Білім • 18 Ақпан, 2021

Кәсіптік білім беру жайы қалай?

1869 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Жастарға кәсіптік білім беру, оларды жұмысшы мамандықтарына даярлау, мамандарды қайта оқыту және олардың біліктілігін көтеру – мемлекетіміздің білім беру саясатының негізгі бағыттарының бірі. Ел экономикасының қуаты кәсіптік білім беру жүйесінің өндіріс орындарын білікті жұмысшылармен жеткілікті қамтамасыз етуіне тікелей тәуелді. Маман даярлау жалпы білім беру базасы негізінде кәсіптік колледждерде жүзеге асырылады. Ал кәсіптік колледждерде жұмыс жасайтын жоғары білімді оқытушы-педагогтерді даярлау ісі қандай жағдайда?

Кәсіптік білім беру жайы қалай?

Жаһандану мен индустрия­ландыру жағдайында сапалы жұ­мысшы кадрларды даярлау – кез келген мемлекеттің саясатындағы негізгі мін­деттің бірі. Дамыған елдерде өндіріс үшін кадрларды даярлауды сол мемлекеттің басқару құрылымында ерекше орны бар «Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі» атты мекеме іске асырады. БҰҰ декларациясы бұл жүйені мың­жылдық даму мақсатына жат­қызды. ЮНЕСКО сарапшылары маман жұмысшылардың әлем­нің көптеген елінде тапшы болып отырғанына және сол елдер осы себепті экономикалық-әлеу­меттік қиындықтардан шыға алмай жат­қанына назар аударып отыр. Маман жұ­мыс­шы – қолданбалы кәсіптік білімді толық меңгерген, таңдаған мамандығына сәйкес инновациялық және IT-тех­нологияларды меңгерген жұ­­­мыс­кер. Өндіріс орындары, ауыл ша­руашылығы және басқа құры­лымдар маман жұ­мыс­­шылармен толық қамтыл­ған елдерде экономика қарыштап дами­тыны және олардың саяси жүйесінде әрқашан тұрақтылық болатыны белгілі.

«Атамекен» ұлттық кәсіпкер­лер палатасының зерттеуі бойын­ша қазіргі уақытта еліміздің кә­­сіп­­орындарында 80 мыңдай бі­лікті маман жетіс­пейді. Құры­лысшылардың, машина және құрал-жабдықтар техноло­гиясы жұмысшыларының, орта кәсіби білімі бар ауылшаруашылық ма­мандарының, қызмет көрсету сала­сы қызметкерлерінің және бас­қа да өндіріс саласында орта кәсі­би білімі бар мамандардың тап­шы­лығынан экономикамыздың кей­бір ба­ғыттары дами алмай отыр. Инновациялық тех­но­логиялар­ды пайдаланатын жа­ңа ашылған кә­сіпорын­дарға ма­мандар қажет. Бүгінгі таңда осын­дай жұмыс орындарында тек инженерлік-техникалық қызметкерлер ғана емес, білікті жұ­мыс­шылар да же­тіс­­пейді. Бұл жағ­дай ел экономи­ка­сының тежеуші фак­торы­на айналуы мүмкін.

Елімізде маман жұмысшылар мен қызметкерлерді даярлау­ жұ­мысы қа­лай іске асуда? Мем­ле­кетімізде халық­ара­лық талап­тар мен цифрлы құзы­­рет­ті­лік­терді ескере отырып, кол­ледж­ бағдарламаларын жаңар­ту­ға, «Баршаға тегін кәсіптік-техни­калық білім беру» жобасын жүзеге асыруға көңіл бөлінуде. Тех­никалық, ауыл­шаруашылық және халыққа қызмет көрсету бағытында мамандар даярлай­тын колледждер саны жыл са­йын артып келеді. Орта кәсіптік білім оқу­шыларға колледждерде беріледі, мұн­да кәсіптік білім беру ісі арнаулы орта білім берумен ұштастырыла жүргізіледі және бұл орта кәсіптік білімі бар мамандарды даярлауға бағытталған. Колледжде оқу мерзімі – 3-4 жыл. Жалпы орта білімі бар, сондай-ақ сабақтас мамандықтар бо­йынша бастауыш кәсіптік білімі бар азаматтар колледждерде қыс­қартылған және жеделдетілген бағ­дарламалар бойынша орта кәсіптік білім алады.

Колледждерде білім алушыларды жұмысшы мамандығына үйрететін, кәсіби білім мен құзы­реттіліктер жүйе­сін қалыптас­ты­ратын тұлға жоғары білімді оқы­­тушы-педагог екені анық. Осы жерде мынандай сұрақ туады: жоғары оқу орындарында кол­ледж­дерде жұмыс істейтін оқы­­тушы-педагогтерді даярлау жұмы­сы қа­лай ұйымдастырылған?

