23 Сәуір, 2010

ЖАСТАР ФЕСТИВАЛІ ЖАЛАУЫН КӨТЕРДІ

630 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Облыстық жастар фестивалінің шымылдығын аудан жастары “ЕҚЫҰ – Қазақстанның әлемдік абыройы” деген тақырыппен ашты. Аталған кездесуге Алматы облысының аудан, қалаларынан аға ұрпақ өкілдері мен жастар жи­налып, оның маз­мұнын толықтырды. Еуропадағы қауіп­сіздік және ынтымақ­тастық ұйымына Азия және ТМД мемлекеттері арасынан төрағалық тіз­гінін тұңғыш ұстаған елі­міздің асқақ абыройы жайлы жастар алдында сөз сөйлеген аудан әкімі Махаббат Бигелдиев әрдайым жастардың алғы шептен көрініп, экономиканы нығайту­дағы іргелі істерін ортаға салса, об­лыстық ішкі саясат басқар­ма­сының бастығы Г.Сүлейменова биылғы облыстық фестивальдің осында өтуі тегін еместігін жет­кізді. Жамбыл ауданы батырлар мен ақындардың құтты мекені болғандықтан жыл сайын өрелі істерімен ерекшеленгеніне, мемле­кеттік жастар саясатын жүзеге асыруда аймақта ауқымды жұмыс­тар жүзеге асқанына тоқталды. Ел тарихы мен Мемлекет бас­шысының сарабдал саясатын ар­қау еткен алуан тақырыптарды көтерген аудан жастары орталық алаңда лег-легімен жалынды сөз, елжандылық көзқарасымен жар­қы­рай көрінді. Жас жүрекке от бере­тін, елім-жерім деп емірене­тін, мемлекетім деп мерейленетін шұғылалы сәтке жиналғандар тара­пынан қолдау тапты. Он жа­сар оғылан, желкілдеген жігіт, бой түзеген бойжеткеннің елге, жерге деген шынайы сезімдері бүгінгі бейбіт өмірдің баянын, кең-байтақ Қазақ­станның абыройын, туған жер топырағының қасиетін сезінуімен ерек­шеленді. Асқақ поэзия әуеге ша­рық­тап, көрікті сөздер көкейге құйылды. ­Фестивальда аға ұрпақ өкілдері атынан облыстық ардагерлер кеңесінің төр­ағасы Егеубек Далбағаев сөйлеп, жас­тарға бата берді. Жамбыл жас­тары­ның ортақ тілегін Шоқан Уәли­ханов атын­дағы орта мектеп­тің 11-сынып оқушысы, Грекияда өткен халық­аралық олимпиаданың алтын жүлдесін иеленген білім озаты Дінмұхамед Ермек жеткізді. Жиын­да аудан жастарының үндеуі қабылданды. Мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруға елеулі үлес қосқан аудан озаттары облыс­тық ішкі саясат басқармасының және Жамбыл ауданы әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды. Күмісжан БАЙЖАН. Алматы облысы.