Руханият • 15 Ақпан, 2021

Құнды мұра жайлы жаңа деректер

643 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

2021 жылдың 8 қаңтарында «Egemen Qazaqstan» газетіндегі Бекен Қайратұлының «Қорда тұрған құнды мұра» атты мақаласын оқып, ол жайлы пікір білдіргенді жөн көрдім.

Мақалада «Мекеменің ғылыми-әдістеме жөніндегі орынбасары Қайыржан Күзембаевтың айтуына қарағанда, бұл шығарма фиқһ ілімін, яғни ислам заңдары жинағын тәпсірлеген аса бағалы туынды. Авторы екі адам, нақтырақ айтқанда, қос ғұламаның біріктірілген еңбегі. Біріншісі – Шамсуддин Мухаммад бин Хусамуддин әл-Хорасани әл-Кухустани атты ғалым болса, екіншісі хижраның 953-жылдары дүниеден өткен (милләди күнтізбесі бойынша 1546 жылы) Фаһруддин бин Ибраһим әпәнді әл-Қазани деген адам екен.

Кітап жайлы анықтамалықта бұл туынды хижраның 941 жылы (миллəди күнтізбесі бойынша 1534 жыл) зұлқиджа айының 18-жұлдызы сəрсенбіде жазылып біткені жайлы таспаланыпты. Бірақ арада үш ғасырдан астам уақыт өткенде, яғни хижраның 1308-жылы (1890) ережеп айында жарық көргені жайлы жəне баспадан шығар тұста қаңтар айында бірінші басылымына, ал тамыз айында екінші басылымына рұқсат алынғандығы туралы дерек сақталған.

Кітаптың бірінші бөлігі – «Жамиғ ар-румуз» деп аталып, мұнда Шамс ад-дин әл-Кухустанидің ханафи мəзһабы бо­йынша ислам фиқһтерінің (заңдарының) тəпсірі жазылған.

Келесі бөлігі – «Ғауас əл-бахрайн» деп аталады екен. Мұнда негізінен ға­­лым Фахруддин əл-Қазанидің ислам ілім­­деріне жасаған түсіндірмесі беріл­ген.

Бұл бөлім 93-беттен басталып 712-бет-пен аяқталған. Мұнда сауда-сат­­­тық түрлері мен шарттары, өсім тура­сын­­да, жалға алу-беру талаптары, кепіл, серік­тестік, өсиет, ұрлық, қылмыс се­кілді т.б. тақырыптар қамтылған. «Кітап­тың алғашқы бетінің жоғары жағында «Кітаптың иесі Мулла Даруиш бин Ма­хан» деген арабша жазу бар.

Осыған қарағанда бұл адам туынды­ның жарық көруіне атсалысқан жəне авторлық құқына иелік етуші тұлға болса керек», дейді Қайыржан Ғизатұлы» деп жазылыпты.

Қазақ жерінің орта ғасырлық ойшыл перзенттерін зерттеп жүргендіктен де астанада еңбегі сақтаулы Шамс ад-дин әл-Кухистани жайлы шағын хабар мені қызықтырды. Сөйтіп ол жайлы жазба деректер іздестіре бастадым.

Шамс ад-дин Мұхаммед бин Хұсам ад-дин әл-Хорасани әл-Кухистани кім? Оның қаламынан туған нендей еңбек? Осы мәселелер бойынша бірқатар жазба деректерді қарап шықтым. Әлі әзір табылғаны аталған Хорасан перзентіне қатысты ғана. Екінші зиялы туралы тағы да іздестіре түсермін. Әуелі Шамс ад-диннің өмірі мен оның аталған еңбегінің мән-жайына тоқталайын.

Кухистандық ғалым туралы Осман тарихшысы Хаджи Халифа ( Әл-Аллама әл-Маулай Мұстафа бин Абдалла әл-Құстантани ар-Руми әл-Ханафи аш-ша­һир мулла Катиб Челеби), араб қалам­герлері Әбу Рида Каххала, Исмайыл паша әл-Багдади, Саркис, Зирикли, түрік ғалымдары және неміс шығыстанушысы К.Брокельман және т.б. белгілі ғалымдар еңбектерінен азды-көпті мағлұматтар табылды.

