– Құс фермасы заманауи технологиялармен қайта жабдықталды. Былтыр мұнда 79 тонна құс еті өндірілді, – дейді аудан әкімі Қайрат Нұртаев.
Бұл кооператив қолға алған жобаны жергілікті екі кәсіпкер қаржыландырып отыр. Олар 2018 жылдан бері құс фабрикасының жобасына 300 млн теңге инвестиция салды. Ал құс фермасы аудан орталығынан бес шақырым қашықтағы «Бұйырғын» аталатын жерде орналасқан. Бастапқыда мұнда жұмысшыларға арнайы жатақхана мен асхана, 3 өндірістік нысан бой көтерді. Кейін төртінші нысанның құрылысы жанданды.
– Құс жемін Уфадан сатып аламыз. Қазір 500-600 грамм салмақтағы балапан өсіру жолға қойылды. Сондай-ақ, салмағы 1,5 килолық тауық пен 3,5 кило болатын бройлер етін өндіруді жалғастырудамыз, – дейді «Бұйырғын» өндірістік кооперативінің басшысы Гүлнар Омарғалиева.
Оның айтуынша, кооперативте вахталық ауысыммен 40-тан астам жергілікті тұрғын жұмыс істеуге тартылып отыр. Мемлекет тарапынан жобаға салынған инвестициялық қаржының 25 пайызы көлемінде субсидия беріледі. Сондай-ақ, агросекторды қаржыландыру жүйесімен жылдық өсімі 8 пайыз құрайтын несие алыпты. Жоба құрылтайшылары өз қаражаты есебінен газ бен электр желілерін жүргізіп берді.
Осындай жобаның тағы бірі Махамбет ауданында іске қосылады дегелі біраз жылдың жүзі ауды. Аудан әкімінің орынбасары Зұлхарнай Мұқаштың мәліметінше, биыл осы жобаны іске қосу көзделіп отыр.
– Ауданда Индустрияландыру картасы аясында бірнеше жобаны іске қосу жоспарланды. Соның ішінде биыл жүзеге асатын «Meken Chiken» ЖШС-ның «Бройлерлік құс етін өндіру кешенін салу» жобасы да бар. Жобаның құны – 5,9 млрд теңге. Бұл жоба іске қосылғанда 79 адам жұмыспен қамтылады. Ал «Жұмағалиева» шаруа қожалығы жылыжай жобасын іске қосқалы отыр. Жылыжай жобасының құны 1,2 млрд теңгені құрайды. Жаңа жылыжайда 40 адам жұмысқа тартылатыны көзделген. Қазір жылыжайдың құрылысы басталды. Оған 16 гектар жер учаскесі бөлінді, – дейді Мұқаш Зұлхарнай.
Оның айтуынша, былтыр Махамбет ауданында Индустрияландыру картасы аясында төрт жоба іске қосылыпты. Оның үшеуі «Бірінші мамыр» ЖШС-на тиесілі болып отыр. Бұл серіктестікте сүт өндіру зауыты, биогумус өндіру кешені мен сүт өңдеу фермасын кеңейту жобалары жұмыс істей бастады. Сондай-ақ, «Сарайшық АТШ» ЖШС ешкі сүтін өндіру фермасын ашты. Аталған жобаларда ашылған жұмыс орындарына 125 адам тартылды.
Атырау облысы