Қоғам • 11 Ақпан, 2021

Елімізде жұмыртқа мен құс еті қымбаттап жатыр

323 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елімізде жұмыртқа мен құс етінің бағасы қымбаттап жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz

Елімізде жұмыртқа мен құс еті қымбаттап жатыр

Сенат депутаты Сұлтан Дүйсембинов осы мәселені шешу жолдарын Премьер-Министрдің атына жолдаған сауалында көтерді.

Депутаттың айтуынша, кейінгі кезеңде көптеген жем-шөп түрі 1,5-2 есе қымбаттаған. Сонымен қатар Қазақстан шетелден асыл тұқымды құстарды, үнемі қымбаттап бара жатқан дәрумендік қоспалар мен басқа да керек-жарақты сатып алуға мәжбүр.

«Соңғы уақытта құс өнімдерінің бағасы тұрақты түрде өсіп келеді. Оның тағы бір себебі, құс етінің негізгі бөлігі Ресей мен Беларусь елінен әкелінеді. Сонымен қатар бізде құс тұқымдары жоқ. Оларды шетелден алдыруға мәжбүр. Одан бөлек тиісті құрал-жабдықтар мен қажетті дәрумендер де өзге елден келеді. Бізде жем-шөптен басқа ештеңе жоқ деуге де болады», деді сенатор.

Бағаның өсуіне әкелетін мәселелерді шешу үшін құс өсірушілерге мемлекет тарапынан қолдау қажет.

Сұлтан Дүйсембинов кейбір отандық құс фабрикалары қазір жабылу алдында тұрғанын атап өтті. Сенатор осыған байланысты сала кәсіпкерлері үшін Үкімет лайықты жағдай жасауы тиіс деп санайды.

«Олардың ішінде 5 жылға несие каникулын ұйымдастыруға жәрдемдесу, сақтандыру сыйақылары жарнасын субсидиялау және асыл тұқымды құсты сатып алу, жем-шөп қорын құру, әкімшілік тосқауылдарды жою және жосықсыз бәсекелестіктен қорғау бар», деді Сұлтан Дүйсембинов.