Қоғам • 15 Ақпан, 2021

Меритократия қағидатымен қызметі өскендер көбейді

851 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өткен жылы шетелдік білімі бар мемлекеттік қызметшілер саны – 7, мемлекеттік басқару академиясын бітірушілер саны 8 пайызға өскен. Ал кадрлардың тұрақтамауы 5 пайызға кеміген. «Бұл ең алдымен мемлекеттік қызметтің тартымдылығын арттырудың арқасы», деді Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова.

Меритократия қағидатымен қызметі өскендер көбейді

Агенттіктің өткен жылғы атқарған жұмыстарының қо­ры­тындылары шығарылып, алдағы кезеңдегі міндеттері мен оларды іске асыру жоспарлары талқыланған алқа отырысында баяндама жасаған Анар Жайылғанова сапалық құрамның артып, меритократия қағидатын сақтау және кадр тұрақтылығы көрсеткіштерінің жақсарғанын атап өтті.

Ол сондай-ақ 7,5 мың мем­­ле­кеттік қызметшінің ман­саптық ілгерілеуге қол жет­кіз­генін ха­бар­лады. Бұл бар­лық конкурс бойынша тағай­ын­далғандардың жалпы санының 60 пайызын құрайды.

Өткен жылы агенттік сая­си мемлекеттік қызметті кәсі­би­лендіру мақсатында алғаш рет «Жаңа формация басшысы» бағдарламасын енгізген болатын. Сингапурдың Ли Куан Ю Мем­лекеттік саясат мектебі мен Мем­лекеттік басқару акаде­миясы және Назарбаев Уни­вер­ситеті бірлесіп іске асырған бұл жобаның басты мақсаты – саяси қызметшілерді заман талабына сай оқыту.

Өткен жылы осы бағ­дар­ламаға 50 саяси қызметші қатыс­са, биыл тағы 50-ін оқыту жоспарланып отыр. «Жаһан­дық көзқарас», «Тиімді ком­му­ни­кациялар» және «Трансфор­мациялық көшбасшылық» бо­йынша отандық және ше­тел­дік бизнес-тренерлер мен коучтерден біліктіліктерін арттыр­ғандардың дені – вице-министр­лер, әкімдердің орынбасарлары, Президент Әкімшілігі бөлімдерінің басшылары, сон­дай-ақ Президенттік кадр резервінде тұрған жастар.

«Сондай-ақ басшылардың басқарушылық тәжірибесін тиімді пайдалану мақсатында Мемлекет басшысының 2020 жылғы 13 қарашадағы Жар­лы­ғымен саяси қызметшілердің ротациясы енгізілді. Саяси қызметшілер тағайындалған күннен бастап әр төрт жыл сайын ротациядан өтеді. 2021 жылы 67 саяси қызметші рота­ция­ға жатады», деді агенттік төрағасы.

Алқалы жиында жекелеген саяси лауазымдарға біліктілік талаптарын белгілеу жолдары талқыланып, мемлекеттік басқару жүйесіне жоғары білікті жас мамандарды тарту мәселесі де сөз болды.

Мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыруда маңызды рөл атқартын кадр процестерін цифрландыру және автоматтандыру, мемлекеттік қызмет саласындағы заңнама мен Әдеп кодексінің сақталуына бақылау жасау бағыттары да назардан тыс қалмады.

Ал мемлекеттік қызмет с­а­ла­сын бақылауға қатысты то­лығырақ ақпарат берген агент­тік төрағасы өткен жылы 743 тексеру өткізіліп, 15 мыңнан астам заң бұзушылықтың анық­талғанын мәлімдеді.

Мемлекеттік қызмет сала­сын­дағы саясатты іске асыру бо­йынша атқарылған жұмыс­тарға кеңінен тоқталған агент­тік төрағасы негізгі басым­дық – Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерден туын­дай­тын стратегиялық-иннова­циялық мемлекеттік қызмет­ті қалыптастыру болып қалаты­нын қадап айтты.

Алқа отырысына Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Тимур Сүлейменов, Қара­ғанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, Президент Әкім­шілігі мен Премьер-Ми­нис­тр Кеңсесінің, халық­ара­лық ұйымдар мен азамат­тық қоғамның өкілдері және агент­­­­тіктің және оған бағ­ы­ныс­­ты ұйымдар мен аумақ­тық де­пар­таменттерінің қыз­мет­керлері қа­тысып, ойларын ортаға салды.