Қазақстан • 18 Ақпан, 2021

Қандастардың құқықтарын қорғауда енжарлық басым

504 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Тұңғыш Президентіміз – Елба­сы Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылғы 31 желтоқсанда Қазақ радиосы арқылы «Алыс­та жүрген ағайындарға ақ ті­лек» Үндеуін жолдап, «атаме­кенге келемін деуші ағайын­дарға жол ашық» деп жария­ла­ған соң, қилы заманда шар­та­рапқа тарыдай шашылып кет­кен қандастарымыздың ата­жұртына оралу үдерісі – ұлы көш басталып кеткені белгілі. Содан бері алыс-жақын шет елдерде тұрып жатқан 1 миллион 71 мыңнан астам этностық қазақ тарихи Отанына қоныс аударып, егемен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына өлшеусіз үлес қосты.

Қандастардың құқықтарын қорғауда енжарлық басым

Елбасының тапсыруымен Үкі­мет шет елдерден көшіп келетін ағайын­дарды қабылдау және қазақ диаспорасының жас өкілдерін еліміздің жоғары оқу орындарында оқыту квоталарын енгізді, «Нұрлы көш» бағдарламасын қабылдап,  бірқатар өңірде қандастарымызға арналған жаңа елді мекендер сал­ғызды. Көші-қон заңнамасы да үнемі жетілдіріліп келеді. Бұл ретте қандастарымыз үшін ең басты мәселе – Қазақстан азаматтығын алу екендігін айтқан жөн.

Осы орайда Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданына 1996 жылы Өзбекстанның Бұхара облысындағы Тамды ауданынан көшіп келіп, «Тамды» фермерлік шаруашылығын құрған Жаңабай Пірманов: «Елбасының шеттегі отандастарымызды атажұртқа ора­­луға шақырған Үндеуіне құ­лақ асып, атамекенге оралуға бе­кін­дім де Асанқайғы бабамыз­ша жер таңдау мақсатымен жол­ға шықтым. Атақонысымыз Қызыл­орда облысының Қармақшы ауда­ны болғанымен, Қазақстанның бір­сыпыра жерін асықпай аралап шы­ғып, ақыры Қызылжар өңіріндегі Ақан сері бабамыз әсем әнімен әлди­леген, табиғаты ғажап Айыртау бау­райына табан тіреуді ұйғардым. Ол кез мемлекеттік көші-қон бағ­дарламасы әлі қабылданбаған әрі елдегі экономикалық қиындықтар еңсерілмеген қиын уақыт еді. Ең қиынға соққаны – азаматтық алу үшін төрт жылдай сергелдеңге түскенім. Онсыз бастаған ісімді өр­ге бастыру мүмкін емес еді. Сон­дықтан Қазақстан азаматтығын алғанымда қуанғаным сондай, көзім­нен қуа­ныш жасы қалай ыршып түс­кенін бай­қамай қалыппын...» деп ес­ке алады.

Қандастар өтінішіне орай қол­даныстағы заңнамаға 2015 жылы өзгеріс енгізілген соң алыс­тан кел­ген ағайындар Қазақстан азамат­тығын жеңілдетілген тәртіппен бір жыл ішінде алатын болды. Был­тыр бұл үдерісті одан әрі оңай­лату мақсатында шет елдердегі этностық қазақтардың елімізде тұрақты тұруға рұқсат және  азаматтық алу үшін құжаттарды бір мезгілде тапсыруына мүмкіндік беретін заң нормасы қабылданды. Өйткені бұған дейін олар екі рет құжат жинап, әуре­ге түсуші еді.

Бұған қоса өткен жылы Қазақ­стан азаматтығын алуда елімізде белгіленген мерзімнен кем тұру және әкімшілік құқық бұзушылықтардың болуы бойынша заңнамалық нормалар қолданылмайтын адамдар санатына этностық қазақтар да заң жүзінде қосылды. Нақты айтқанда бұрын ата­жұртқа оралған ағайындар 183 күннің ішінде әртүрлі себеппен Қазақстаннан шығып, қайта кірген жағдайда азаматтық алу үшін тапсырған құжаттарын басы­нан бастап қайта реттеу талап етілетін. Енді ондай бюрократиялық бөгесін болмайды. Сондай-ақ көші-қон, салық және еңбек заң­намасын бұзушылыққа жол беріп, әкімшілік жазаға тартылған қандаст­арымыздың азаматтық алуына қойылған шектеу де алынып тасталды.

