Аймақтар • 17 Ақпан, 2021

Өскемендік имплант өнімі

720 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кейде тұмсығымыздың астындағы таланттарды байқай бермейміз. Өздері де жарқ етіп көрінуге талпынбақ емес. Үндемей ғана үлкен істі тындырып жүре береді.

Өскемендік имплант өнімі

Өскемендегі Veritas озық да­му орталығында омыртқа сүйегін бекітуге арналған по­ли және моноаксиалды винт­тер, бұранда сынды имплант өнім­дерін жасау жобасы осыдан үш жыл бұрын қолға алынған. Заманауи станоктарда адам ағзасына бекітілетін шағын бұйымдарды жасауға әркімнің ыңғайы бола бермейді. Сондықтан да үлкен жобаны дөңгелету үшін Д.Серікбаев атындағы техникалық универ­ситеттің білікті, таңдаулы мамандары жұмылдырылды. Олар Мәскеуге, Екатеринбургке, Гер­манияға барып, станоктарда жұмыс істеу курстарынан өт­к­ен. Шетелдерден білімдерін шың­дап келіп, нәзік іске шындап кіріскендердің бірі – Бағдат Азаматов. Ол осы Veritas озық даму орталығының ғылыми қыз­меткері. Үлкен істі үндемей тын­дырып жүрген де Бағдаттың ко­мандасы.

Олар қазіргі уақытта адам омыртқасының арасына бекі­тетін имплант өнімдерін жасау­ды қолға алған. Қолға алған дейміз, алдыңғы 3D баспа ар­қылы шығарған кейдждерінің бірін Нұр-Сұлтан қаласындағы Трав­матология және ортопедия ғы­лыми зерттеу институтының дәрі­герлері науқастарға пайдаланып та үлгерген. Бірақ бұл алғашқы сынақ қана. Соның өзінде сәтті жүзеге асқан. Атал­ған омыртқааралық кейдждер қазіргі кезде клиникалық сынамадан өтіп жатыр. Одан өткен соң ғана медициналық бұйымдар реестріне енгізіліп, толықтай пайдалануға болады. Медицина ғылымының дамығандығы шы­ғар, қазіргі таңда имплант өнім­деріне деген сұраныс жоғары.

Кім білсін, әйтеуір дәрігер­лердің айтуынша, аяқтарын баса алмай ауырсынатындардың көбі – ұзақ уақыт отырып жұмыс істейтіндер немесе тым ауыр көтергендер екен. Яғни белдегі шеміршек өсіп шығып, әсері аяққа берілетін көрінеді. Ал оның бір емі – операциямен алып тастап, орнына титан кейджін салу деседі. Бұл 3D баспамен жа­салған кейдждердің ерекшелігі – адам ағзасына орнатылған соң шеміршекпен бітісіп кетеді. Сыртқы қабаты кедір-бұдыр болатыны да сол.

Импланттарды жасаудың екі жолы бар, олар 3D баспа, яғни титан ұнтағынан 3D баспа арқылы басып шығару және арнайы станоктарда механикалық тәсілмен жону.

Пластина күйінде жеткізілген титаннан имплант өнімдерінің жасалу жолын Veritas озық да­му орталығының ғылыми қыз­мет­кері Бағдат Азаматов жіліктеп айтып берді, мүмкіндігінше жасалу жолын да көрсетті. Әрине, өте күрделі процесс болған­дықтан, кейдж­дің бір топта­масының бас­тан аяқ жасалуына кемі екі күн уақыт кетеді.

– Қазіргі жасап жүргеніміз – омыртқаны бекітуге арналған полиаксиалды винттер. Осы полиаксиалды винттер 4 бөл­шектен тұрады. Бұйымдарды мынау станоктарда жонады, – деп ғылыми маман түрлі-түсті бұрандаларды көрсетті.

Бұйымдарды жасамас бұрын Дмитрий Догадкин, Сергей Руденко сынды мамандар алдымен компьютерде сызбасын сызып, техникалық құжаттарын жасайды. Содан соң барып 3D баспа арқылы немесе станоктарда механикалық түрде жонып шығады. Кейдж түрлерінің бір партиясын (24 дана) басып шығару үшін 8 сағат кетеді. Ал бір бұранданы арнайы станокта жону процесі төрт-ақ минут ішін­де аяқталады екен. Үстел үс­тінде тізіліп тұрған өнімдерді қол­ға алып көрдік, жұп-жұмыр бол­ғанымен, салмағы мүлдем жоқ.

– Нұр-Сұлтандағы Травмато­логия және ортопедия ғылыми зерттеу институтының мамандарымен бірлесіп бірнеше жаңа имплант жасап жатырмыз. Бұлар табанға, жамбас сүйегіне және омыртқаға арналған. Біздің импланттарымыз клиникаға дейін­гі сынақтардан өтіп, жақсы нәти­желер көрсетті. Енді импланттарымыз клиникалық сы­нақтан өтіп жатыр. Бәрі сәтті бол­са, алдағы уақытта өнімді ке­ңейте түсеміз. Бұл импланттар ар­қы­лы омыртқа арасын керуге, жа­қын­­датуға болады. Қисайған омырт­қаны түзеуге де қабілетті, – дейді Б.Азаматов.

– Кейджді бір басқанда 24 данасын бір-ақ жасаймыз. Бұл 8 сағат ішінде басылады. Содан соң импланттағы зиянды заттарды шығару үшін вакуумды пешке орналастырып, 1 250 цельсий градусқа дейін қыздырып, біраз уақыт ұстаймыз. Сол жерде кер­неулері алынып, келесі сатыға өтеді. Келесі кезекте әр бұйымды ми­кро­доғалық оксидтеу арқылы әр түске бояймыз, – деді ол бұ­ран­дасы мен тетігі көп пештің есі­гін жауып жатып.

Бұрандалар мен пластина­лардың әр түрге боялуы әлбетте сән үшін емес. Ертеңгі күнгі опе­рация кезінде хирург қай бұ­ранда қай тетіктікі екенін тез тауып алу үшін бояйды екен. Сондай-ақ оның қорғау қабілеті де бар. Бояудың өзі химиялық жолмен жүзеге асады. Яғни имплант өнімдерін қышқылдың ішіне салып, тоқпен кернеу бергенде титан оксидті қаптамамен қапталады екен. Кернеудің күшіне қарай түсі де өзгереді.

Veritas озық даму орталы­ғының мамандары Семей меди­циналық университетінің дәрі­герлерімен де тығыз жұмыс іс­тейді. Семей медициналық уни­верситетімен арнайы қарым-қатынас туралы меморандумға қол қойылған. Ондағы студенттер мен дәрігерлер жасалған бұйымдарды жануарларға салып, белгілі бір уақыт сынақтан өткізеді. Бәрі сәтті аяқталып жат­са, орталықтың мамандары бұ­ғанаға, жамбас сүйекке, аяқ-қолға арналған титан пластиналар жасауды жоспарлап жүр.

Бір қуантарлығы, нәзік істің басында Бағдат Азаматовтай қаракөзіміздің жүргендігі. Ол бұған дейін әр салада жұмыс істеп көрген. Бірақ кіш­кен­тайынан техникаға әуес бол­ғандықтан, жанына жақын ма­мандықты игеріп алды. Ендігі ойы – орталықтың жұмысын кеңейту, кеңейте жүріп медицина саласына өзінің тамшыдай болсын үлесін қосу.

 

ӨСКЕМЕН