Оңтүстік Қазақстан • 12 Ақпан, 2021

Шымкентте 705 медицина қызметкеріне коронавирусқа қарсы вакцина салынды

173 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шымкент қаласында ұйымдастырылған егу бөлмелерінде алғашқы 9 күнде коронавирус инфекциясына қарсы 705 медицина қызметкері вакцинацияланды, деп хабарлайды Egemen.kz

Шымкентте 705 медицина қызметкеріне коронавирусқа қарсы вакцина салынды

Соның ішінде алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымдарынан – 283, медициналық жедел жәрдем көрсету мекемесінен – 83,  инфекциялық ауруханадан – 54 медицина қызметкері, санитариялық-эпидемиялық бақылау қызметінен – 59 және 226 басқа да мекеме қызметкерлері егілді.

Бұл жөнінде бүгін Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов ақпараттық-коммуникалық орталықта өткен брифинг кезінде айтты.

– Вакцинация ерікті түрде жасалуда. Міндетті түрде вакцинациялауға профилактикалық егуге қарсы көрсетілімдері жоқтар жіберіледі. Екпе аларға дейін дәрігердің міндетті тексеруі жүргізіледі. Дәрігер вакциналаудан кейін мүмкін болатын жанама әсерлері туралы ескертіп, жадынама беріп жатыр. Вакцинация алғандарға медициналық бақылау талапқа сәйкес ұйымдастырылып, жүргізіліп жатыр. Бүгінгі күні  коронавирус инфекциясына қарсы екпе егілген азаматтардың денсаулығы қанағаттанарлық. Вакцинацияланғандар арасында екпеден кейін асқынулар тіркелмеді, – деді қаланың бас дәрігері.

Сонымен қатар басқарма басшысы қаладағы эпидемиялық жағдайдың тұрақты екенін жеткізді.

Шымкент қаласында 2020 жылдың  24 наурызынан 2021 жылдың 12 ақпанына дейінгі аралықта COVID-19 ауруының 5 984 жағдайы тіркелді. Оның ішінде  3054 симптомды, 2930 симптомсыз. Емделіп шыққандар саны – 5 448,  қайтыс болғандар - 94.

Өткен тәулікте COVID-19 инфекциясын жұқтырған 9 жағдай тіркелді.

Бүгінде қалада 1 060 төсек – орын бар, оның 889 төсек – орны бос. Жұқпалы және карантиндік ауруханаларда 171 науқас ем қабылдауда немесе толымдылығы 16% құрайды (соның ішінде КВИ 38, ЖРВИ 108, пневмония 25, карантиндік 0). Қалада ковидтің ықтимал толқынына үш сценарий (А,В,С) бойынша толығымен дайындық жұмыстары жүргізілген.