Қаржы • 17 Ақпан, 2021

Қаржы пирамидаларын ұйымдастырушылардың құрбаны болмау үшін не істеу керек?

365 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақстанда соңғы уақытта қаржы пирамидаларынан зардап шеккендердің саны өсуде. Тек 2020 жылы осындай 100-ден астам компания анықталды. Алаяқтар азаматтарды алдау үшін неғұрлым күрделі схемаларды ойлап табады. Қылмыскерлер қандай әдістерді жиі қолданады және қаржы пирамидаларын ұйымдастырушылардың құрбаны болмау үшін не істеу керек? Агенттіктің қаржы нарығындағы асыра пайдалануға қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Мақсат Шағдаров әңгімелейді.

Қаржы пирамидаларын ұйымдастырушылардың құрбаны болмау үшін не істеу керек?

Алаяқтықтың бірнеше схемалары бар: «жанр классикасы» - бұл схемаға тартылған қатысушылардың салымдары бұрын тартылған қатысушыларға төлеуге бағытталатын, көптеген қаржылық пирамидалар қолданатын ақша тарту схемасы. Алаяқтар өз қызметін жасыру үшін жиі қолданылатын схемалардың бірі желілік маркетинг түрінде жүзеге асырылады. Желілік маркетинг те, қаржылық пирамидалар да иерархиялық құрылымға ие, халықты тарту бағдарламасы, яғни маркетингтік жоспар, өнімді немесе қызметті сатудан бонустар төлеу және т.б., - дейді Шағдаров.

«Бүгінгі таңда алаяқтар азаматтардан ақша алудың неғұрлым күрделі схемаларын жасауда. 2020 жылы Қазақстанда қаржы пирамидаларының белгілері бар 100-ден астам компания анықталды. Алаяқтардың ең танымал әдістері – бұл желілік маркетинг, тұтыну кооперативтеріне тарту, сондай-ақ қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді жобаларға инвестиция салу», - деді Мақсат Шағдаров. 

Желілік маркетингтің принциптері өнімді сатудан пайда табуға негізделген. Осы мақсатта сертификаттар, зергерлік бұйымдар, косметика, дене күтіміне арналған өнімдер қолданылады. Көптеген адамдардың желілік маркетингке күмәнмен қарайтынына қарамастан, бастапқы төлемнің белгілі бір мөлшерін ғана төлеп жылжымайтын мүлік сатып алу ұсынысы көпшілік үшін өте тартымды келеді.

«Жылжымайтын мүлік, автомобиль және басқа да қымбат мүлік сатып алуға ақша жинауға көмектесетін компаниялар белсенділік көрсете бастады. Жинақ бағдарламасына енгізетін жарна жинақ сомасына қарағанда азырақ. Мысалы, қатысушы алты ай мерзімге 800 доллар салады, ол алты айдан кейін  19 200 доллар сыйақы алады. Сыйақы сомасына шақырылған қатысушылардың саны мен олардың салымдарының мөлшері әсер етеді. Сондай-ақ, 200% және одан да көп мөлшерде сыйақы төлеуді көздейтін бағдарламалар бар, бұл ретте қатысушының құқықтарды беруі немесе мүлікті кепіл ретінде қалдыруы негізгі талап болып табылады. Абай болу керек», - дейді әңгімелесуші.

Шағдаров атап өткендей, эксклюзивті клубқа мүшелікті де сенімді деп айтуға келмейді. Мұндай клубтар қазақстандықтарға круиздер, жолдамалар, саяхаттар, бизнесті құру және ілгерілету бойынша тренингтер, маркетинг, инвестициялау, копирайтинг, сондай-ақ хиромантия, астрономия, психикалық тепе-теңдікті жақсарту, психология, нумерология, символдар, магия және т.б. ұсынады. Бұл жағдайда қатысушы басқа адамдарды тарта отырып, бағдарламаға байланысты белгілі бір мерзім ішінде кіру жарнасын  1-3 жылдан 5-10 жылға дейін төлеуі керек.

Қаржы пирамидаларын ұйымдастырушылардың тағы бір құралы – бинарлық опциондар платформасы. Процесс мынадай тәртіппен жүзеге асырылады: ұйымдастырушы әлеуметтік желілер арқылы жеке тұлғаларды бағалы қағаздар нарығындағы операциялар бойынша оқытуға тартады. Бұдан әрі, оқытуды өткізгеннен кейін клиентке бағалы қағаздарды сатып алу және сату операциялары, бинарлық опциондармен операциялар жасау мүмкіндігі болатын арнайы платформа ұсынылады. Клиент демо-шотты және адамның ақша табуына жағдай жасайтын платформаны қолдана отырып операцияларды жүзеге асыра бастайды. Әрі қарай, клиент нақты ақшаны қолдана отырып операцияларды жүзеге асырады. Егер клиентте ақша қаражаты жеткіліксіз болса, онда ол шақырылған әрбір қатысушы үшін бонустар ала алады. Бұл платформалардың көпшілігі шетелдік, ал Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген компаниялар тек консультациялық қызмет көрсетеді. Бұл ретте, платформа әдейі барлық операциялар пайдаланушылар үшін тиімсіз болатындай етіп жасалған.

«Алаяқтардан қалай сақтану керек? Егер Сізге қысқа мерзімде үлкен кірістілік ұсынса, сыйақы алу үшін бірнеше қатысушыны тартуды ұсынса, Сіз БАҚ-тан және интернеттен жаппай жарнамалық науқанды көрсеңіз, сақтануыңыз керек. Компанияның беделін және ол ұсынған ақпараттың дәйектілігін зерделеңіз. Депозит тартуға құқығы бар барлық қаржы ұйымында ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі арқылы қаржы реттеушісінің лицензиясы болуға тиіс. компанияның иелері және басшылығы туралы ақпаратты тауып алыңыз, сондай-ақ оның қайда тіркелгенін біліңіз. Егер басшылық туралы деректер құпия, ал компанияның өзі әлдебір оффшорлық аймақта тіркелген болса, онда ойлану керек», - деді Шағдаров.

Қазақстанда соңғы үш жылдың өзінде ғана қаржы пирамидаларын құрудың 180 жағдайы тіркелді. Жалпы зиян 8,3 млрд теңгені құрады. Мынаны есте сақтау керек: қаржы пирамидалары қаржы ұйымдарына жатпайды және қаржы реттеушісінің депозиттер қабылдауға, жеке тұлғалардың банктік шоттарын ашуға және жүргізуге лицензиясы болмайды, тиісінше қаржы реттеушісі бақыламайды. Реттелмейтін ұйымға ақша салған кезде олардың толық жоғалып кету деңгейі жоғары болады, себебі оның қатысушыларының арасындағы өзара қарым-қатынас өзара сенімге негізделді және ақшаны беру және шоғырландыру бойынша іс-әрекеттерді қатысушылардың өздері жасайды. Сондықтан, қаржылық алаяқтыққа ұрынып қалмау үшін, қаржылық сауаттылықты арттыру, қол қою алдында барлық құжатты мұқият оқу және мамандардың консультациясын алу, сұрақтар қою, Сізге ұсынған өнімді зерделеу қажет. егер Сіз ақшаңызды сеніп тапсыратын ұйымда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің лицензиясы болса, онда Агенттікке шағым жасай аласыз, бірақ қаржы пирамидалары болған жағдайда, Сіздің ақшаңыздың сақталуына ешкім кепілдік бере алмайды. Ұйымда лицензияның болуын Агенттіктің finreg.kz сайтынан тексеру қажет.