Руханият • 17 Ақпан, 2021

Жансебіл тағдырлы режиссер

1558 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Жазушы Жүсіпбек Қорғасбек әңгімесінің желісі бойынша 1991 жылы түсірілген «Жансебіл» фильмін көрмеген, білмейтін көрермен кемде-кем. Сондағы, әсіресе, актер Қасым Жәкібаев сомдаған «Абыралыға баратын кім бар, Абыралыға баратын кім бар?» деп жанұшыра темір жол вокзалында айқайлайтын, қос аяқтан бірдей айырылған дәрменсіз қария бейнесі фильмді көргеннің көз алдынан оңай кетпейді, жүрегі бар жанның жанарын еріксіз жасауратады. «Қасым Жәкібаев «Жансебілді» ашты, «Жансебіл» Қасым Жәкібаевты ашты» деген тіркестің бүгінде қанатты сөзге айналғаны сол себепті де болар. Әйтеуір, бұл киноны Қасым Жәкібаевсыз елестете алмайтынымыз ақиқат. Десек те, «Жансебіл» жайлы өрбіген әңгіме орайында Жәкібаевтың жұлдызын жаққан және бір жанды естен шығаруға хақымыз жоқ. Ол – фильм режиссері Аяған Шәжімбай.

Жансебіл тағдырлы режиссер

Сценарий

«Жансебілге» дейін өзін тек деректі фильм жанрында дәлелдеген режиссер алғашқы төл көркем фильміне іштей үлкен дайындықпен келді. «Қазақ әдебиеті» газетінің кезекті санынан сол кездегі жас жазушы Жүсіпбек Қорғасбектің «Жансебіл» әңгімесін оқып, бірден шығарма авторын іздеуге кіріседі. Ол сәтті шығарма авторы былай деп еске алады:

– Аяған табиғатынан ізденгіш еді. Үнемі ой үстінде, толғаныста жүретін. Әу бастағы мамандығы журналист болғаннан кейін бе екен, ұлт тағдыры, адам жанына қатысты дүние көрсе, жанып түсетін. «Іздегенге сұраған» дегендей, «Жансебілмен» танысқан кезде де осы бір қасиеті қиялына қанат бітіріп, бірден кино түсіруге бекініп, арнайы іздеп келіп, менен аталған әңгіме желісімен сценарий жазып беруімді өтінді. Сөйтіп, «Тәуекел!» деп жұмысқа кірісіп кеттік. «Жансебілді» Аяған жанын жалдап жүріп түсірді. Бір қызығы, бұл фильмді бүгінгі кино мамандары, сыншылар менсінбейді. Соған қарамастан картина әлі күнге дейін телеарналардан қайталанып көрсетіледі. Киноның түсірілгеніне, міне, биыл тура 30 жыл өтсе де, тәуелсіздікпен түйдей құрдас туындыны көріп отырып көзіне жас алатын адамдарды әлі де жиі кездестіруге болады. Өйткені Аяған тудырған өнерде өмір бар еді. Рас, «Жансебілді» аса шебер түсірілген кино деп айта алмас едім, кем-кетік, олпы-солпы жерлері бар, мойындаймын. Бірақ оның өзіндік себептері де жеткілікті: ақша жетпеді – бір, техника жетпеді – екі, түсірілім Кеңес заманы тарап, нарыққа көшіп, етек-жеңімізді жинап үлгермеген қиын кезеңмен тұспа-тұс келді – үш. Осындай қиындықтарды тойтара жүріп жарыққа шыққан фильмнің арғы жағында режиссер Аяған Шәжімбайдың жанкештілігі мен ерен еңбегі жатыр, – деп ақтарылды қаламгер.

 

Актерлер қалай таңдалды?

