңгейіндегі Жоғары кеңеске ұлтүстілік өкілеттіктерді беруге болмайтынын атап өтті. Комиссия – ұлтүстілік орган. Біз интеграцияны ілгерілету үшін осыған бардық. Оның өкілеттігі қол қойылған шарттармен және келісімдермен нақты реттеледі әрі тек қана экономикалық салаға жатады. Біз сіздермен бірге, мемлекеттер басшылары ретінде, комиссия мүшелерін тағайындаймыз, біздің шешіміміз стратегиялық және ұйымдастырушылық сипатқа ие. Біз тапсырмалар береміз, комиссияның іс-қимылын мақұлдаймыз және шарттарға қол қоямыз. Комиссия оларды орындайды, себебі, ол – Жоғары органның тапсырмасы. Осы құрылымды сақтау қажет, деді Қазақстан Президенті.
Қазақстан басшысы Одақ туралы шарт оған мүше мемлекеттердің өзге елдер мен ұйымдармен арадағы халықаралық шарттарына нұқсан келтірмеуі тиістігін атап өтті.
Сондай-ақ, Қазақстан Президенті комиссияның жұмысының бұдан да тиімді жолға қойылуына, ЕЭК департаменттерінде біздің азаматтарымыздың теңдей өкілдік етуі мәселесінің шешілуіне назар аударды. Үнемі талқыланып жүрген тағы бір мәселе – комиссияға жаңа өкілеттіктер беру. Қазір ЕЭК өкілеттігін аса кеңейтудің қажеттілігі жоқ. Бұл жөнінде біз мамыр айында Астанада да, қазан айында Минскіде де сөйлескенбіз. Әйткенмен, шарт жобасымен жұмыс барысында комиссияның көптеген сәттерде өзіне қосымша өкілеттіктер алғысы келетіні байқалады. Комиссия қызметін бағалау тетіктері туралы мәселе қою әлдеқайда пайдалырақ болар еді деп ойлаймын. Қазақстан мен Ресейде мемлекеттік органдарды бағалау жүйесі енгізілген. Солардың негізінде ортақ әдістер әзірлеп, оны комиссия қызметін бағалауға қолдануға болады, деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондай-ақ, Қазақстан басшысы қабылданатын шешімдерге Алқа мүшелерінің жеке жауапкершілігін бекітуді ұсынды. Бұл халықаралық шенеуніктерді әр қадамын салмақтап, кез келген мәселеге объективті қарауға мәжбүр етеді. Бұл нормаларды шарт жобасына қазірден-ақ қосу керек немесе үкіметтерге бірлесіп жеке құжат әзірлеуді және оны кезекті отырысымызға ұсынуды тапсыру қажет. Жалпы алғанда, Қазақстанның берік, күшті әрі түрлі өзгерістерге икемді Экономикалық одақ құруға бейілді екенін тағы бір рет қуаттаймын. Мұндай одақ оған қатысушылардың барлығының мүдделерін ескергенде ғана қалыптасуы мүмкін. Сарапшылар біраз жұмыс атқарды, енді айтылған ескертулерді ескере отырып, бірлескен қызметті жалғастыру қажет, деді Қазақстан Президенті.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты мамырда қол қоюға әзірлеу сияқты ауқымды міндет қойылып отырғандықтан, келесі жылы жұмыстардың бұдан аз болмайтынын атап өтті.
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің мемлекет басшылары деңгейіндегі отырысы аясында президенттер Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісімнің дайындалу барысын, Еуразиялық экономикалық комиссияның 2014 жылғы бюджеті туралы жобаны талқыға салды.
Қазақстан, Ресей және Беларусь басшыларының қатысуымен өткен шағын құрамдағы отырысы кеңейтілген құрамда жалғасты. Оған Қырғызстан Президенті А.Атамбаев, Армения Президенті С.Саргсян, Украина Премьер-министрі Н.Азаров қатысты. Отырыс аясында тараптар еуразиялық экономикалық интеграция үдерістері, сондай-ақ, күн тәртібіне қойылған басқа да мәселелер бойынша кең көлемде пікір алмасты.
* * *
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы қорытындыланғаннан кейін Кеден одағына мүше «үштік» елдерінің президенттері журналистер алдына шығып, өз мәлімдемелерін жасады. Кеңес отырысының жұмысын қорытындылай келе, Қазақстан, Беларусь басшылары жиынның іскерлік және пікірталастық ауанда өткенін жеткізді.