Әуелі Шамс ад-диннің өмірбаяны­на назар салайық. Түрік ғалымдары Ахмет Өзел мен Ахмет Йаман «Хорасан кент­терінің бірі Кұхистаннан шыққан Шамс ад-дин Мұхаммед бин Хұсам ад-дин әл-Хорасани әл-Кухистани ой­шыл ханафит ғалым. Әмір Темір (1366-1405) әміршілерінің бірі Хұсейн Бай­қараның ұлы Сұлтан Мұзаффар Хұсейн Мырза заманында Гератта шайх әл-ислам Һарауидің (Казы Әбу-л-Мали әл-Һарауи­дің) шәкірті болған. Исам ад-дин әл-Исфарайнидің сыныптасы еді. Кітап ісімен (кітапты көшірумен) айналысып күн көрген. 1507 жылы Ге­ратты да Ақсақ Темір әулетінен тар­тып алған шайбанилердің көсемі Шай­бани хан (Шаһибек хан) (1451-1510) ирандық Сафауи Шаһ Исмайлдан (1517-1576) жеңіліп, аймақтағы сүнни мұсылмандарға қысым көрсетіле бас­тағанда Шамс ад-дин Кухистани Бұха­рада бейтараптық көрсетіп тыныш отыр­ды. Сафауилермен де соғысып, Ба­быр­ды да 1512 жылы жеңіліске ұшы­ратып Мауараннаһрда билік құрған Мұха­мед Шайбани хан көшпелі өзбектер мемлекетінің билеушісі Әбілхайыр ханның шөбересі еді. Ал Убайдулла хан (Шаһибек ханның) інісі Махмұт сұл­танның ұлы-тын. Оның тұсында Иран­дағы Сафауи мемлекетінде шиизм кү­шейді. Осындай кезде Шамс ад-дин әл-Ку­хистаниді сол Убайдулла хан әмір­ліктің бас қаласы Бұхараның мүфтиі етіп тағайындады. Құрметке бөленген әл-Кұхистани Мауараннаһдың барлық аймағына хадис, уағыз таратып отырды. Сөйтіп Шамс ад-дин Бұхарада қайтыс болды. Дүниеден өткен мерзімі ретінде 1543 немесе 1546 яки 1556 жылдар көрсетіледі» деп жазған.

Шамс ад-дин әл-Кухистани Мұхам­мед Захир ад-дин Бабыр (1483-1530) мен оның бөлесі, қазақ халқының қайта­ланбас дара тұлғасы Мұхаммед Хайдар Дулатидің (1446-1551) замандасы болатын. Ал Убайдулла хан Мұхаммед Хайдар Дулатидің әпкесі Хабиба Ха­нышқа үйленген, яғни Убайдулла хан М.Х.Дулатидің жездесі.

Сөз болып отырған кез сөйтіп Асқақ Темір ұрпақтарынан шайбанилердің Орта Азияның Ташкент, Әндіжан, Мар­ғұлан, Самарқан мен Бұхара және қазіргі Тәжікстанның да біраз жерлерін тартып алу үшін феодалдық аласапыран соғыстар жүргізіп жатқан кезі-тін.

Шайбанилердің Шамс ад-динді Бұха­раның мүфтиі етіп тағайындағанына қара­ғанда олардың Кухистан перзентіне деген ықыласы жақсы болса керек. XV-XVI ғасырларда Орта Азия мен Қазақ­­станның оңтүстігін де қамтыған діни, әулет, тайпааралық шайқастар жай­лы М.З.Бабырдың «Бабыр намесі» мен Мұ­хаммед Хайдар Дулатидің «Та­рих-и Раши­­диінде» егжей-тегжейлі жазыл­ған­дықтан да бұл жерде оған тоқталмай-ақ қояйын.

Бір кездері тақ үшін таласып қырық пышақ болған Бабырлықтар мен шайба­ни­лердің көпшілігі қазір Бұхарада бір қабірстанда жатыр.

Шайбанилерге қарсы тұрар қауқары жоғын пайымдаған Бабыр баба Кабулден Үндістанға, ал М.Х.Дулати Қашғардағы жездесі Сайд ханға, біраз жылдардан соң Кашмирге кетті. Екеуі де Үндістан же­рінде дүниеден өтті. Бабыр қазір Кабулде, М.Х.Дулати Кашмир астанасы Сри­нагардағы «Мазари Салатинде – «Сұлтандар марзатында» жатыр.

