Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Жік-жапар сәлемдесуіне оңды жауап қайтармадым. Өйткені онымен соңғы рет, осыдан, жаңылмасам, жеті жыл бұрын кездескен сәттегі көрініс еске түсіп, содан көңілім жоқ жерден «қырсығып» қалмасы бар ма?.. Көңіл деген бұзылғыш әрі қай-қайдағыны ұмытпай еске салғыш зерек қой. Қайтеміз енді?
Тарата айтсам, әлгі көріністің сипат-мәні – бір жолығысқан кезде ықыласпен амандасқаныма ол жөнді жауап қайтармай, көңілім қалып қойған-ды. Дәлірегі, талай жыл жақсы, етене қатынастағы, әрдайым түзу сәлемдесіп жүретін, биязы мінезді жігіт қолын әзер ұсынып, кісімсіп, кіржиіп, шекеден қарап маңызды бола қалған. Мұндайды күтпегенмін. Іш тартып қалдым. Бірақ заматта кінә артпай, көңіл-күйі болмай тұрған шығар деп қойғанмын (Бұл кездесуден кейін араға жылдар салып бетпе-бет көріп тұрғаным осы). Сөйтсем, олай емес, шындағаны екен. Мен аңғармаппын, ол «майлы жілікті» қызметке тұрып, содан әлеуметтік мәртебесі көтеріліп, айналасы бірер айдың ішінде кешегі ортасынан жерініп, «жоғары қауым» арасына еніп кетіпті. Несібесі шығар.
Оның болмысындағы, тіршілігіндегі бұл өзгеріс риясыз пейілге сүйенген көпжылдық аралас-құраластыққа, жарасымды қатынасқа сына қағып тастады. Күні кеше ғана жоқ-жұқана жүрген жігіт бірден дәуірлеп, жапанды жалпағынан басып шыға келген. Жанына адам жақындау қиын. Білдей үлкен мекеме бастығының алғашқыда шабарманы, одан кейін сол қолы, көп өтпей оң қолы болды. Әжептәуір билік, оның көлденең табысы қойсын ба, аз ғана уақыттың ішінде жоны күжірейіп, қарны шығып, талтаңдаған бай-шонжарға айналған. Нөкер ертіп жүреді. Беті жылтырап, сықия киініп алып газет-журналдан, теледидардан арагідік болса да көрініп қояды. Баяғы биязы, қарапайым деп жүрген таныс жігіт осылайша маңызды тұлғаға айналған-ды.
Расында, күні кеше түкірігі жерге түспей, шіреніп, шікірейіп, тәкаппарланып, кісімсіп, беті жылтырап, бәріне шекеден қарап, тау қопарғандай болып жүрген адамды көшеде кенеттен олпы-солпы, елпеңдеген кейіпте көрсең, таңырқап қаласың ғой.
Жақын маңдағы дәмханаға кіріп, шай іштік. Өткен-кеткенді айттық. Көзге тіке қарай алмайды. Жанары тайқып кете береді... Әңгімесіне қарағанда, жеті жылдан аса желпінген, содан «ұрылып», алдыңғы топтан шеттеген, жиған-тергенінен түк қалмаған. Енді күнкөріс қамымен адам тасып жүр: такси жүргізушісі.
Қоштасар сәт жақындағанда ол маған былай деді: «Кезінде қызметтің буына екіленіп, есіріп кеткеніме әлі күнге ыңғайсызданамын. Кешіріңдер мені. Жаныңның табиғи шынайы келбетінен еріксіз ажырап, әлдебір кісәпір рөлде ойнап қалай өмір сүргенімді қазір түсінбеймін. Мұны ұят әрі азап десе де болар. Солай... Шынайы болмысымды қапасқа қамап, қайдағы бір қалыпқа өзімді қинап салғаным ақымақтық болыпты», деді. Осыны айтқан кезде баяғы, риясыз пейілмен араласатын кездегі оның жайдары жүзін анық көрдім.
Біз құшақ айқастыра қоштастық. Бұл шын мәнінде, қоштасу емес бөгде болып кеткен ескі танысыммен қайта қауышу, онымен үзіліп қалған сыйластық жолын қайта жалғау еді.
Қоғам бірлігі адами қатынастың бұзылмауына, өзара мейірімге тәуелді.