Қазақстан Републикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Корея Республикасына сапары айрықша табысты болып, екі елдің барлық саладағы байланыстарында жаңа кезеңді бастап берді.
ТАҢҒЫ ШЫҚ ЕЛІНДЕ
Қазақстан-Корея қарым-қатынастары стратегиялық әріптестік деңгейіне шығарылды
Жолың түскелі тұрған ел туралы о жер, бұ жерден мәлімет сүзе бастайтын журналистік дағды бойынша осы жаққа жүрерде “Народы мира” деген кітапқа көз салғанымыз бар. Корейлер жайында біле түссек дейміз ғой баяғы. Кейінгі кезде корейлердің түбі осы жақтан екен деген әңгіме жиірек айтылатын болып жүр. Алтайдан шыққан деп те жатамыз. Жаны бар сөз. “Очевидно, в формировании корейцев принимали участие 3 группы племен: палеоазиатская, алтайская и австронезийская, ведущая роль принадлежала проалтайским племенам” – академик Ю.В.Бромлейдің бас редакторлығымен шыққан жаңағы анықтамалық (М., “Советская энциклопедия”, 1988, 229-бет) осылай дейді. Тіл деген, дін деген замана желімен, тарих тезімен бірнеше ғасырдың ішінде-ақ өзгере беруі мүмкін, ал түр деген, тұрпат деген кем қойғанда мыңжылдықтарда болмаса құбыла қоймайтын құбылыстар қатарына қосылады. Осы тұрғыдан қарағанда корейлердің антропологиялық жағынан қалыптасуында алтайлық қанның үлесі үлкен екені көзге бадырайып көрініп тұр. Кей корейді, әсіресе қыздарын бір көргенде қазақтан ажырата алмай қалатынымыз да бар ғой. Ана жылы Таиландқа барғанымызда олардың да түбіміз Алтайдан тараған дейтінін естігенбіз, кезінде газетке жазғанбыз. Ал жапондардың қазіргі қоныстанған аралдарына Оңтүстік Кореядан барғаны баршаға белгілі. Оларға дейін аралдың негізгі халқы айндар болған. Сексен жылға жуық уақыт бұрын Қазақстанға алғаш табан тигізген корейлердің біздің ұлтпен соншалықты етене араласып кетуінде де осындай бір сыр жатқан сияқты.
Ли Мён Бактың өткен жылдың мамырында Қазақстанға үш күндік мемлекеттік сапармен келгені есімізде. Кездесулер кезінде мемлекеттер басшылары екі елдің қашанда бір-біріне қолдау көрсетіп жатқанын разылықпен атап өткен болатын. Сапар қорытындысында Нұрсұлтан Назарбаев пен Ли Мён Бак екі мемлекеттің Бірлескен мәлімдемесіне қол қойған. Бара жатқан еліміздің басшысы біз жайында не айтқан екен деп сайттарды ақтарып өткенімізде Корея Республикасының Президенті Ли Мён Бактың “Хабар” арнасының биылғы жаңа жылғы топтамасына салынған: “Корея Қазақстанмен кең ауқымды ынтымақтастықты кеңейтуге әзір. Сіздердің елдеріңіз Орталық Азиядағы белді мемлекет болып табылады, ал Нұрсұлтан Назарбаевты мен әлемдік деңгейдегі көшбасшы деп білемін. Оның басшылығымен Қазақстан дамудың қайран қаларлық биігіне көтерілді. Сіздер тіпті әлемдік күйзеліс жағдайында да өсуді жалғастырып, бүкіл дүниеге жақсы үлгі көрсетіп отырсыздар. Қазақстанның дағдарысқа қарсы бағдарламасы өте жоғары бағаға лайықты деп санаймын” деген сөзін оқыдық. Бұл – биік баға. Жалпы, бағалау – салыстырмалы категория. Бар мәселе бағаны кімнің беруінде. Біреудің “керемет” дегенінен біреудің “жаман емес” дегені бағалырақ болуы да мүмкін. Сондықтан дағдарыстан шығудың қиын жолдарын тауып жатқан әлемдегі аз елдің бірі саналатын Кореядай дамыған елдің басшысының аузымен айтылғанда бұл сөз тіпті бөлекше салмақты естіледі. “Тауып жатқан” дегенді сақсынып сөйлеп тұрмыз, әйтпесе, Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымының бағалауы бойынша, Оңтүстік Корея осы ұйым елдері арасынан дағдарыстан шыққан алғашқы мемлекет саналады. Бұл ұйымға әлемдегі менмін деген ең әлеуетті қырық шақты ел (арасында АҚШ, Германия, Жапония, Канада, Бразилия сияқты мықтылардың бәрі бар) кіретінін еске сала кетейік. Солардың арасынан суырылып шығып отырған ел осы Корея. Оңай іс емес. Дағдарыстың ауыртпашылығын