Саясат • 17 Ақпан, 2021

Алапат ашаршылық ақиқаты: Қоғамдық пікір ғылыми көзқарасқа негізделуі тиіс

1584 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың қаты­суы­мен «Азаттық жолындағы ақтаң­дақтар: Ашаршылық зардаптарына шынайы тарихи көзқарас» тақы­рыбына арналған дөңгелек үстел өтті. Іс-шара барысында бел­гілі отандық және шетелдік ға­лым­дар қазақ даласындағы ашар­­шы­лықтың зардабы, себебі мен сал­дары туралы кеңінен пікір алысты.

Алапат ашаршылық ақиқаты: Қоғамдық пікір ғылыми көзқарасқа негізделуі тиіс

Суретті түсірген Ерлан Омар

Дөңгелек үстел жұмысына Парламент депутаттары, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, ұзақ жылдар бойы осы тақырыпта зерттеу жүргізген белгілі ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қа­тысты. Ғалымдардың бірқатары сани­тар­лық жағдайға байланысты іс-шараға бейнебайланыс арқылы қатысып отырды. Ауқымды жиын Парламент Сенатының, Білім және ғылым министрлігіне қарасты Мемлекет тарихы институтының және Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ұйымдастыруымен өтті.

 Кеңес Одағындағы халықтардың ортақ қасіреті

Мәулен Әшімбаев өз сөзінде:

– Ашаршылық қазақ халқының ғана басына түскен нәубет емес, ол – барша адамзаттың алапат гуманитарлық қасіреті деп айтуға болады. Сол себепті, ашаршылық тақырыбын саясиландырмай, ең алдымен, оған ғылыми тұрғыдан қарағанымыз абзал, – деді.

Сондай-ақ Сенат Төрағасы объективті ғылыми қорытынды жасау үшін сол кездегі кеңестік жүйені толық қамту керектігін және сол тұстағы большевиктік биліктің мақсаты, жоспары қандай болды, оны қалай жүзеге асырды, қандай қа­теліктері болды деген сауалдарға нақты жауап іздеу қажеттігін алға тартты. Се­бебі алапат аштыққа ұжымдастырудың дайын емес ортада жүргізілуі, жоспарлау ісінде жергілікті жердің тұрмыс-тіршілігі мен шаруашылығы ескерілмеуі және сол кездегі режімнің көздеген мақсатқа жету үшін адам өмірін есепке алмауы сияқты факторлардың зардабы тигені сөзсіз. Тоталитарлық режімнің осындай озбыр саясаты Кеңес Одағының құрамында болған елдердің бәрінде жүргізілгені мәлім.

– Қазақстанмен қоса, Украина, Беларусь, Молдова, Ресейдің бірнеше аймағы, оның ішінде Еділ бойы, Солтүстік Кавказ халқы аштыққа ұшырады. Осы тұрғыдан алғанда, аштықты белгілі бір ұлтқа қарата жасалған қылмыс деп айтуға келмейтін шығар. Бұл ең алдымен, сол кездегі билік жүйесінің қате саясатының ауыр салдары. Ашаршылық – Кеңес Одағының құрамында өмір сүрген халықтардың ортақ трагедиясы дегеніміз орынды, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Сенат Төрағасы ашар­шылық Кеңес үкіметі кезінде жабық тақырыптардың бірі болғанын, тек тәуелсіздіктің арқасында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен тарихымыздағы ақтаңдақтар мемлекеттік деңгейде көтеріле бастағанын атап өтті. Сондай нақты жұмыстардың нәтижесінде 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні ретінде белгіленгені белгілі.

– Биыл 1921-1922 жылдардағы ашар­шылыққа 100 жыл толып отыр. Алапат нәубеттің 30-жылдардағы екінші кезе­ңіне де 90 жылдың жүзі болды. Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақала­сында осы тақырыпқа тоқталып, тарихымыздың ақтаңдақ беттерін мұқият зерттеу керектігін айтқан болатын. Тәуелсіз­дігіміздің 30 жылдық мерейлі беле­сінде мемлекет тарапынан бұл мәсе­леге басымдық берілуі өте орынды, – деді Сенат Төрағасы.

Мәулен Әшімбаев ашаршылық тақырыбын көтеру егемендіктің қадірін терең түсіну үшін де керек екенін айтты.

