Руханият • 16 Ақпан, 2021

Ұлытауға бардың ба, ұлар етін жедің бе?

5835 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Ұлар жайлы ойлаған сайын балалық шағым қалған алыс күндердің елесіне шомамын. Тәңіртаудың ең биік шоқтығы – Хантәңірдің күншығыс сілеміндегі Ағаяз алқабында қыстауымыз болды. Айнала қоршаған алып таулар, күннің көзі түсер уақыт пен көлеңке басы ұзарар шақтың арасы қарғаадым ғана. Қойды қоралап, мал жайғап үйге кіргенше ымырт жабылады. Сол бір қас қарайған мезгілде төбемізден әуені жара гулетіп, атқан оқтай ұшып өтетін құс болушы еді. Ол құс – сақпанның тасындай ағып ұшатын ұлар-тын.

Ұлытауға бардың ба, ұлар етін жедің бе?

Шақырған шың басынан

ұлар ма екен,

Ұстасам балапанын,

жылар ма екен?

Халық өлеңі

 

Таң қылаң бере ұясынан жем іздеп шығады, ұшқырлығына көз ілеспейтіні соншалық, бір серпілгенде мына жалдан ана жалға өтеді. Бозамық таңда шаңқылдаған дауысын естісеңіз, үйірін адастырмай бастап бара жатқан ұлар деп ойлаңыз. Осы сырғанап ұшқан беті терең аңғар, құз жартастағы ұясына барып бірден қонбайды, қонағынан төмендеу қонып, ұясына дейін жаяулап барады. Бұл сұңғыла ұлардың басқа жыртқыш құстардан із жасырғаны. Ондай жерді қазақтар «Ұларқонақ» деп атаушы еді. Ал қорым-қорымның арасы, бауқарағанды татыраң жерге ұя салып, балапан басады.

Кешкі ас үстінде атам ет үгіп отырып әңгіме бастайтын: «Таутекелердің тебінін қуалап жайылатын ұларлар бүгін шықылықтап мал отарына қарай еңкейе жайылыпты. Көп ұзамай күн райы бұзылады. Малды құласынға жолатпай, тепсеңге қарай түсіріңдер!» деп отыратын. Сол түнгі әңгіме тек ұлар жайлы өрбуші еді. «Көбік қарда көзі көрмей қалады екен, баспалап таяқтастам жерге дейін бардым, тамылжыған даусын-ай, шіркін, сыбызғы тартып отырғандай!» деп сүйінеді ағам. «Қысқы шілде жаңа туды, ақ қар, көк мұзға бауырын төсеп ұлардың ақ май болып семіретін дер шағы енді басталды» дейді қайта сөз алған атамның көзі ұшқынданып. «Жұмырынан шыққан тасты қайнатып ішсе, қырық түрлі кеселге ем дейді ғой» деп апам бір шеттен әңгімеге араласады. «Не керемет екенін, тас теріп жейді, асқазаны тас қорытады, пышақтың ұшы батпайтын жемсауынан ұсақ-ұсақ қиыршық тас шыққанын талай көрдік қой» деп атам әрі қарай хикаясын жалғай беретін...

«Ұлытауға бардың ба, ұлар етін же­дің бе?» деген сөзді дүйім қазақ біледі. Ұлар­дың еті кебір келеді, жұртымыз оны көбінде емдік қасиеті үшін қолданған. Бала күнімізде атамыздың аузынан түс­пейтін осы Ұлытау бізге Тәңіртау секілді шыңдары көк тілген, тіпті одан да биік тау болып елестейтін. Күндер өте келе Ұлытауға да аяғымыз тиді, тоқсан тараулы тарихына қаныға бастадық. Қазақтың ел болып іргесі бекіп, басы біріккен, 36 ханды ақ киізге көтеріп хан сайлаған құйқалы қонысы, құтты мекені екен... Ұлытаудың ең биік жері – 1134 метр, ал орташа биіктігі 400-600 метр ғана. Ұлар басын қысы-жазы ақ қар, көк мұз құрсап жататын асқар тауларда мекендейді, ал Ұлытауда ұлар жоқ, жаратылыс заңы­на сүйенсеңіз, болуы мүмкін де емес. Ен­деше, ұлар жайлы сөз бола қалса алдымен тілге орала кететін «Ұлытауға бардың ба, ұлар етін жедің бе?» деген тәмсілдің шығу төркіні қалай?! Бойына қандай жұмбақ сырды, ескі тарихты бүгіп жатыр?!