Еліміздің бірнеше жоғары оқу орнында колледждерге оқытушы-педагог даярлайтын кафедралар жұмыс істейді. Колледждердің бейі­ні әртүрлі болғандықтан, әрбір кафедра белгілі бір мамандық ба­ғытында жоғары білімді оқы­ту­шылар даярлайды. Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан байырғы жоғары оқу орындарының бірі С.Сейфуллин атын­дағы Қазақ аг­ро­техникалық уни­верситетінің Кәсіптік білім беру кафе­драсы колледждерде білім беру және тәрбие жұмысын іске асыра алатын білікті оқы­тушы-педагогтерді 6В014 – «Автокөліктерге тех­никалық қыз­­мет көрсету, жөндеу және пай­далану» (баклавариат), 7М014 – «Кәсіптік білім берудегі көшбасшылық» (магистратура), 8D014 – «Техникалық және кәсіп­тік білім берудегі менеджмент» (докторантура) білім беру бағ­д­ар­ламалары бойынша даярлап ке­­леді. Қазіргі кезде кафедрада 5 ғы­лым докторы, 7 ғылым кан­дидаты, 1 PhD және 4 магистр қызмет ат­қа­рады. Жалпы, ғылы­ми дәрежелік 69,2 пайызды құрайды. Кафедраның профессор-оқыту­шылар құрамы ғы­лыми-педа­гоги­калық сала бойынша мол тәжі­рибе жинаған мамандардан тұрады.

Кәсіптік білім беру кафедрасында «Техникалық және кәсі­би білім берудегі менедж­мент» доктор­лық диссертация қорғау кеңесі жұ­мыс істейді. Диссер­тациялық қор­ғау кеңесінде бір­неше ізденуші док­тор­лық диссертация қорғады және олар уни­верситетімізде, басқа жоғары оқу орында­рында еңбек етуде. Ка­федра құ­рылымында «Кәсіптік оқыту» ма­мандығы бойынша оқу үр­ді­сінде ғылыми-тәжірибелік пси­­­хологиялық зертхана және мамандарды озық дайындаудың ғы­лыми-зерттеу орталығы жемісті жұмыс істеп келеді. Көп жылғы тәжірибеден түйгеніміз, маман жұ­мысшыны даярлау үдерісі көптеген педагогикалық және психологиялық мәселені ше­шу­ді қажет етеді. Кафедрада осы мін­деттерді шешуге бағыт­тал­ған бір­неше студенттік үйір­ме­ жұмыс істейді. Кәсіп­тік білім беру кафедрасы Бе­ларусьтің Гродно қала­сын­да­ғы Я.Купала атындағы мем­лекеттік университетімен жә­не К.И.Скрябин атындағы Қыр­ғыз мемлекеттік аграрлық универ­ситетімен тығыз әріптестік байланыс орнатқан. Қазақ­станда Ы.Алтынсарин атындағы ұлт­тық білім академиясымен, Тех­никалық және кәсіптік бі­лім беру және кәсіби біліктілікті беру­ді дамытудың республикалық ғы­лы­ми-әдістемелік орталығымен ын­ты­­мақтастықта жұмыс істейді.

Кәсіптік білім беру кафедрасы мен Нұр-Сұлтан қаласын­дағы және еліміздің басқа қалала­рында орна­ласқан орта арнау­лы білім беретін кол­ледждер ара­сында ғылыми және прак­тикалық бағытта тығыз байланыс орнаған. «Кәсіптік оқыту» маман­дығы бойынша білім алатын сту­денттер техникалық, құрылыс және ауылшаруашылық бағытында жұмысшы даярлайтын колледждерде педагогикалық және дипломдық практикадан өтеді. Магистранттар мен док­торант­тардың ғылыми-зерттеу жұ­мыс­­тарының нәтижелері кол­­­­ледж студенттерінің оқу-тәр­­­бие үрдісінде қолданыс табу­да. Сонымен қатар аталған ма­ман­­­дықпен білім алатын сту­дент­тер мен магистранттарға уни­вер­­ситеттің техникалық және ауыл­­­шаруашылық ғылымдары негізін құ­­райтын бірнеше ка­фе­драның профессорлары және оқытушылары дәріс оқиды, прак­тикалық сабақ жүргі­зеді. «Кәсіптік оқыту» мамандығы бо­йын­ша бі­лім алатын студенттерде зерттеу қабі­леті және құзыреттілік жоғары деңгейде қалыптасқан. Аталған мамандық сту­денттері мен магис­транттары әртүрлі халықаралық және республикалық олимпиадалар мен ғылыми жарыс­тарға қа­тысып, үнемі жүлдемен оралады. Кафедра қабырғасынан түлеп ұш­қ­ан жоғары білімді оқытушы-пе­да­гогтер еліміздің түкпір-түк­пірін­де коллед­ждерде және арнау­лы орта оқу орында­рында мем­леке­тіміздің өндіріс орындарына білікті жұмысшы мамандарын даярлау бағытында жемісті еңбек етуде.