– Бұл тақырып, ең алдымен, тәуел­сіз­дігімізді нығайту үшін қажет. Өйткені қазір әлемдік ахуал өте күрделі және құ­былмалы екенін көріп отырмыз. Күн өткен сайын қарама-қайшылықтар терең­деп, түрлі қақтығыстар қарқын алып тұр. Еліміздің егемендігіне де төнетін сын-қатерлер жоқ емес. Дәл осындай жағдайда тәуелсіздігімізді мызғымастай берік ету – басты міндетіміз. Сол үшін оның қадіріне жете білуіміз қажет. Ал Тәуел­сіздікті қадірлеп, ұлықтау төл тарихымызды және оның шешуші кезеңдерін терең танудан басталады, – деді Мәулен Әшімбаев.

Оның айтуынша, ашаршылық тақы­рыбын зерттеу тәуелсіз тарихи сананы қалыптастыруға мол үлесін қосады. Тарихи сана өткен оқиғаларға қатысты ұжымдық көзқарастан туындайды. Ал ортақ тарихи таным біртұтас ұлттық сананы қалыптастыруға ықпал етеді. Бұл, түптеп келгенде, мемлекеттігімізді және тәуелсіздігімізді күшейтетін шешуші фактор екені сөзсіз.

Ашаршылық тақырыбы тарихтан тағылым алу үшін де қажет. Біздің жүріп өткен тарихымыз – өрлеген кезеңдермен бірге тақсіретке де толы тарих. Сондықтан оның ащы-тұщы тағылымы мол. Осыған орай өткенімізді терең пайымдап, озық тұсымыздан өнеге тауып, қиналған сәт­тер­ден қорытынды шығару керек.

 Ғылыми көзқарас қажет

Сенат Төрағасы тарихты даурықпа дау үшін емес, дамылсыз даму үшін пай­­да­ла­нудың маңызы зор екеніне назар ау­дарды.

– Біздің ашаршылық тақырыбын жаңаша зерделеуіміздің себебі осы атал­ған факторлардан бастау алады. Пре­зи­дентіміздің бұл мәселені көтеруі­нің негізгі мән-маңызы да осында. Осы ретте бірінші кезекте, ғылыми көз­қарасқа басымдық беруіміз керек. Себе­бі халқымызға ашаршылықтың ащы ақи­қа­тын ғалымдарымыз ғана ашып, дәлел­ді түрде жеткізе алады. Жалпы, тарихи тақы­рыптарға қатысты қоғамдық ой ғылы­ми пікірге негізделуі керек, – деді Мәу­лен Әшімбаев.

Сенат Төрағасы, осыған орай, отан­дық тарихшы ғалымдарға үлкен жауап­кер­шілік жүктелетінін айтып, нәубет жылдардың ашылмай, тасада қалған тұстары әлі де болса көп екеніне назар аударды. Ол бұл жұмыста тарихи фактілерге сүйенген терең әрі жан-жақты зерттеулер керектігіне баса мән берді. Сондай-ақ осы бағытта тиісті архив деректеріне, оның ішінде көршілес елдердегі материалдарға қол жеткізудің, оларды жүйелеу және мұқият зерделеудің, өңірлермен, ондағы ашаршылық тақырыбын зерттеп жүрген ғалымдармен тығыз байланыс орнатудың және аштықты бастан кешкен куәгерлердің естеліктерін жинақтаудың маңызы зор екенін айтты.

Мәулен Әшімбаев алдағы уақытта осы бағыттағы құнды зерттеулер ғылыми ортада ғана қалып қоймай, қоғамда кеңі­нен дәріптелуі керектігін де айтып өтті.

– Бұл ретте жас аудиторияға ба­сым­дық берген жөн. Мемлекет басшысы Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойын атап өтуге арналған жиында шаралар, негізінен, жастарға арналуы керек екенін айтты. Себебі барлық бастама болашақ ұрпақтың игілігі үшін іске асырылуда. Ашаршылық тақырыбында да біз осы ұстанымнан айнымауымыз керек, – деген Сенат Төрағасы ашаршылық тақырыбын зерттеуге жас ғалымдарды да кеңінен жұмылдырудың маңызды екенін айтты.