Актер таңдау мәселесіне келгенде режиссер ұзақ ізденді. Ал айтулы фильмнің негізгі қозғаушы күші һәм тірегіне айналған Мұқатай рөліне Қасым Жәкібаевтың бекітілуі тіптен қызық. Әу баста режиссер таңдауы Нұржұман Ықтымбаевқа түседі. Сценарийді оқып, материалды бірден ұнатқан актердің көз алдына сұрапыл жылдардағы қазақтың тауқыметке толы тағдыры, көзі ашық, көкірегі ояу небір боздағынан айырылып, қайғыдан қан жұтқан кездер көлбеңдеп өте береді. Мұқатай рөлін қанша ұнатса да, алайда сана сарабына сала келе ол бейнеде өзін көре алмаған Нұржұман Ықтымбаев ұсыныстан бас тартады. Режиссерге: «Шырағым-ау, менің 100 келі денемді бір кемпір сүйрей алмайды. Мені, тіпті, сен де сүйрей алмайсың. Кемінде төрт кемпір сүйремесе, жалғыз кемпірдің әлі келмейді», деп, ойындағы актер Қасым Жәкібаевты ұсынады. Сөйтіп, әріптес көрегендігінің арқасында Мұқатай шал рөліне Қасым Жәкібаев бекітіледі.

Ал кемпір бейнесіне таңдау алғашында КСРО Халық әртісі Нонна Мордюковаға түскен. Сценариймен етене танысып шыққан әйгілі актриса өзінің келісімін де береді. Тек бір ғана шарт қояды. Ол – уақыт. Басқа фильмге түсіп жатуы себепті түсірілім уақытын сәл шегере тұруды өтінеді. Алайда жұмыс басталып кеткен соң, түсірілім, жоспар күтпейді ғой. Амалсыз басқа актриса іздеуге тура келеді. Сөйтіп, шығармашылық топ Нонна Мордюкованың өзімен ақылдаса отырып, беларусьтық белгілі кино маманы Галина Макароваға тоқталады. Осылайша, Галина Макарова, Қасым Жәкібаев, Кеңес Нұрланов, Бақытжан Әлпейісов, Камалия Байтілеуова бастаған талантты актерлер шоғыры өзіне жүктелген міндетті абыроймен алып шықты. Оны кезінде актер Қасым Жәкібаевтың фильм түсіріліміне қатысты айтқан сырға толы мына бір естелігі бекіте түседі: «Бірде түсіру алаңында әрі-бері өткен пойыздың артынан жүгіре-жүгіре шаршап, дем алдық. Күннің қайнаған кезі, ыстық, әрі-бері жүгіргеннен Галя да, мен де шаршап, діңкелеп отырмыз. Терлеп кеттім де: «Басымдағы тақиямды алшы», деп Галяға айтып ем, ол қалпағымды алып алдыма қоя салды. Бір кезде жанымыздан өтіп бара жатқан жеті-сегіз жасар қызы бар келіншек тақияма тиын тастады. Сөйтсем, бас киімім шалқалап қалған екен. Содан жетегіндегі қызы анасының құлағына бірдеңе деп сыбырлап, кері бұрылды да, қайтадан үш сом тастап жөніне кете берді. Сонда маған «менің мына кейпім таза қайыршыға ұқсағаны, шын мәнінде образдың шынайы шығып жатқаны ғой» деген ой келді».

Мұқатай шалдың прототипі кім?

Өзегі өмірдің өзінен өрілген фильмнің енді шынайы өмірмен байланысына келсек, онда әлбетте мүгедек қария бейнесінен айналып өте алмасымыз анық. Өйткені Мұқатай қарт бейнесі ойдан құрастырылған көп фильм кейіпкерінің бірі емес, шынайы өмірдің өз өкілі. Яғни «Жансебіл» – өмірде болған жанның тауқыметті тағдырын арқау еткен туынды.