Осы сауалдың жауабын біз Шығыс Түркістан қазақтарының фольклорында сақталған «Есенгелді» батыр жырынан таптық. Шамамен, XVIII ғасырдың орта тұсынан ауған, жоңғармен шешуші қан майдан, қанды жорық ашылар тұс. Абылай хан ақ туын Ұлытауға тігіп, үш жүздің баласын хан кеңесіне шақырады. Кеңес алдында семсерінің жүзіне жанын түйген үш жүздің оғландарын елдікке шақырып, ерлік пен бірліктің белгісі деп көк тасқа қашап таңбаларын салғызған. Сондағы Әбілмәмбеттің сөзі екен дейді жыр:

Және де Ұлытаудың ұларын ат,

Етін жеп, сол ұлардың қыламыз ант.

«Жеп пе едің Ұлытаудан ұлар етін?»

Дегендей кейінгіге болады салт.

Екі шартты орындап кеңес баста,

Үш жүздің басшылары, деп айтты қарт. [Бабалар сөзі: Жүз томдық. Т.29]

 Ұлы жорықтың алдында анттасу көшпелі жұрттың әлімсақтан жалғасқан жосыны. Анттан аттау өлімнен ауыр, серт берген жауынгердің жаны пида, ол еш тайсалмай жалаңаш барып жауға тие алады. Ант берудің әртүрлі жол-жоралғылары бар. Боз биенің қанына қол матырып анттасып, асықты жіліктің екі басын тең мұжып, төс қағысып анда болған. «Ерте дәуірде ерлер ант берісіп, «анда болу» рәсімін жасағанда бас бармақтарынан қан шығарып, оны ыдысқа құйып, өзара бөлісіп ішкен немесе екі батыр бармағының ұшын тіліп, қан шығарған соң, бірінің саусағынан бірі сорған» деп жазады Ақеділ Тойшанұлы «Ант» атты мақаласында. «Қанды саусақ сорысып, қандас бауыр болысып» анттасқаннан кейін кімде-кім оны қиянат жолында бұзса зауалын тартады деп сенген. Қазақ ұғымында қасиетті құс болып саналатын ұлардың етін жеп, қанына қол матырып, ел тағдыры сыналар ұлы жорықтың алдында ант беру – киелі сөзге, құдайы іске бәтуә байласу.

