Талқылауға Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов, «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының кеңесшісі Ербол Өстеміров, «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары, бизнес-омбудсмен аппаратының басшысы Шыңғыс Темір, сондай-ақ «Нарықты мониторингілеу және сараптау орталығы» ЖШС директоры Серікбек Елшібеков қатысты.
«Жаңадан реттеу» қағидатын енгізу мемлекеттік реттеу проблемаларын шешуде жүйелі тәсілді көздейді. Көптеген дамыған елдер тиімді бизнес-реттеуді қалыптастыру жолынан өтті, сондықтан да жұмысты осы елдердің тәжірибесіне сүйене отырып жүргізу қажет», деді Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов.
Сондай-ақ ол сатып алу саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету үшін «Атамекен» ҰКП-ның «Сатып алудың бірыңғай терезесі» порталының мүмкіндіктері кеңінен пайдаланылып отырғанын айтты.
Естеріңізге сала кетейік, биыл 22 қаңтарда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі алаңында 2020 жылдың басынан бастап осы портал жанында әрекет етіп отырған «Регион ГЗ» мемлекеттік сатып алулардың рейтингтік жүйесі таныстырылды. Оның жұмысы барысында жалпы сомасы 22,8 млрд теңгеден асатын негізсіз жоғары бағалармен сатып алу анықталды.
Ал «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының кеңесшісі Ербол Өстеміров жаңа реттеушілік саясат мәселелері бойынша заң жобасының қалай әзірленіп жатқанына назар аударды. Оның айтуынша, заң жобасында Кәсіпкерлік кодекске реттеу сапасына бағытталған бірқатар норманы енгізу жоспарланған. Бұдан басқа заң жобасы аясында салдарларды іс жүзінде байқаудан өткізу мақсатында жаңа реттеуді енгізудің немесе қолданыстағыларын алып тастаудың эксперименттік уақытша режімінің құқықтық мәртебесі, сондай-ақ нормативтік-құқықтық актілер мен нормативтік техникалық құжаттардың дерекқоры болып табылатын кәсіпкерлік саласындағы Міндетті талаптар тізілімінің құқықтық мәртебесі белгіленетін болады.
Мемлекеттік сатып алудағы деректерді, оның ішінде жергілікті қамту үлесін жедел талдауға келетін болсақ, мұнда облыстар мен аудандар бөлінісінде барлық ақпаратты алуға болатын «Сатып алудың бірыңғай терезесі» бағдарламасы маңызды рөл атқарады. Бұл туралы баспасөз конференциясы барысында «Нарықты мониторингілеу және сараптау орталығы» ЖШС директоры Серікбек Елшібеков жеткізді.
«Сатып алудағы жергілікті қамту үлесі бойынша есептерді егжей-тегжейлі талдауға және зерделеуге болады. Сондай-ақ өнеркәсіп пен қарапайым заттар экономикасы бөлінісінде жергілікті қамту үлесі бойынша жеке есеп дайындап жатырмыз», деді ол.