Аймақтар • 17 Ақпан, 2021

Нарынқол, Кеген, Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарына газ тартылады

487 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы облысында 1,2 млн адам тұратын 156 елді мекенге көгілдір отын тартылған. 2014-2020 жылдары өңірді газдандыруға 148 млрд теңге бағытталған, соның 93 млрд теңгесі – жеке инвестиция. Бұл туралы бүгін жетісулықтар алдында есеп берген Алматы облысының әкімі Амандық Баталов айтты, деп хабарлайды Egemen.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Нарынқол, Кеген, Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарына газ тартылады

- Талдықорғанда газдандырудың IV кезегі аяқталды, өткен жылы жұмысты күшейтіп, газға 16 мың абоненттті қостық. Барлығы 54 мың абоненттің 22 мыңы қосылған. Биылғы жылы осы қарқыннан түсірмеуіміз керек, - деді А. Баталов.

Оның айтуынша, Балқаш, Қаратал, Кербұлақ, Көксу, Ескелді аудандары мен Текелі қаласында кварталішілік жүйелер салынуда.

«Талдықорған – Үшарал» және «Шелек - Кеген» магистралды газ құбырын салудың ЖСҚ-сын дайындау аяқталып, бұл жобада Ақсу, Сарқан, Алакөл, Райымбек, Кеген аудандары қамтылады. Құрылыс жұмыстары келесі жылға дейін басталады, 2025 жылға қарай газдандыру деңгейі 76%-ке жеткізіліп, көгілді отынға қосылуға 1,5 млн адам мүмкіндік алады.  

2018 жылдан бастап шағын қалалардағы көп қабатты үйлерді газбен жұмыс істейтін блокты-модульді қазандықтар орнату жолымен орталықтандырылған жылу жүйесіне қосу мәселесі шешілуде.

Үш жыл ішінде Талғар және Қаскелең қалаларында 4898 пәтерлік 152 үй осындай жүйеге қосылды. Есік және Жаркент қалаларын қамти отырып, бұл мәлесе 2023 жылға қарай толығымен шешіледі. Бұл халықтың өмір сапасын көтеруге, экологияны жақсартуға мүмкіндік береді.

Сондықтан да Талдықорғанда өткен жылы біз екі қазандықты газға ауыстырдық, биылғы жылы тағы екеуін көгілдір отынға ауыстырамыз, сол сияқты газбен жүретін 55 автобус сатып алып жатырмыз. Бұл шаралар қоршаған ортаны ластайтын шығарындылар көлемін азайтып, қаланың ауасын таза ұстауға жағдай жасайды.

Халықты сапалы ауыз сумен қамту үшін Жұмыспен қамту жол картасымен өткен жылы 84 ауылда жалпы сомасы 17 млрд теңгеге 109 жоба іске асырылды.

Орталықтандырылған ауыз сумен қамту деңгейі 98,3% жетті бұл – республикадағы ең жоғарғы көрсеткіш. 2023 жылға қарай 100%-ке жетеді.