Бұхара демекші Шамс ад-дин әл-Ку­хис­танидің өмірі мен еңбегі жайлы Өз­бекстанның әл-Бируни атындағы Шы­ғыс­тану институтының қолжазба қоры­нан да бірер дерек ұшырасты.

Хорасандық ғалым (әл-Кухистани) туралы аталған Институттың қолжазба қоры каталогынан да төмендегідей жазба материал таптым.

«Шамс ад-дин әл-Кухистани Садр аш-Шариа (немесе Убайдулла бин Ма­суд бин Махмұд әл-Махбубидің «Уиқая ар-риуайа фи масаил әл-Һи­дая» атты шығармасына «ан-Нуқая» атты түсіндірме жазған дейді» өзбек шығыстанушылары. Сондай-ақ олар оның аты-жөнін «Шамс ад-дин Мұхам­мед әл-Кухистани ас-Самлани әл-Хора­сани (?-1554)» деумен қатар өмірбаянына да қысқаша тоқталған.

«Шамс ад-дин Хорасанда туылғаны­мен Кухистанға қоныс аударған (Иран­ның оңтүстік шығысындағы Кухистан кенті қазір де бар). Кухистанда Шамс ад-дин «Ан-Нукаяға» түсіндірме жазуға кіріскен. Діни-саяси істерде де аласапыран кездің жағдайы оны да жанап өтпеді. Әйтсе де ол түсіндірме ісін жалғастыра берді. Екі жарым жылдай тер төккен ол 1533-1534 жылдары (қолжазбаның алғашқы нұсқасын) аяқтады да оны «Жами ар-румуз» деп атады. Біржола біті­руге шииттердің шабылуынан қай­мы­ғуы себеп болды да 1537 жылы шайбанид Убайдулла ханның ордасына (Бұхараға) қоныс аударды. Убайдулла хан оған ол сүннизмге адал белгілі ғалым болғандықтан қамқорлық жасады да оны бүкіл Мауараннаһрдың мүфтиі етіп тағайындады. Ол сонда (Бұхарада) өзінің негізгі еңбегін толық өңдеп, тузетулер жасап бітірген соң, оны Убайдолла ханға тарту етті.

Бізге Шамс ад-дин әл-Кухистанидің үш еңбегі жетті. Олар:

  1. Лүтфулла Насафи Фадил әл-Кай­данидің (?-1349) «Муталлиб әл-му­сал­ли» атты діни шығармасына жаз­ған түсіндірмесі. Ол жайлы неміс шығыс­танушысы К.Брокельманның «Geschichte der Arabischen Litteratur» (қысқаша «GAL»), II том, 198 бет» және GAL-дың «Қосымшасы» (Supplementband), II том, 269-бет) атты еңбектерінен қарауға болады. «Муталлиб әл-мусалим» әдетте «Фиқһ әл-Кайдани» деп аталады. Түсін­дірме 1540 жылы аяқталған.
  2. «Әл-Фауаид ад-дийа» («Дийа ад-динге кеңес», парсыша «аз-зийа»). Дийа – уағыз, ақыл, тәлім, нұсқау, ереже деген мағынаны білдіреді. Бұл атақты ақын Абд ар-Рахман әл-Жамидің тіл мәселесіне қатысты Әбу Амр Жамал ад-дин Усман Ибн әл-Хаджибтің (1175-1249) «әл-Кафайа» атты тракта­тына (ол кейде «әл-Мұқаддима әл-кафи фи-н наху» деп аталады) жасалған супер­түсіндірме. Шамс ад-дин әл-Кухис­та­нидің бұл шығармасы жайлы да К.Бро­кель­манның (K.Brokelmann) GAL, I том, 304 бет және GAL-ға жасалған «Қосым­шасынан» (Supplementband I том, 533-бет) қарауға болады.

