Аймақтар • 15 Ақпан, 2021

Түркістан облысында көкпар кезінде атыс ұйымдастырғандар анықталды

146 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістан облысының полицейлері қару қолданып, бұзақылық жасаған күдіктілерді ұстады, деп хабарлайды Egemen.kz

Түркістан облысында көкпар кезінде атыс ұйымдастырғандар анықталды

Қазығұрт АПБ кезекші бөліміне учаскелік инспекторлардан бос жайылымда болған көкпарды тоқтату кезінде белгісіз біреулердің қару қолданғаны туралы хабарлама келіп түсті.

Аталған жайтты Қазығұрт полицейлері тіркеп, жедел-іздестіру шараларына кірісті. Жедел жүргізілген арнайы операция нәтижесінде Түркістан облысы ПД криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері Түркістан облысы ҰҚКД және ҚР Ұлттық ұланының «Бүркіт» арнайы жасағымен бірлесіп, Қазығұрт кенті көшелерінің бірінде «ВАЗ» маркалы автокөлікті тоқтатып, 4 күдіктіні ұстады. Ұсталған Қазығұрт ауданының 4 жас тұрғыны полиция бөліміне жеткізілді.

Күдіктілерді тінту кезінде полицейлер сөмкені тауып алып, одан заттай дәлел ретінде 16 калибрлі шолақ мылтық пен оқ-дәрілерді тәркіледі. Жедел уәкілдер күдіктілердің үйін одан әрі тінту кезінде қосымша 16 калибрлі аңшылық мылтық пен екі травматикалық тапаншаны тапты.

Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша ҚР ҚК 293 және 287 баптары бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Жастар қамауға алынды. Полиция қызметкерлері күдіктілердің басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп, қарудың қайдан алынғанын анықтап жатыр.