сезінбесек мына біз сезіне қойған жоқпыз. “Daewoo”, “Samsung”, “LG”, “Hyundaі” дегендей брендтерімен әлемге әйгілі болған Оңтүстік Кореяңыздың өзін тәлтіректетіп жібере жаздаған бұл дағдарысыңыз. Елдің ішкі жалпы өнімі 2008 жылғы 929,2 миллиард доллардан 2009 жылы 902 миллиард долларға кеміп, ІЖӨ-нің жан басына шаққандағы мөлшері 2007 жылғы 20 мың доллардан 2008 жылы 18,3 мың долларға, ал өткен жылы 16,5 мың долларға түсіп кеткен. Осындай тығырықтан шыққандарына қуанып, биылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша ІЖӨ былтырғы осы мерзіммен салыстырғанда 1,2 пайызға өсетінінің өзіне шүкіршілік етіп отыр бұл ағайындар. Біз мына мәліметтерді өзіміздегі барды бағалай білу қажеттігі тұрғысынан айтып жатырмыз.
Сәрсенбінің сәтінде басталған сапардың бірінші күнінде біз Астанадан таңертең ерте ұшып шыққанымызбен, әуедегі алты сағаттық уақыт бар, үш сағаттық айырмашылық бар, Елбасы ұшағы Сеулдің “Соннам” авиабазасына келіп қонғанда кешкі алты болып қалған еді. Қонақүйге орналасып үлгермей жатып, Хоам өнер орталығына тіке тарттық. Президенттер ол күні Қазақстанның Кореядағы жылының ашылу салтанатына қатысып, Қазақстан өнер шеберлерінің концертін тамашалады. Сеулде осы күндері Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед бастап келген қомақты шығармашылық топтың құрамында газет бас редакторының орынбасары Жұмагүл Қуанышбекқызы жүргендіктен мына репортажда ол концерттің жай-жапсарын жазудан шектеле тұрмақпыз. Әйтсе де, қазақстандықтардың тамаша өнері дәстүрлі мәдениетке де, классикалық мұраға да бірдей биік талғаммен қарайтын корейліктерді тәнті еткенін ауызға алмай тағы тұра алмаймыз.
Салтанат кезінде алдымен Елбасымыз сөз сөйледі. Нұрсұлтан Әбішұлының сөзінде Қазақстан мен Кореяның тарихи байланыстарының тамыры тереңде жатқаны, қазақ және корей халықтарының арғы тегі олардың ортақ түпотанына – Алтай мен Орталық Еуразияға барып тірелетіні айтылды. “Сталиндік жолсыз жаза жылдарында қазақ жері мыңдаған жер аударылған корейліктерді қабыл алды. Олардың отбасылары сол бір қиын кезеңде қазақ халқының, Қазақстанды мекен еткен өзге де жұрттардың қолдауы мен көмегінің арқасында аман қалды. Бүгінде тәуелсіз Қазақстанда корей ұлтының өкілдері жүз қырық этноспен бірге бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай тату өмір сүріп жатыр. Олар қазақстандық бизнесте, білім беру, медицина мен мәдениетте берік орын иемденген”, деді Елбасымыз. Маңдайға басқан бес-алты миллиардеріміздің бірінің Ким екенін де білесіз, оның кім екенін де білесіз. Президентіміз Қазақстандағы корей қауымының екі елдің арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосып отырған үлесін жоғары бағалады. Қазақстан жылы Корея Республикасының барлық азаматтарына біздің еліміздің мәдениетімен, өнерімен, тарихымен және қазіргі өмірімен танысуға мүмкіндік беру арқылы қызғылықты да пайдалы болатынына сенім мол. Корея Республикасының Президенті Ли Мён Бактың сөзі де әсерлі шықты. “Біз Қазақстан Президентімен туысқан-бауыр болып алған сияқтымыз. Президент Назарбаевтың бұл жөнінде не ойлайтынын мен білмеймін, әйтеуір өзім солай ойлаймын”, деген Ли Мён Бак залдағы Елбасымыздың райлана күліп, бас изегенін көрген соң орысшалап “Спасибо” деді де сөзін әрі қарай жалғап кетті. Корея басшысы корей мен қазақ тілдерінің бір тілдік топқа – урал-алтай тобына жататынын еске салып, сахна төрінде отырған “Отырар сазы” оркестрі өнерпаздарының ұлттық костюмдерінің әдемілігін де лайықты бағалап өтті. “Қазақстанның Кореядағы жылы екі мемлекет қарым-қатынастарының тарихындағы ең жарқын оқиғаға жатады. Келесі жыл Кореяның Қазақстандағы жылы болмақшы. Біздің елдеріміз туысқан мемлекеттерге айналуда”, деді Ли Мён Бак.