«Ант» сөзі де осы «о дүние, ата-баба, өлілер әлемі» деген мифтік келтіріммен сабақтас болып шығады. Сірә, «ант еткенде» батыр, жауынгер ең алдымен өлген ата-баба рухы, үрейі атынан не соған арнап сөз берген, айтқан сөзін белгілі бір «киелі сипатты» деп есептелген сұйық (су, қан, қымыз не сүт, шарап?) ішумен бекіткен» деген пікір айтады ғалым Серікбол Қондыбай. Қаймана қалың жұрт қана емес ата-баба аруағы алдында да қасам іштің. Рухтардың медет беріп, құзыры түсуін, алдағы ақ жолыңды ашық қылып, шапағатын төгуін сұрадың. Енді жауынгердің бойындағы шыбын жан киелі нұрға шомды. Серт берген істің мұраты жолында басын сұм ажал жалмаса да ол асқақ өлім болмақ. Ғалым Серікбол Қондыбай ант берудің шығу төркінін айта келіп, тамырының тым бағзыда екенін, біздің заманымызға дейінгі 50-жылдардағы хуннулар мен қытай арасындағы анттасу рәсімінен дерек келтіреді. «Тәңірқұт, оның уәзірлері және қытай елші-әскербасылары Хуан­ну тауына көтеріліп, Но өзенінің шы­ғыс жағалауына барып, ақбоз атты құр­бан­дыққа шалады. Тәңірқұт «жорық қылы­шын» (хуннулар жорық қылышын ең қасиетті қылыш деп есептеген) алып, оның ұшын шарапқа малды. Бұл – бір кезде Лаушан тәңірқұт өлтірген Жыу-жы патшаның бас сүйегінен істелген тостағанға құйылған «ант шарабы» болатын, жиналғандар кезекпен осы ант шарабын ішті». Антты кім бұзса, Көктің қаһарына ұшырап, ұрпақтарын сол анттың киесі атсын деп сөз байласады. Тарихшы Геродот та скифтердің ант беру рәсімі туралы, киелі деп есептеген сусынға қаруларын матырып, соңыра ұзақ дұға оқылғасын оны ішіп анттасатынын жазып кеткені мәлім.

Үш жүздің баласы Ұлытауда бас қосып, ант қабылдауы тегін емес. Көшпелі жұрт ант ету жоралғысын өздері киелі санап табынған таудың басы, өзеннің бойына келіп өткізген. Әрқашан да табиғатты жансыз зат ретінде қабылдамаған. Асқақ тау, алып өзендердің де жаны бар екені, осы жасаған бата, тоқтаған шешімге куә боларына сенген. Бұл нанымның тамыры тым ертеден бастау алған. Ғалым Едіге Тұрсыновтың неолит тайпалары, оның ішінде сахалардың «мекен иесіне желі арнап сыйлау» ырымы туралы келтірген мәліметі дәлел. «Ырымның мақсаты – құдайлардан, табиғат иелерінен, жындардан мал төлінің өсуін, қымыздың мол болуын өтіну. Ол үшін қулық-байталдың сүтінен қымыз дайындап, оны маймен аралас­тырып, оңаша өскен қайыңның жанына алып келіп, ақ жылқының қылына ораған бір шелек қымызды алдына: «Жер-суымыздың иесіне желі арнап сыйлау үшін келдік», деп қоятын». Жер-суға арнап қымыз шашу ырымы табиғатты жанды құбылыс деп танудан, иесі риза болса желеп-жебеп жүреді деп сенуден туындап отыр. Осы ырымның жұрнағы қазақ даласында әлі күнге дейін сақталған. Мысалға, алыс сапарға аттанар жолаушының атының жалына ақ бүркіп жатады. Көктемде алғаш күн күркірегенде ожауын тақылдатып, үйдің іргесіне, есікке, босағаға, маңдайшаға ақ жағып, тілеу тілейді.

Бүгінгі таңдағы жетілген ғылым, кибернетика ғалымдары бұл ырымдардың жалаң тотемдік наным ғана емес екенін, табиғаттың «жаны» болатынын біліп айран-асыр болып отыр. Жазушы Таласбек Әсемқұловтың «Аңыз жайындағы аңыз» атты мақаласында осы тылсым құбы­лыстың сыры жайлы айтылады. «Құм, бұл дүниеде не оқиға болды, соның барлығын кванттық деңгейде (квантовая память) «есіне» сақтайды. Шөл дала, белгілі бір жағдайда, әсіресе қатты ыстық болғанда, осы кванттық суреттерді сыртқа шығарады. Бүгінгі ғылым үшін жұмбақ құбылысты осындай ғана түсіндіруге болатын сияқты. Бір компьютерші: компью­тердегі чиптың бойындағы осы көне заманнан келе жатқан мәлімет кенеттен «іске қосылып», бүгінгі программамен қақтығысып қалады, сол кезде компьютер көпке дейін істен шығып «қалқып» қалады, көпке дейін қосылмай қояды деп айтып еді». Міне, ілкіден бері сайын даланы ен жайлаған көшпелі жұрттың жұмбағы енді шешіліп келе жатқан­дай. Ата-бабаңның мұғжизаға айналған танымына көзің жеткен сайын уақыт керуені кері көшіп бара жатқандай сезімге бөле­несің.