Алайда соңғы жылдары атал­ған кафедраның жұмысында қиындық туындады. Бұл жағдай тек бір мәселеге ғана байланысты болып отыр. Жыл сайын «Кәсіптік оқыту» мамандығына бөлінетін мемлекеттік гранттардың саны азаю­да. Мысалы, 2015 жылы «Кәсіп­тік білім беру» мамандығы бойынша республика көлемінде 479 грант бакалавариатқа бөлінсе, 2019 жылы бакалавриат пен магис­тратураға 50 және 42 грант бө­лінді. Ал докторантураға рес­пуб­лика бойынша 3 грант қана берілді.

Биылғы оқу жылы «Кәсіптік білім беру» мамандығын даярлау өте қиын жағдайға тап болды. Бұл жылдары жоғары оқу орындары даярлайтын мамандықтарға мемлекет тарапынан 51 164 грант бөлінді (2015 жылы 32 168 грант бөлінген еді). Сонымен қа­тар әрбір грантқа тиесілі қаржы көлемі де 2019 жылға қарағанда 2-2,5 есе жоғары болды. Жергілікті әкім­діктерден бөлінетін гранттар саны да артты. Бірақ мемлекеттің жоғ­а­ры білімді мамандарды даярлауға ба­ғыт­талған көмегі «Кәсіптік оқы­ту» мамандығын айналып өтуде. Дәлірек айтқанда, 2020 жылы осы мамандық бойынша бакалаврлық және магистрлік орындарға рес­пуб­­лика бойынша 20-дан ғана грант берілді. Ал докторантураға бір­де-бір грант берілмеді. Аталған маман­дықтарды оқытудың жабылу қаупі төнді.

Дегенмен «Кәсіптік оқыту» маман­дығы бойынша оқытушы-педагогтер даярлайтын еліміздің жоғары оқу орын­дарындағы кафедралар күрмеулі мәселені шешуге тырысуда. Мысалы, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агро­тех­никалық университетінің Кәсіптік білім беру кафедрасының про­фес­сорлық-оқытушылар құрамы­ның кү­шімен жыл сайын респуб­ликаның көп­теген қаласы мен облысында кәсіп­тік бағдар жұ­мыс­тары жасалады, «Кәсіптік оқыту» мамандығының қыр-сы­рын ашатын ақпараттар таратыла­ды, кафедраның профессорлық-оқытушылар құрамы электрондық байланыс құралдары көмегімен мектеп бітірушілермен байланыс­қа шығады және әртүрлі кездесулер өткізеді. Осын­дай жүйелі және ауқымды жұ­мыс­тар нәтижесінде «Кәсіптік оқыту» мамандығын таңдаған мектеп біті­рушілердің саны аз болған жоқ. Алайд­а атал­ған мамандыққа грант өте аз бөлін­гендіктен, олардың 90 пайыз­ға жуығы ақылы түрде оқиды. Ал докторанттар ақылы түрде білім алып, ғылыми жұмыстарын да өз қара­жаттарымен жүргізуде.

Еліміздің кәсіпорындарына және ауыл шаруашылығына қа­жетті маман жұмысшыны даяр­лау мемлекетіміздің басты эко­номикалық мақсаттарының бірі болса, онда осы мақсатқа нәти­желі жету үшін кәсіптік білім беру мәселесін мемлекеттік сая­сат дең­­гейіне жеткізу қажет. Сонда ғана мемлекетіміз дамы­ған 30 ел қатарынан орын алады. Өйткені кәсіптік білім­мен және еңбек тәрбие­сімен сусын­даған білікті жұмысшы жаста­ры бар мемлекеттің ғана іргета­сы берік болады.

 

Айтжан АБДЫРОВ,

Базарбек МҰҚЫШЕВ,

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің

профессорлары, педагогика ғылымдарының докторлары,

Марал ЕСЕКЕШОВА,

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты,

Кәсіптік білім беру кафедрасының меңгерушісі