Концерттен кейін Нұрсұлтан Назарбаев пен Ли Мён Бак бейресми кешкі қонақасы кезінде тағы кездесіп, бірқатар мәселелерді талқылады. Мақаланың басында айтқанымыздай, екі ел басшылары өткен жылдың мамыр айында ғана кездессе де, сол сапар барысында іскер топтар өкілдері сантүрлі мәселелерді талқыласа да, одан бергі бір жылдай уақыттың өзінде қарастыратын тақырыптар қордаланып қалыпты. Оңтүстік Корея – Қазақстанның сыртқы экономикалық басымдықтар жүйесінде көрнекті орын алатын мемлекет. 2009 жылы Қазақстан мен Кореяның арасындағы сауда айналымы 505,6 миллион долларды құраған. Көп пе, аз ба? Аз да емес сияқты. Ал 2008 жылы осы көрсеткіш 754,1 миллион доллар болғанын ескерсеңіз, ойланатын жайлар бар. Әрине, бұл арадағы негізгі себеп дағдарысқа байланысты. Сыртқа шығарылатын шикізаттың азаюына байланысты экспорттың да, импорттың да кемігенін көріп отырмыз. Бір елге ғана шығарылған экспорттың көлемі осыншаға азайғанын оқырманға әдейі басын ашып айтуды артық көрмедік. Экспорттық түсімдер мұнша құлдырап кеткенде де елімізде халықтың әл-ауқаты сыр бермегенін, сыр бермегені былай тұрсын – жалақы да, зейнетақы да, шәкіртақы да дағдарысқа дейін мөлшерленген деңгейде өсірілгенін, дағдарыстан кейінгі дамудың негізі қаланып жатқанын біз әрқайсымыз есте ұстауға тиіспіз. Ал алғашқы тоқсанның қорытындысы бойынша еліміздегі ішкі жалпы өнімнің өсімі 6,5 пайыз болғанын біз осы жаққа жүретін күні шыққан нөмірде жазғанбыз.
Қазақстан экспортының негізгі бөлігі шикізат материалдары – уран, ферроқорытпа, қоспасыз болат пен темір прокаты, алтын, мыс. Бұлардан біз негізінен электроника, құрал-жабдық, мәшине жасау өнімдерін алып жатырмыз. Қазақстан Ұлттық банкі берген мәлімет бойынша, 1993-2009 жылдар аралығында бізге құйылған тікелей инвестициялардың жалпы көлемі 3,4 миллиард долларға жеткен екен. Қазақстанда корей капиталы қатысатын 300-ден астам бірлескен кәсіпорындар жұмыс істейді. Осының алдында ғана, 23-26 наурыз күндері Сеулге Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев келіп кеткен, Корея Республикасының Білім экономикасы министрімен, бірқатар компаниялардың басшыларымен келіссөздер жүргізген. Корея іскер элитасының өкілдері екіжақты кездесулер кезінде корей капиталын Қазақстанда белсендірек ете түсуге мүмкіндік бар екендігіне көптеген мысалдар келтірді. “Юсон метал” компаниясы мен Жамбыл облыстық әкімшілігі арасында кремний кенішін игеру жөніндегі келісімге қол қойылғалы екі жылдан астам уақыт өткен екен. “Юсон метал” Қазақстанда бір жылда өндірілетін кәдуілгі силикатты 800 мың тоннадан 1 миллион тоннаға, металл силикатты 80 мың тоннадан 100 мың тоннаға жеткізуді көздеп отыр. Атом энергиясының бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық келісімнің де көкжиегі кең. Оның үстіне Елбасымыздың жақында Вашингтонда өткен жаһандық саммитте Қазақстанның бейбіт атомды игеруі жөнінде бүкіл әлемге айтқаны тағы бар.
