Экономика • 17 Ақпан, 2021

ЕАЭО аясында зейнетақы беру келісімі қалай жұмыс істейді?

188 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап Еуразиялық экономикалық одақ елдері бір-бірінің азаматтарына зейнетақы беру туралы келісім жасасты. Ресми түрде мүше мемлекеттердің еңбекшілерін зейнетақымен қамтамасыз ету деп аталатын келісімнің мақсаты – азаматтардың зейнетақы құқықтарын жұмысқа орналастырушы мемлекеттің азаматтары сияқты жағдай мен тәртіп бойынша қалыптастыру.

ЕАЭО аясында зейнетақы беру келісімі қалай жұмыс істейді?

Бұған дейін де талай мәрте жазғанымыздай, енді Ресей өз аумағында жұмыс істеген Қырғызстан, Армения азаматтарына зейнетақы тағайындайды. Тиісінше, Қазақстанға келіп еңбек еткен одақ елдерінің азаматтары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан да (БЖЗҚ) зейнетақы алуға құқылы. Егер бір азамат төрт ел аумағында да қызмет атқарса, сол төрт елдің үкіметінен де зейнетақы ала алады.

Зейнетақы беру келісімнің 12-бабына сәйкес мынадай негізгі тәртіппен жүзеге асады. Бұл туралы БЖЗҚ хабарлап отыр.

Келісім күшіне енгеннен кейін жинақталған жұмыс өтілі үшін зейнетақыны ЕАЭО-ға мүше мемлекет аумағында еңбек етіп, жинақталған жұмыс өтілі үшін сол мемлекет тағайындайды және төлейді. Келісім күшіне енгенге дейін жинақталған жұмыс өтілі үшін зейнетақы ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің заңнамасына және 1992 жылғы 13 наурыздағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер азаматтарының зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы құқықтарының кепілдіктері туралы келісімге, ал Беларусь Республикасы мен Ресей Федерациясы үшін – 2006 жылғы 24 қаңтардағы Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасы арасындағы әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы ынтымақтастық туралы шартқа сәйкес тағайындалады және төленеді.

Бұдан былай Қазақстан жұмыс беруші еңбек немесе азаматтық-құқықтық шарт жасасу кезеңінде қазақстандық кәсіпорында еңбек ететін ЕАЭО елі азаматының (Армения, Белорусь, Қырғызстан, Ресей) табысын, міндетті зейнетақы жарнасын және міндетті кәсіптік зейнетақы жарнасын міндетті түрде ай сайын есептеп, ұстап тұруға және оларды Қазақстанның зейнетақы заңнамасында белгіленген тәртіп пен шарттарға сай БЖЗҚ-ға аударып отыруы тиіс.

«Бұл болашақта еңбеккерге қазақстандық заңнамада көзделген зейнеткерлік жасқа толған кезде немесе мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленген болса, I және II топтардағы мүгедектік белгіленген кезде өзі қалыптастырған зейнетақы жинақтары есебінен БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алу құқығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді» делінген құзіретті орган хабарламасында.

Келісім ережесіне сәйкес егер еңбекшінің бір мемлекет аумағындағы жұмыс өтілі зейнетақы алуға жеткіліксіз болса, онда ЕАЭО-ның басқа елдерінде, оның ішінде мұндай жұмыс өтілі уақыт бойынша сәйкес келетін жағдайларды қоспағанда, келісім күшіне енгенге дейін жинақтаған жұмыс өтілі ескеріледі. Ол үшін бес елдің құзіретті органдары Еуразиялық экономикалық комиссиямен бірлесе отырып тиісті ақпараттарды алмасып отырады.

Сондай-ақ мүгедектігі бойынша зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін медициналық тексеруден өткізу еңбеккердің тұрғылықты елінің заңнамасы бойынша, ал мүгедектік тобы мен мерзімін белгілеу үшін куәландыру еңбеккер жұмысқа орналасқан, мүгедектік бойынша зейнетақы тағайындайтын елдің заңнамасы бойынша жүргізілетін болады.