Спорт • 15 Ақпан, 2021

Үздіктер Нұр-Сұлтанда бас қосты

254 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен салынған елордадағы Qazaqstan жеңіл атлетика кешенінде Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында Нұр-Сұлтан қаласының жеңіл атлетикадан ересектер және кіші жастағы жасөспірімдер арасында Nur-Sultan Open-2021 ашық чемпионаты өтті.

Үздіктер Нұр-Сұлтанда бас қосты

Байрақты бәсекенің ашылу салтанатына Мәдениет және спорт минис­трі Ақтоты Райымқұлова, Нұр-Сұлтан қаласы Жеңіл атлетика федерациясының басшысы, елорда әкімі Алтай Көлгінов, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев және жазғы Олимпиада ойындарының жүлдегері, жеңіл атлет Дмитрий Карпов сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Министр өз сөзінде елімізде жас­тардың жеңіл атлетикаға деген қызығушылығы жоғары екендігін атап өтті. «Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында өскелең ұрпақтың спорттық және шығармашылық әлеуетіне аса назар аудару қажет екендігін айтқан болатын. Осы орайда бұқаралық, балалар-жасөспірімдер спортын дамытып, әр облыста, ірі аудан орталықтарында спорт үйірмелерін ашу қажет. Спорттық инфрақұрылымға да аса ден қою керек. Министрлік осы бағытта жұмыс жасап жатыр. Бүгінгі таңда, Қазақстанның жеңіл атлеттері Олимпия ойындарында, дүниежүзілік чемпионаттар мен халықаралық жарыстарда жоғары нә­ти­желерді көрсетіп, жеңімпаздар мен жүлдегерлер атанды. Тәуелсіз елімізге тұңғыш алтын медальды 2000 жылы Сиднейде (Аустралия) өткен Олимпия ойындарда кедергі ар­қылы жүгіруші Ольга Шишигина әкелді. Жеңіл атлетика спортында Дмитрий Карпов, Ольга Рыпакова секілді әлем мойындаған спортшыларымыз бар. Алдағы уақытта да рухы мықты, Қазақстан спортын әлемге танытатын жас спортшылар шығады деген үміттеміз. Жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеймін», деді Ақтоты Райымқұлова.

Елорда әкімі Алтай Көлгінов Нұр-Сұлтан қаласы еліміздегі спорттық қалалардың бірі деген атқа лайық екенін айтып, Qazaqstan жеңіл атлетика кешені бізге халықаралық деңгейдегі жарыстар өткізіп қана қой­май, заманауи спорт жұлдыздары мен жаттықтырушыларды тәрбиелеп, жастарымызды бала күнінен спортпен шұғылдануына мүмкіндік беретінін жеткізді.

– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша спорт нысандарының қолжетімділігін арттыру және қала тұр­ғындарын бұқаралық спортқа қы­зықтыру бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Балалар мен жас­өспірімдер спортына, федерацияларға қолдау көр­сетеміз», деді Нұр-Сұлтан қаласы Жеңіл атлетика федерация­сы­ның басшысы, елорда әкімі А.Көлгінов.

Нұр-Сұлтан қаласының ашық чемпионатына елорда спортшыларынан бөлек, еліміздің СҚО, Қарағанды, Ақмола, Қостанай облысы және Шым­кент қаласынан келген 150-ден астам спортшысы жарыс көрігін қыздырып, бас жүлде үшін бақ сынады. Олар жеңіл атлетиканың 5 түрі, яғни ядро лақтыру, 4х200м аралас эстафе­та, ұзын­дыққа секіру, жүгіру және жеңіл атлетикалық жүріс бойынша жүл­делерді сарапқа салды.

Естеріңізге сала кетейік, Qazaqstan жеңіл атлетика кешені өткен жылдың күзінде спортшылар үшін есігін айқара ашқан болатын. Бұл орын IAAF-тің барлық талабына сәйкес келеді. Мұнда республикалық және халықаралық жарыстар, соның ішінде әлем чемпионаттары мен Олимпия ойындарын өткізуге мүмкіндік бар. Спорт кешенінде жүгіру жолдары орнатылған атлетикалық алаң, тренажер залы және ядро лақтыруға, биіктікке, ұзындыққа секіруге арнал­ған секторлары, балалар алаңы, бассейндер секілді артықшылықтары бар. Манеж 7000 көрерменге есептелген. Аталған чемпионат жеңіл атлетикалық кешенінде өткізіліп отырған алғашқы турнир. Жуық арада бұл жерде IX Азия чемпионаты өтеді деп жоспарлануда.