Кеше таңертең Кореяның іскер элитасы өкілдерімен бизнес-форум ұйымдастырылды. Түске дейін Президент Корей елінің ең ірі өнеркәсіп алпауыттарының басшыларымен кездесті. “Самсунг С T” компаниясының президенті Чи Санг Ха, “ПОСКО” болат балқыту компаниясының президенті Чунг Джун Янг, “Эс-Ти-Экс групп” көп салалы концернінің президенті Канг Док Су, “Пунгсан Корпорэйшн” кең ауқымды мақсаттағы металл өндірісі жөніндегі компания басқармасының төрағасы Джин Рю, “Сеул Семикондактор” жарық диоды компаниясының президенті Ли Чанг Хунмен кездесті.
Корея Республикасының Премьер-Министрі Чон Ун Чанмен жұмыс бабындағы түскі дәм кезінде де елдер экономикасына, атап айтқанда, жаңа инвестициялық жобаларды іске асыруға қатысты көптеген жайлар әңгіме етілді.
Кеше түстен кейін Нұрсұлтан Назарбаев Корея Президентінің “Чонгвадэ” резиденциясында ел басшысы Ли Мён Бакпен аз адамдық аяда кездесті. Келіссөздер кезінде екіжақты қарым-қатынастардың құқықтық негізі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Корея Республикасына 1995 жылғы мамыр айындағы мемлекеттік сапары барысында қол қойылған Өзара қарым-қатынастар мен ынтымақтастықтың негізгі қағидаттары туралы декларация болғаны разылықпен атап өтілді.
Келіссөздер барысында екі жақты ынтымақтастық мәселелерінің кең көлемді ауқымы талқыланып, екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті бекіте түсуге бағытталған шаралар анықталды.
Қазақстан мен Оңтүстік Кореяны ертеден келе жатқан достық, әріптестік қатынастар байланыстырады. Жоғары деңгейдегі қарқынды үнқатысу жалғасын табуда.
Екі елдің сауда-экономикалық ынтымақтастығының дамуы жедел қарқын алып отыр. Қазіргі кезде Қазақстанда корейлік капиталдың қатысуымен 300 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Оңтүстік Кореяның Қазақстан экономикасына салған тікелей инвестициясының жалпы көлемі 3,4 миллиард долларды құрайды.
Екі ел арасындағы парламенттік ынтымақтастық та ойдағыдай дамып келеді. Қазақстан Парламентінде Оңтүстік Кореямен ынтымақтастық жөнінде топ құрылса, Корея Республикасының Ұлттық Ассамблеясында Қазақстанмен достық қауымдастығы құрылған. Сондай-ақ Үкімет, министрліктер мен ведомстволар, іскерлік топтар деңгейіндегі келісімдер ойдағыдай жүзеге асу үстінде. Жақында ғана бұл елге мемлекетіміздің көшбасшы партиясы “Нұр Отан” Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин бастаған делегация келіп қайтқанынан оқырман қауым хабардар.