Өз кезегінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Орталық Азияда­ғы дәстүрлі өркениеттерді зерттеу орта­лы­ғының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Талас Омарбек Қазақстандағы ашаршылық хақында орамды ойын ортаға салды.

Ғалым ашаршылық жылдарындағы адам шығыны мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, алғашқы 1921-22 жыл­дардағы ашаршылық деректері архивтерде ашық және олар кеңестік қазақстандық тарихшылар еңбектерінде біршама зерттелген екен.

– Егер кезінде большевиктердің өздері жариялаған ресми деректерге жүгі­нер болсақ, 1921-22 жылдардағы ашар­шылықта құрамына Орынбор, Қостанай, Ақтөбе, Орал, Бөкей, Торғай губерниялары кірген Батыс Қазақстанда халық 1917-1923 жылдар аралығында 981384 адамға кеміп кетті. Бұл аймақтардағы ауыл халқы 1917 жылмен салыстырғанда 1920 жылы 9,7%-ға азайса, 1923 жылы 1917 жылмен салыстырғанда 38%-ға азайды. Әсіресе, алапат қырғын 1921-22 жылдардағы ашаршылықта болды. Тек 1921-1923 жылдар арасында ғана аталған өңірде ауыл халқының саны 31,4%-ға азайды, – деді тарихшы.

 Тәуелсіздік қадірін тәуелділік трагедиясын білгенде ғана түсінеміз

Дөңгелек үстелде сөз алған Т.Жүр­генов атындағы Қазақ ұлттық өнер ака­де­миясының профессоры, жазушы Сма­ғұл Елубай «Ұлы даладағы ұлы апат» тақырыбында баяндама жасап, осы­дан 30 жыл бұрын Қазақстан өз тәуел­сіздігін жариялағанға дейін алдымен «ақ патшаға», содан кейін «қызыл патшаға» тәуелді болғанын еске салды.

– Тәуелсіздік қадірін тәуелділік трагедиясын білгенде ғана терең түсінеді екенбіз. Ендеше, «қызыл патшаға» тәуел­ді болған алғашқы 15 жыл ішінде қазақ көрген дозақты еске алайық. Яғни 1918 жылдан бастап 1933 жылға дейін қазақ елі бастан кешкен 3 ашаршылықты еске алайық. Бірінші ашаршылық 1918-1919 жылдары қазақ ауылы ақ-қызыл болып шайқасқан азамат соғысының табанында қалды. Билікке келген қызылдар кон­трибуция дегенді ойлап тауып, халық­тың қолындағы наны мен малын тартып алды. 1919 жылы өткен Түркістан кеңес­терінің төтенше съезінде Тұрар Рысқұлов осы 1918-1919 жылдары қырылған қазақтардың саны 1 млн 214 мың адам болды деп мәлімдеді, – дейді С.Елубай.

Жазушының айтуынша, 1921 жылғы екінші ашаршылыққа қызыл өкіметтің «азық-түлік салғыртығы» саясаты ұрындырыпты. Қызыл өкімет «берсең – қолыңнан, бермесең – жолыңнан» деп, тағы да шаруалардың қолда барын тартып алып, азық-түліксіз қалдырған. Сол кезде ашаршылықпен күрес комиссиясында болған Мұхтар Әуезов 1921 жылғы ашаршылықта 1 млн 700 мың қазақ қырылды деп мәлімдеген.

Ал 1992 жылы құрылған Парламенттік комиссияның қорытындысы бойынша, 1931-1933 жылдары ашаршылықтан қырылған қазақтардың саны 2 млн 300 мың адам делінді. Өзге ұлт өкілдерінің шығыны 200 мың адамды құрапты.

Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Қабылдинов болса, Нұр-Сұлтан қаласындағы мұрағат қорын негізге ала отырып, 1921-1922 жылдары орын алған ашаршылықтың себептеріне, шығынына тоқталды.