Осман тарихшысы Хаджи Ха­лифа (1609-1657) Шамс ад-дин әл-Кухис­та­­ниді дүниеден өтті деп 1554 жылды көрсеткен. Ол «Жами ар-Румуз» түсін­дір­месінің авторы ретінде Шамс ад-дин әл-Кухистанидің білімі мен беделіне жоғары баға берген. Дей тұрғанмен тілші, әдебиетші Әбу Исхақ Исам ад-дин әл-Исфараини ас-Самарқанди (1438-1538) мен Әли әл-Қари әл-Һарауи (екеуі де) «Шамс ад-дин әл-Кухистани өз ке­зінің кітап сатушысы ғана еді. Өз заман­дастары арасында құқықтың (фиһ­тың) білгірі немесе білімі яки бас­қа да істерімен белгілі емес-ті. Өз түсін­дірмесінде ол «арық пен семізді (яғни арық пен қайырымды, сенімді мен әлсіз­ді тексере және түзетіп анықтай алған жоқ. Ол отынға түнде барған кісі сияқ­ты еді, өз ісінде өңделмеген шикі мен піс­пегенді ажырата алмады» деп кінә таққан.

Ал Хаджи Халифа Исам ад-дин әл-Исфараини мен Ибн әл-Хаджибтің Шамс ад-дин әл-Кухистаниге айтқанымен келіс­пей «әл-Кухистанидің еңбегі өте пай­далы, аса бір ыждаһаттылықпен жа­зыл­ған дүние. Исам ад-дин әл-Исфараини әл-Кухистанидің фиқһ бойынша ғұлама­лар арасында биік дәрежелі орында бол­маған және қуаттылығы жағынан әлсіз, дұрыс-қате деп бірнеше нәрселерді «Жа­миғ ар-румузде» терең зерттей ал­ма­ған деген. Дегенмен еңбекке үлкен қызығу­шылық танытқан ортағасырлық османдық ғалым Илаһизаде Мұхаммед бин Йусуф әл-Бурсауи әл-Кухистани еңбегіне хашия (түсіндірме) жазған. Ол «Жамиғ ар-румузге» шарх жазған әл-Кухистаниді әл-Исфараинидің сына­ғанын замандастар арқасында жиі кезде­сетін бәсекелестіктің әсері. Сол себепті де ол Шамс ад-динге шектен тыс сын сада­ғын қадаған» дейді.

  1. «Сирадж ад-дин әл-Ушидің «Бад әл-амалиіне», яғни діни уағызға қатысты өлеңдеріне түсіндірме жазған.

Сирадж ад-дин Уши (Әбу Мұхаммед [Әбу-л Хасан] Сирадж ад-дин Әли бин Усман бин Мұхаммед ат-Тайми әл-Уши әл-Матуриди әл-Фарғани – ?-1179) ханафит фақиһ ғалым. Қырғызстандағы Ош шаһарында тұрған. Ол жайлы орта ғасырлық әл-Құраши, Ибн әл-Құтлуба секілді ғалымдардың жазбалары бар.

«Әл-Амали» («әл-Қасидату-л ламийа, «Бади-л амали) Матуриди ақидасына сай жазылған рисала. Сирадж ад-дин Ушиді де Хаджи Халифа (Катиб Челеби), неміс шығыстанушысы К.Брокельман (C.Brokelman, GAL, Suppl. I, 765-бет) да өз еңбектерінде атап өткен.

Хаджи Халифа (Катиб Челеби) «Кашф аз-зунун ан асами әл-кутуб уа-л фунун» атты араб тілінде жазған еңбе­гінде (ІІ том, 1802, 1971-1972 беттер) «Маулана Шамс ад-дин әл-Кухистани «Һижраның 950 жылдар аралығында дүниеден өтті. «Шархы» (түсіндірмесі) «Аралас (еңбек). Әл-Хамдулилла (ол қағиданы көтерді» деп қысқа қайыра отырып, тағы бір беттерінде (1971-1972) «әл-Маула Шамс ад-дин Мұхаммед әл-Хорасани, соңыра Кухистани, кейінірек Бұхараға келіп қоныстанған» дейді.

Исмайыл паша әл-Багдади (?-1920) «Һа­диату-л арифиин асма әл-муалла­фиин уа асар әл-мусаннафиин мин «Кашф аз-зунуніде» (ІІ том, 241-бет) «Мұ­хам­мед бин Хұсам ад-дин әл-Хо­ра­сани әл-Кухистани Шамс ад-дин әл-Ханафи һижраның 962 жылы дүниеден өтті. Ол «Жамиғ ар-румуз фи шарх ан-Нуқая», «Жамиғ ән-мабани фи шарх фиқһ әл-Қайданидің авторы» дейді. Мұн­да ол оны басқа деректерде көрсе­тіл­­меген Мұхаммед деген есімімен атай оты­рып, Шамс ад-диннің ханафит еке­ніне көңіл аударған, әрі Шамс ад-дин деген ныс­пысын, есім сойын сөйлемнің соңында келтірген.