Фильмдегі бас кейіпкер Мұқатайдың прототипі – Бейімбет Мәмбетұлы деген адам. Ол кісі 1906 жылы қарт Қаратаудың етегінде палуандығымен атағы шыққан Мәмбеттің шаңырағында дүниеге келіп, орда бұзар шағында ІІ дүниежүзілік соғысқа аттанып кете барады. Майдан даласында екі аяғынан бірдей айырылып, туған жеріне денесінің жартысын сүйретіп жетіп, кеудесімен жүріп тағдыр тауқыметіне тойтарыс берген, тырмысып еңбек еткен нағыз жанкешті жан. Алғашқы ұрысы Ленинградты қорғаудан басталады. 1943 жылы денесіне жарылғыш снарядтың жарықшағы тиіп, қос аяқтың қара санын бірдей жұлып алып кетеді. Госпитальда ұзақ емделеді. Мүгедек күйінде елге оралуды намыс көріп әрі бала-шағаға масыл болмауды ойлап, елге қайтпайды.

«1943 жылдың қыркүйегінен соң әкемізден хат үзілді. Майданда қаза болды ма, не жау тұтқынына түсті ме, хабарсызбыз. Сөйтсек, көкем жағдайы жөнінде Тайыр Пірімбетов деген ауылдас досына хат жазыпты. Орынбасар әкем көкемді іздемек болғанда ол кісі: «Әкеңді іздеп әуре болма, ол тірі» деп мекенжайын берді. Тайыр берген мекенжайға хат жазып, әкеміздің оралуын өтіндік. Әлі есімде, 1944 жылдың қазан айының соңында үйге көкем бұрын жұмыс істеп кеткен ферма бастығы келіп, көкемді бұрынғы қызметіне қайта қойды. Көкеме жеке машина берді. Ол кезде бастықтардың өзі де салт ат мінетін»,  деп еске алады жансебіл тағдыр кешкен атасы жайлы қарияның немересі Маржан.

Бейімбет Мәмбетов – жер жарып атағы шықпаса да, өмірінің соңына дейін туған жерінің көркеюіне үлесін қосып өткен жан. 1965 жылы жүрек талмасынан көз жұмады. Міне, талайдың жүрегін қайыстырған Мұқатай қария осылайша шынайы өмірде туған жеріне оралып, ауырлау тағдырына қарамастан, соңғы демі үзілгенше халқына қалтқысыз қызмет етеді.

 Аяғанның арманы

Жанынан жарып шыққан «Жансебілімен» жарқ ете қалған режиссердің суреткерлік сұңғылалығы, батылдығымен қатар, кино әлеміндегі қайраткерлік қасиеті де көп айтылады көз көрген замандастары арасында. Құйрықты жұлдыздай жарқ еткен келте ғұмырында соңынан ұлт ертеңіне қызмет ететін өрелі туындылар қалдырып үлгерді. Соның бірі – «АЛЖИР. Біз куәміз!» қос сериялы деректі фильмі.

Әу бастағы шығармашылық жол журналистикамен тоғысқандықтан болар, режиссер түсірген әр туынды ұлттық құнар мен тамырлы тарихты тереңнен толғайды. Бір ғана «АЛЖИР. Біз куәміз!» деректі-публицистикалық фильмін алып қарасаңыз, зұлмат заманның сұрапыл кейпі мен ақтаңдақ ақиқаты көз алдыңызда көлбеңдейді. Жалғыз оқтың құрбаны болып, қыршынынан қиылған кешегі өткен Алаштың арда арыстарын іздейтін болсаңыз да, сөзсіз, Аяған Шәжімбайға ораласыз. Себебі ол түсірген «АЛЖИР» – үлкен құжаттық дүние.

– Аяған «Алжир»-ге үлкен дайындықпен келді. Қандай фильмге кіріспесін жан-жақты дайындықпен келетін. «Алжир»-ге де сөйтті. Алғаш баспасөзде жарық көрген Армиял Тасымбековтің «Жазығы не еді апалардың?..» деген зерттеу мақаласын оқып, қатты әсерленді. Іле мақала авторымен жолығып: «Апалардың көзі тірі кезінде барлығын түсіріп алу керек», деп бірден іске кірісіп кетті. Кейіпкерлерін тізіммен жүріп іздеп тауып, қазақ тарихын қомақты деректік дүниемен толтырып кетті.