– 1931-1933 жылдарға қатысты мұ­ра­ғат қорларын зерттейтін уақыт келді. Сон­дай-ақ Қазақстанның барлық облыс­тарына ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, жергілікті жерлерде конференциялар ұйымдастыру керек. Өкінішке қарай, біз ашаршылыққа деректердің, мұрағаттардың көзімен қараймыз да, қарапайым қазақтың көзімен көрген дүниелерін ескермейміз. Осы мәселеге назар аударатын кез келді. Біздің Ш.Уәли­­ханов атындағы Тарих және этноло­гия институты 3-4 жыл көлемінде Жам­был облысы бойынша 3 том еңбекті жарыққа шығарды. Бұл еңбекте аудан-ауданға бөле отырып, жасы 90-ға, 100-ге келген, ашаршылықты өз көзімен көрген адамдардың естеліктері топтастырылды. Осы тәжірибені жалғастыру қажет секілді, – деді З.Қабылдинов.

 Құрбан болғандарды ұмытпау қалыптасқан  ұлтқа тән

Парламент Мәжілісінің депутаты, саяси ғылымдар кандидаты Берік Әбдіғалиұлы «Ашаршылық және ұлттық жады» тақырыбында сөз сөйлеп, ұлттық, тарихи сана сезім мәселелеріне тоқталды.

Оның айтуынша, бұл тақырып біз үшін күні бүгінге дейін толық ашылмай келеді. Ғылымда, зерттеуде ғана емес, ұлттық сана сезімімізде де ақтаңдақ бар. Әр отбасында нақты кімнің қайтыс болғанын білмейміз. Ашаршылық туралы айтуға жасқанамыз. Ал құрбан болған қандастарды ұмытпау, ұмыттырмау мәселесі тек қалыптасқан ұлтқа ғана тән қасиет екенін ескермейміз. Мәселен, әйгілі Холокост бүкіл бір ұлтты бірік­тірді. Өкінішке қарай, бүгінде отандас­та­рымыздың басым көпшілігі ашаршылық жылдарын мүлде ұмытып барады. Осы олқылықтың орнын толтыруымыз қажет.

М.Қозыбаев атындағы СҚУ жанын­дағы «Қазақ­стан халқы Ассамблеясы» кафе­д­расының меңгерушісі, тарих ғы­лым­дарының кандидаты Людмила Гри­венная 1920 жылдардың басындағы қазақ дала­сындағы аштыққа, айтылмай жатқан ақи­қат­тарға тоқталып, осы мәселені ұзақ жыл­дар бойы зерттеп келе жатқанын жеткізді.

– Кеңес өкіметіндегі жабық тақы­рып­тардың бірі – 1920 жылдардың басындағы ашаршылық болды. Расында да, 100 жыл өтсе де ашаршылықтың себептері, ауқымы мен зардаптары әлі күнге дейін тиісті бағасын алған жоқ. Кеңес заманында бұл мәселе биліктің шындықты жасыруға және аштықтың құрбаны болған миллиондаған адамның өмірі үшін жауапкершілікті өз мойнынан алып тастауға тырысуымен байланысты болды. Алапат зұлматтың ақиқаты жазылған құжаттар әлі күнге дейін архивтерде «аса құпия» таңбасымен сақталып келеді. 1920 жылдардың басында аштықтан қаза тапқандардың нақты саны әлі күнге дейін белгісіз, – деді Л.Гривенная.

Дөңгелек үстел жұмысына Алматы қаласынан бейнебайланыс арқылы қатыс­қан жазушы, публицист, тарих ғылым­дарының кандидаты Бейбіт Қойшыбаев «Ұлттық апат: үш дүркін ашаршылық» тақырыбында баяндама жасады.

– Ашаршылық шындығын ашу тәуел­сіздіктің алғашқы жылдары бірден қолға алынған болатын. Жоғарғы Кеңес­тің арнайы комиссиясы Қазатком мен Хал­комкеңестің кәмпеске туралы декретін, оған қарсылық көрсеткендерді жауапқа тарту, ұжымдастыру, кулактар мен байларға қарсы күресу жайлы қаулыларын зерделеп, салдарларын мұқият зерттеді. Іс жүзінде ашаршылық кеңес билігімен бірге келген болатын. 1917-1919 жылдары Түркістан Республикасына қара­ған қазақтар ашықты. Ташкент боль­шевиктері олардың жылқысын, малын «әлемдік революция жасауға тиіс» Қызыл Армия үшін сыпырып алып, олардың күнкөрісіне қажет азық-түлік бөлуден бас тартты, – деді Б.Қойшыбаев.