Карл Брокельман «Geschichte der Arabischen Litteraturасының» бірінші томының 369-бетінде «Шамс ад-дин Мұ­хаммед әл-Кухистани [һижраның] 952/1545 жылы қайтыс болған» дей келе, оның еңбектерінің Лакнау, Калькутта (Үндістан), Стамбұл (Түркия), Қазанда (Татарстанда) сақтаулы екенін жазған. Сол кітабының 469-бетінде «Жамиғ ар-румуздің» (авторы Шамс ад-дин Мұ­хам­мед әл-Кухистани [һижраның] 950/1534 жылы дүниеден өткен» дейді де «Жами ар-румуздың» әлемінің қандай кітапха­наларының қолжазба қорларында екенін айтқан.

Карл Брокельманның аталған кіта­бы «Қосымшасының» (GAL, Erster Sup­plementband, Leiden E.J. Brill 1937)» 533-бетінде Абд ар-Рахман Джа­ми­дің «әл-Фауаид ад-дийаийасы» кітап­тың қыс­қаша түсіндірмесі деген. Осы «Қо­сым­­шаның» 648-бетінде де Орта Азия­ның белгілі ханафит ғалым Садр аш-Шариа­ның Убайдулла бин Масуд бин Умар бин Убайдулла бин Махмұд әл-Махбуби, «Садр аш-шариа ас-сани» (?-1346) «ан-Нукаясына жазған түсіндірме­сі­нің жаһанның қандай ел­дері мен кітапха­наларында сақтаулы еке­нін көрсеткен.

Араб библиографы Әбу Рида Кахха­ла «Муъджам әл-муаллафиин тарад­жим мусан­нафи әл-кутуб әл-арабийа», Бей­рут (жылы көрсетілмеген), 9-томының 179-бе­­тінде Кухистан перзентінің есім тіз­бегін «Мұхаммед әл-Кухистани (?-1555)» деп бастаған да «Мұхаммед бин Хұ­сам ад-дин әл-Хорасани әл-Кухистани әл-Ханафи (Шамс ад-дин) дей отырып, әрі қарай «Фақиһ (заңгер) Бұхарада тұр­ды. Еңбектері «Жамиғ ар-румуз фи шарх ан-Нукая», «Жамиғ әл-мабани фи шарх әл-Кайдани», «Шарх мукаддима ас-салат», ал ол Ханафи фиһқы­ның бір тармағы» деген. Ол жайлы Хаджи Халифа, Исмаиыл патша әл-Бағдади, аз-Зирикли еңбектерінде де айтылатынын ескерткен.

Енді түсініктірек болу үшін Шамс ад-дин әл-Кухистанидің өмірі мен шы­ғармашылығында аттары мен еңбектері атал­ған немесе арнайы сөз болған зия­лылар мен түрлі парасат иелері, тіпті Шамс ад-динді сынағандардың өмір­дерегі мен еңбектері туралы да қысқаша болса да айта кетейік.

  1. Лутфулла Фадыл ан-Насафи әл-Кайдани (?-1349) Өзбекстанның бұ­рынғы Насаф, қазіргі Қаршы қаласында туылған көрнекті ғалымдардың бірі. Лутфулланың «фиқһи Кайдани және Исламның фиқһ іліміне қатысты «Ри­сала фи унуани-л машруғат уа ғай­ри-л машруғат уа ахкамуһа» атты шығарма­лары бар. Лутфулла моғолдар кезінде бірте-бірте жоғалып бара жатқан фиқһ ілімін жандандыруға тырысқан. Сол себепті де ол «Фиқһ әл-Кайдани» атты аталған еңбегінде ғибадат мәселелерін көбірек сөз еткен.
  2. Әбу Исхақ Исам ад-дин Ибраһим бин Мұхаммед бин Арабшаһ әл-Исфа­раини ас-Самарқанди (1468-1538) тіл­ші және әдебиетші ханафит ғалым. Абд ар-Рахман әл-Жамидің шәкірті. Тіл, ше­шен­дік өнері, логика, философия, калам сала­ларында жетістіктерге жеткен. Герат пен Бұхарада сабақ берген. 1538 жылы Самарқанда дүниеден өтті. Біздің заманымызға оның көптеген еңбектері жеткен. Олар:

«Шарх адаб ас-Самарқанди фи адаб әл-бахс»

«Хашийа ала тафсир әл-Байдауи»

«Шарх рисала «ар-Рашихйа фи ақсам әл-истиарат»

«Шарх аш-Шамаил ли-т Тирмизи»

«Шарх тауалиғ әл-ануар ли-л Байдауи»

  1. Әли әл-Қари (Әбу-л Хасан. Нур ад-дин Әли бин Султан Мұхаммед әл-Қари әл-Һарауи – ?-1605) белгілі ханафи ғалым. Гератта (Қазіргі Ауғанстанда) туған. Алғашқы білімді өз елінде алған соң Меккеге қоныс аударған. Онда Әбу-л Хасан әл-Бакри, Муттаки әл-Һинди, Ибн Хаджар әл-Хайсами және Қутб ад-дин әл-Макки секілді өз кезінің бел­­гілі ғалымдарынан дәріс алған. Әуел­гіде фиқһ, хадис, қираат салаларымен айна­лысты, сондай-ақ тафсир, ақаид және калам, тасаууф, тарих, хуснихат (көр­кем жазу), тіл және әдебиет саласы да оны бейжай қалдырмады. Ол жүзден астам еңбектер жазған» (Ахмет Өзел). Сөйткен Мауараннаһр ойшыл Меккеде дүниеден өткен.
  2. Ибн әл-Хаджиб (Әбу Амр Жамал ад-дин Усман бин Умар бин Әбу Бакр бин Йунус әл-Мисри ад-Димашқи) Малики мазһабының фиқһ, калам және дін саласы ғалымы. Басында Тифлиси (тбилисилік) болғанымен, кейінірек Мысырда ғұмыр кешкен. Каирде оқыған. Каирдегі Фазилийа медресесінде, Шамда (Сирияда) Амирииа мешітінде сабақ берген. Шәкірттері арасынан Шиһаб ад-дин әл-Карафи, Әбу Шам әл-Макдиси секілді т.б. ғалымдар шыққан. Оның ең атақты шығармасы «әл-Кафийа». Оның бұл дүниесі шығыс ислам әлемі (Маш­риқ) медреселерінде кеңінен қолда­ныста болған. Қолжазбалары Римде, Ыстанбұлда, Бұлақта (Ливан), Қазанда, Бомбейде, Калькуттада, Делиде, Таш­кентте сақталуда (Ахмет Өзел).

Абд ар-Рахман әл-Жами (Нұр ад-дин Абд ар-Рахман ибн Низам ад-дин Ахмет әл-Жами (1414-1492) парсы-тәжік әдебиетінің классигі, ақын және ойшыл, нахшбандия тариқатының ірі өкілі. Көптеген поэтикалық және діни-фило­софиялық еңбектердің авторы. Ата-баба­лары әуелде Даштте, Жамда, кейінірек Гератта ғұмыр кешкен. Жас кезінде Гераттағы Дилкаш медресесі­не түсіп, өз кезінің тілші, әдебиетші ғалымдарынан дәріс алған. Араб тілін терең меңгерген. Соңыра білімін байыта түсу үшін Самар­қанға келген және Ұлықбек медресесінде белгілі астроном ғалымдар Қазизаде Руми, Әли Қусши, фақиһ Фадлалла Әбу Лайстен тағлым алған.

Гератқа қайтқан соң тасаууф жолына түскен. Өз өмірін осы салаға арнағанды жөн көрген. Әлішер Науаимен кездес­кен, сұхбаттасқан. 1476-1477 жылдары Әлішер Науаи оны өзіне пір санаған.

Осы күндері Өзбекстан мен Тәжік­стан шаһарларының көшелері, мектеп­тері Жамидің атымен аталады. Ол жай­лы Мұхаммед Захир ад-дин Бабыр мен Мұхам­мед Хайдар Дулати өз еңбек­терін­де сөз етіп, есімін құрметпен атаған.

«Қорындағы құнды мұра» жайында­ғы мақалада айтылғандары зерделеуден туған ой-пікіріміз бен онда аталған Шамс ад-дин әл-Кухистани жайлы жаңа деректердің жайы осындай.

 

Әбсаттар қажы Дербісәлі,

ҰҒА академигі,

филология ғылымдарының докторы, профессор