Қазақстан мен Корея мемлекет басшыларының қатысуымен бірқатар екі жақты құжаттарға – Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Корея Үкіметі арасында Корея дипломатиялық өкілдіктерінің ғимараттары үшін Астана қаласында жер телімдерін беру жөніндегі келісімге Қазақстан жағынан еліміздің Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев, Корея жағынан Сыртқы істер және сауда министрі Ю Мён Хван, Қазақстан Республикасының Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі мен Кореяның Білім экономикасы министрлігі арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық жайындағы меморандумға Қазақстан жағынан Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев, Корея жағынан Білім экономикасы министрі Чой Киан Хва, “Қазатомпром” мен “Korea Resources Corporatіon” және “Korea Elektrіk Power” арасындағы ынтымақтастыққа қатысты өзара түсіністік туралы меморандумға Қазақстан жағынан “Қазатомпром” президенті Владимир Школьник, Корея жағынан “KEPCO” президенті Ким Сан Су қол қойғаннан кейін, елдер басшылары журналистер үшін баспасөз мәслихатын өткізді. Өз сөзінің басында: “Біз бір бірімізге керек әріптестерміз” деген Ли Мён Бак: “Қазақстанның қарымы қайран қалдырады, ана жылдары елдеріңіздің ІЖӨ-нің жыл сайынғы 9-10 пайыздық өсіміне қол жеткізгендеріңізді білеміз”, деп атап айтты. Баспасөз мәслихаты кезіндегі сөзінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Корея басшысымен бұл кездесуі соңғы екі жылдың ішіндегі үшінші кездесуі екенін, өз сапарының басты мақсаты елдер арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтіп, тереңдете түсу болып табылатынын атап айтты. Биыл Қазақстан үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға кіріседі, ол жоспарларды орындау барысында біз корейлік әріптестерімізбен кең көлемді ынтымақтастыққа үміт артамыз және соған дайынбыз, деді Елбасымыз. Нұрсұлтан Назарбаев қол қойылған іскерлік келісімдердің арасынан мұнай-газ және мұнай-химия өнеркәсібі, мәшине жасау, атом энергетикасы мен уран өндіру салаларындағы өзара іс-қимыл жөніндегі уағдаластықтардың аса маңызды екенін ескертіп өтті. Президент сөзінен Кореяға қазақстандық 2 миллион тонна астық экспортталатынын, ауыл шаруашылығының басқа да салаларында ынтымақтастық арта түсетінін естіп, ішіміз жылып қалды. Кейінгі жылдарда мол өндірілген бидайдың базары қусырылыңқырап тұрғанын бәріміз де білеміз.
Келіссөздер барысында Қазақстан мен Корея Республикасының халықаралық аренадағы өзара іс-қимылы мәселелері де кеңінен талқыланыпты. Біз өңірлік саясаттың түйінді мәселелерін – Корея түбегі мен Орталық Азиядағы жағдайды, ядролық қарусыздандыру мен таратпау проблемаларын, Ауғанстан тақырыбын қарастырдық, деді Нұрсұлтан Назарбаев. Айтқандай, баспасөз мәслихатында Оңтүстік Корея басшысы сөздің ретін пайдаланып, Солтүстік Кореяның ядролық проблемасы келіссөз жолымен шешілуге тиіс деп санайтынын да аңғарта кетті. Жалпы, кешегі Вашингтон саммитінен кейін Нұрсұлтан Назарбаевты бүкіл әлемде қарусыздану үдерісінің аса көрнекті қайраткері деп бағалау біржола орныққанын қазір анық көріп отырмыз. Өңірлік проблемаларды шешуге үйлестірілген көзқарас екі елдің мүдделеріне сәйкес келеді. Мұның өзі Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығын, Қазақстан мен Кореяның АӨСШК және басқа да халықаралық ұйымдар аясында тығыз ынтымақтастығын ескере келгенде өте маңызды. Ел басшыларының жаһандық қаржылық-экономикалық дағдарыстың салдарларын еңсеру және дағдарыстан кейінгі дамудың негізін қалау жөніндегі көзқарастары да бір арнада тоғысқаны баспасөз мәслихатында анық байқалып тұрды.
Ең маңыздысы – Қазақстан Президенті екіжақты келіссөздер біздің мемлекеттеріміздің қарым-қатынастарын жаңа деңгейге – стратегиялық әріптестік деңгейіне шығарып бергенін қадап айтты. Таңғы шық еліндегі екі күндік сапардың басты қорытындысы да міне, осы.
Сауытбек АБДРАХМАНОВ “Егемен Қазақстан” – Сеулден.