Сөз соңында ғалым бірқатар ұсыныс жасады. Б.Қойшыбаевтың айтуынша, 1917-1933 жылдары төрт жарым миллиондай адамның өмірін жалмаған Ұлттық апатты терең зерттеп, адам шығынын мейлінше нақтылауға арнайы қаржы бөлген дұрыс. Еліміздегі, көрші елдердегі архивтерді, жергілікті баспасөз материалдарын саралаған жөн. «Салық көздерін анықтау үшін патша әкімшілігі әр ауылды барлық адаммен, мал-мүлкімен тізімдеп, қағазға түсірген екен. Бұл үрдіс Кеңес дәуірінде де жалғасыпты. Енді соларды мұқият қарастыру қажет», деді Б.Қойшыбаев.

Академик Е.Бөкетов атындағы Қара­ғанды университетінің классикалық және орыс филологиясы кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Лариса Харитонова білім ордасында осы тақырып аясында атқарылып жатқан жұмыстарға, тың бастамаларға тоқталды.

Жиында сөз алған Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғы­лым­дарының докторы, профессор Еркін Әбіл:

– Кеңестік тарихи әдебиеттегі 1921-1922 жылдардағы ашаршылық тақырыбы көптеген мифтерге толы болды және аса саясаттандырылды. Оның себептерін бүгін сөз сөйлеген спикерлер де айтып өтті. Әрине, қазақ халқы үшін, қазақ жерін мекендеген өзге этнос өкілдері үшін ашаршылық үлкен трагедия болды. Бірақ мәселені объективті тұрғыдан зерттеу үшін эмоцияны қалдырып, ашаршылықты ғылыми феномен ретінде зерттеу қажет, – деді.

Ғалымның пайымдауынша, ашар­шылық мәселесін тым саясиландыруға бол­майды. Академиялық зерттеулер шең­берінде қалғаны дұрыс. Әрине, бүгінде зұлматқа қатысты саяси баға беруді талап етіп жатқандар аз емес. «Бүгін­гі Қазақстан Республикасы тарихи тұрғы­дан Кеңес Қазақ Республикасының мұра­гері болғанымен, формальды-құқық­тық жақтан оның қателіктері мен қылмыс­тарына жауапты бола алмайды. Дәл солай, бүгінгі күннің коммунистерін бір ғасыр бұрын болған қылмысқа жауап­ты қылу дұрыс емес. Осы қайғылы оқиға­ларды этносаралық дискурста қолдану тіпті ұлттық қауіпсіздік үшін зиян кел­тіреді», деп түйді Е.Әбіл.

Жиын барысында бейнежазба арқылы Мэрилэнд Штаты Университетінің про­фес­соры (АҚШ) Сара Камерон да осы та­қы­рыпқа қатысты өз пікірін білдіріп, көте­ріліп отырған мәселенің маңызды­лығын атап өтті.

Дөңгелек үстел барысында оған қатысушылар тарапынан түрлі сұрақ қойылып, пікір алмасу, талқылау болды. Ғалымдар өз ұсыныстарын жеткізіп, алдағы мақсаттарымен бөлісті.

Жиынды Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев түйіндеп, іс-шараның маз­мұнды да мағыналы болғанын, өзекті мәселелерді қамтыған жақсы баяндамалар жасалғанын, тұжырымды ойлар мен ұсыныстар айтылғанын жеткізді.

– Бұл мәселеде бір дөңгелек үстелмен шектеліп қалуға болмайтыны түсінікті. Өйткені ашаршылық – өте күрделі жә­не терең тақырып. Бұл – бүгін еске алып, ертең ұмыт қалдыруға болатын дү­ние емес. Ашаршылық халқымыздың көптеген шаңырағын шарпып өтті. Ол қазіргі күнге дейін санада жаңғырып тұр десек, қателеспейміз. Сондықтан бұл тақырыпқа науқаншыл көзқараспен келуге болмайды. Сол себепті, алдымызда ауқымды, ұзақмерзімді және кешенді жұмыстар тұр. Бүгінгі жиынымызды сол іргелі іске тың серпін беретін маңызды қадам деп қабылдауға болатын шығар, – деді Мәулен Әшімбаев.

Дөңгелек үстел қорытындысы бо­йынша ғалымдар мен тарихшылардың ұсыныс-пікірлері ескерілген арнайы ұсынымдар дайындалып, мемлекеттік органдарға жолданды.