Қазақстан Президенті Н.Назарбаев биылғы, 2013 жылдың маңыздылығын айрықша атап өте келе, Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің үш отырысы соның айқын дәлелі екенін жеткізді. Мемлекет басшысының айтуынша, мұндай ауқымдағы жұмыстардың барлығы 2015 жылдың 1 қаңтарында Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуына негіз болмақ. Ол, сондай-ақ, аталған одақ жөніндегі келісімнің салалық бөлігін дайындауда оң өзгерістер барына, бұл ретте әр тарап келер жылдың мамыр айына дейін Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісімнің соңғы нұсқасын әзірлеп, «үштік» елдері парламенттерінің ратификациялауына жіберуі қажеттігіне назар аударды. Осылай дей келе, Қазақстан басшысы аз уақытта жүзеге асырылатын жұмыс режіміне қарамастан, болашақтағы одаққа қатысты негізгі жобаның сапалық мазмұнын естен шығармау керектігін де баса айтты.
Еуразиялық экономикалық комиссияны интеграцияның жаңа деңгейіне сай құрылымдап, сол арқылы Біртұтас экономикалық кеңістік аясындағы елдер мүдделерінің тепе-теңдігінің сақталуына мән беруіміз керек. Біз өткен кезеңдерге қайта оралмаймыз. Бұл біздің ортақ және нақты ұстанымымыз. Біз артқа емес, алға жылжитын боламыз. Интеграциялық бірлестіктер қандай да бір саяси идеяларды көздемей, халықтардың игілігі үшін құрылады. Сондай-ақ, экономикалық интеграция ұлттық мемлекеттілікті нығайтып, оны экономиканы дамыту арқылы одан әрі беріктендіре түсуге ықпал ететін болады. Себебі, интеграциялық бірлестіктердің өзегінде экономикалық прагматизм, өзара сыйластық, барлық шешімді қабылдауға қажетті тең құқықтылық және ашықтық жатыр. Біз Еуразиялық одақты басқалардан іргемізді ажырату үшін құрмаймыз, керісінше, басқа серіктестермен неғұрлым тығыз ынтымақтастық орнату үшін құрамыз, деді Н.Назарбаев.
Сөзімнің соңында айтарым, Қазақстан, Беларусь және Ресей Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы жұмыстарды стратегиялық әріптестік және достық негізде жүргізуде. Демек, экономикалық интеграция барлық елдердің экономикалық мүмкіндіктерін айтарлықтай деңгейде нығайтатын болады. Қазақстан – еуразиялық кеңістіктегі интеграция идеясының бастамашысы. Ал бүгін біздің елдеріміз Еуразиялық экономикалық одақ құру жөніндегі ортақ мақсатты жүзеге асыруға үлкен сеніммен қадам басып келеді, деді Қазақстан басшысы.
Ресей Президенті В.Путин Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісім жобасын әзірлеуде «үштік» елдері едәуір ілгері қадамдарға барғанын атап өтті. Біз бүгін тең құқықтық пен тең бәсекелестікті қамтамасыз ету мәселелерін қарастырдық. Ал бәсекелестік туралы біртұтас ережелердің бұзылуы Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың арнайы сот құрамында қаралатын болады, деді В.Путин. Ресей Президенті Еуразиялық экономикалық одақ туралы сөз қозғай келе, одақ туралы келісімнің негізгі институттық бөлігі дайын болғанын, бұл бөлікте оның болашақтағы халықаралық құқықтық мәртебесі, міндеттері мен қызмет ету тетіктері, еуразиялық интеграциялық үдерістердің базалық қағидаттары айқындалғанын атап өтті. Ол, сондай-ақ, отырыс барысында Арменияның Біртұтас экономикалық кеңістік және Кеден одағына қосылуы жөніндегі «Жол картасы» бекігенін, Қырғызстанға қатысты да дәл сондай жоба дайын болғанын жеткізді.
Беларусь Президенті А. Лукашенко да әріптестерінің ойын қуаттап, Еуразиялық экономикалық одақ құру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып, интеграциялық үдерістер аясында кедергілер мен қарама-қайшылықтарды жоюды назарда ұстау қажеттігіне тоқталды.
Баспасөз мәслихаты соңында Кеден одағына мүше мемлекеттер басшылары Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысын жыл сайын үш мәрте өткізу дәстүрін одан әрі жалғастыру жөнінде келісімге келді.




Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан» – Мәскеуден.
Суреттерді түсіргендер
С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.