Аяғанның арманы көп еді. Махамбеттің экрандағы көркем бейнесін тудырсам деп үнемі ой үстінде, толғаныста жүретін. «Алжир»-ден кейін «НКВД-ның балалары» деген фильм түсіргісі келетінін айтып, сол жолда ұзақ ізденді. Шетелде болса да іздеп тауып, бастарын бір қосып, үлкен дүние жасасам деуші еді. Одан кейінгі арманы – «Қамбар батыр» жырының желісімен өлмейтін туындыны өмірге әкелу болатын. Үлгермеді, – деп өмірлік серігіне деген сағынышын айтып, режиссердің орындалмай қалған армандарымен бөлісті Аяғанның асыл жары, үш баласының анасы Алма Құлжабаева.

 

Соңғы фильм

Режиссер Аяған Шәжімбайдың «Жансебілден» кейін жанын салып, ерекше құлшыныспен білек сыбана кіріскен жұмысы – адамның қоғамнан алыстап, жалғызсырауы, бөлініп кетуі, соқа басының қалуы жөнінде сыр толғайтын «Қасқыр-Адам» фильмі болатын. Айтулы туындының да сценарий авторы – Жүсіпбек Қорғасбек. Осылайша, қос шығармашылық иесінің арасындағы үндескен тамаша тандем тағы бір мазмұнды туындының өмірге келетіндігінен үміт күттірген. Тіпті сценарий жазылып, түсірілім жұмыстары да басталып кеткен болатын. Алайда күтпеген жерден бұзылған жоспар, өнерге, жұмысына жан-тәнімен кіріскен сезімтал суреткердің нәзік жүрегіне оңай тимеді. Тіпті өмірін қыршыннан қиып кетті. Зор махаббатпен құлшына кіріскен жұмысы режиссердің соңғы фильміне айналарын ол кезде, әлбетте, ешкім сезбеген де еді. Тек «Қасыр-Адамның» жолына тосқауыл қойылғаннан кейінгі режиссер көңіл күйін сценарий авторы Жүсіпбек Қорғасбек былайша әңгімелеп берді:

– «Қасқыр-Адам» Аяғанның кино әлеміндегі жаңа белесін көрсететін тың туынды болады деп барлығымыз күттік. Түсірілімге қатысты барлық мәселені реттестіріп, тіпті актерлік құрамға дейін таңдап қойған кезде, Абайдың жас кезі туралы кино түсірілетін болып, «Қасқыр-Адамның» түсірілімі бір жылға шегеріледі. Мұндай шешімді күтпеген Аяған күрт күйзеліске түсіп кетті. Жаны жай таппай, қатты қиналды. Сондай арпалысты күндердің бірінде, кешқұрым уақыт – бір қараңғы, бір жарықта өзінің жаңадан алған үйіне қарай кетіп бара жатып, тізерлеп құлайды. Сол бойда жүрегі тоқтап, есіл ғұмыр үзілді. Сонымен, «Қасқыр-Адам» түсірілмей, аяқсыз қалды. Әйтпесе, Аяғанның бүкіл арман-мақсаты, ойы – басы бүтін сол киноның, сол сценарийдің ішіне еніп кеткен болатын.

 

ТҮЙІН: Ұлттық кино қоржынына олжа болып қосылған «Жансебіл» шын мәнінде отандық кинематографияның жауһары, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары түсірілген туындылардың алды десек, титтей де артық айтқандығымыз емес. Себебі бұл фильмде өнер тілі арқылы өрілген өмір бар, режиссердің тұтастай жаны жатыр. Сонысымен де Аяған Шәжімбай фильмдері аяулы, көңілдерге ыстық. Қамшының сабындай қысқа ғұмырында соңынан талантты туындылар қалдырған режиссер еңбегі әсте ел есінен өшпейді, өлмес өнерімен бірге мәңгі жасайды!