Абылай хан ақ туын киелі Ұлытауға тігіп, үш жүздің баласына сауын айтып, кеңеске жинауының рухани мәні осында. Ұлытаудай қасиетті мекенде айтыл­ған серт Тәңірінің құлағына шалынып, ата-баба аруағының құзырына түседі. Тарихтың тозаңына айналып кетпеу үшін ержүрек Алаш баласы андағайлап атқа қонды. Ханның кеңесінде күллі қазақ даласынан жиналған әр рудың көсемде­рі бәтуә қылған шешімді бұзбай, бойынан жаны ұшқанша күреусуге ұлардың қанына қолын малып, Ұлытауға қарап ант етті. Қанға қол матырған әр ру бас­шы­­ларының қолы соңынан ерген қа­лың елінің қолы. Хан ордасындағы ел тағ­дыры талқыға түскен ұлы құрма қазақ тарихына бұрылыс әкелді. Алқалы топ­тың кеңесін қазақ даласының шартарабы­на жаушылар таратып бара жатты. Қазақты жеңіске бастаған осы күннен кейін мерейі өскен ел аузында «Ұлытауға бардың ба, ұлар етін жедің бе?» деген тәмсіл қал­ды. Әгәрәки, кімде-кім өз жұртына опасыз­дық жасап, жасанып келген жауға берілсе «Сен де Ұлытауға барып едің ғой, ұлар етін жеп едің ғой, берген антың қайда?» деп бетіне түкіретін болған. Бүгінгі таңда қазақтың бағы асып, жұлдызы жанып жатса, сол баһадүр бабаларымыздың антына адалдығы шығар...

Ғайыптың құдіретімен сағымға бөк­кен Ұлытаудан сары даланың төсін дүбір­летіп өткен ата-баба елесі ат ойна­тып шықса!... Ұлытау бәріне куә. Ол төсі­не түскен әр ат тұяғына дейін жадын­да сақтайды. Ұлытау айтпаса да көз ал­дым мұнарланып жорық үстіндегі түмен-түмен қол келеді. Сарбаздар най­за­ла­рының ұшын айқастырып тіккен қо­сында ұлардың сүйегін отқа жағып, күлін жарақатына сеуіп отырады немесе қауырсынын күйдіріп қылыш кескен жараның қанын тоқтату үшін басып жатады. Енді бірі қапшықтан ұнтақталған ет алып шығады. Әрине, ол – ұлардың кептірген еті, жарақаттарға себеді, удай ащы, бірақ тыртық қалдырмай жазады. Ұлытауда етін жеп, қанына қол матырған ұлардың сүйегі де, қауырсыны да жорық жолында таптырмас ем.

«Ұлар – кешегі жүген-құрық тимеген арда қазақтың бізді тастап аспан жаққа көшіп кеткен рухы емес пе екен?» дейтін сөзі бар еді Есенғали Раушановтың. Осы жерде ұлардың және бір қасиеті ойға оралады. Бүркіт, қаршыға, лашын секілді өзінен әлді құстар қуғанда қана­тын қомдап қашады, егер де жеміне айна­лып бара жатса, өзін тасқа соғып өлті­ріп жібереді. Басқаның жемтігіне айнал­ғаннан ақ өлімді артық көргені. Осы­дан кейін қалайша ұларды қазақтың ас­пан­ға көшіп кеткен рухы емес пе екен демейсің?!

 

Ғылымнұр КӘДІРБАЙ,

Тұран-Астана университетінің магистранты