«Қандас» куәлігінің мерзімі өтіп кеткендіктен, Қазақстан азаматты­ғын жеңілдетілген тәртіппен ала алмай жүрген ағайындардың кейін өтініш беріп, аталған куәлігінің мерзімін алты айға дейін ұзартып алуына да рұқсат етілді.

Дегенмен «Елім!» деп елжіреп келген бауыр­ларымыздың көкейкес­ті мәселелерінің кейбірі жоғары лауазым­ды шенеуніктердің жауап­кер­­шілікті өз мойнына алудан қашып тұратын нем­құрайдылығы мен жаныашымастығынан созбаққа салынып, жоғары жақтың тікелей нұсқауымен ғана шешіліп келгендігі белгілі. Мәселен Қытайдан келген қандастарымыздың сол ел­дің құзырлы органдарынан сотты­лығының бар-жоғы туралы жазбаша анықтама ала алмауы себепті Қазақстан азаматтығын ала алмай жүргендігі жайлы жанайқайын Ішкі істер министрлігінің басшылары 2017 жылға дейін құлаққа ілмей келді. Тек сол жылы болған Дүние­жүзі қазақтарының бесінші құрыл­тайында Елбасы тиісті тапсырма берген соң бұл мәселе оң шешімін тапты. 

2016 жылы Солтүстік Қазақстан облысының Уәлиханов ауданында болғанымда аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Қалиев: «Моңғолияның мәдениет саласында ұзақ жылдар қызмет істеп, осында көшіп келген бір сый­лы азамат  кейін зейнет демалы­сына шыққанында бұрын тұрған еліндегі еңбек өтілі есепке алынбай, оған жасы ұлғайғандығына байланысты  азғантай жәрдемақы ғана тағайындалыпты. Ал басқа ел­де­рден көшіп келгендер біз қа­тар­лы тәп-тәуір зейнетақы алып жатыр. Сонда Моңғолиядан келген ағайындар не үшін жазықты болды? Бұл – әділетсіздік қой»,  дегені есімде. Алайда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министр­лігі Моңғолиядан көшіп келген қандастарымыздың осы жөніндегі өтініштеріне құлақ аспа­ған­дықтан, олар Елбасыға дейін шағымдануға мәжбүр болды. Сөй­тіп бұл проблеманы шешуге де Тұң­ғыш Президентіміз араласып, Дүние­жүзі қазақтарының бесінші құ­рыл­тайында Үкіметке тиісті тапсырма берген. Алайда Ең­бек және әлеуметтік қорғау министрлігінің шенеуніктері Елбасы тапсырмасын бұлжытпай орындады деу қиын. Өйткені, енді Моңғолиядан келген қандастарымыздың сол елде атқарған еңбек қызметі зейнетақы тағайындау кезінде есептелетін болғанымен, жоғары оқу орнында оқыған және әскери қызмет ат­қар­ған уақыты еңбек өтіліне қосыл­майтын болып шықты. Соның салдарынан олар ТМД елдерінен келген қандастармен салыстырғанда зей­нетақыны әлі де едәуір кем алады.

Бұл мәселенің мәнісі мынада: ТМД елдерінен көшіп келген қандастардың бұл мәселеде шет­қақпайлық көрмеуінің себебі кезінде бұл елдермен мемлекетаралық келі­сімдер жасалған. Ал Моңғолиядан кел­ген ағайындар 2014 жылға дейін ТМД-дан қоныс аударған ағайын­дармен тең жағдайда зейнет­ке шығып келді. Себебі ол кезде Қазақ­стан мен Моңғолия арасында тиісті келісім бар болатын. Оның күші Қазақстан Үкіметінің бастамасымен 2014 жылы тоқтатылған. Енді Еңбек және халықты әлеумет­тік қорғау министрлігіндегі шенеу­ніктер Моңғолиядан келген қан­дастарымыздың зейнетақы құқығын толық қалпына келтіру үшін сол елмен қайтадан келісім жасау керек деген уәж айтады. Ал ондай келісім қашан жасалатыны белгісіз. 

Ішкі істер органдарының Қаза­қстан азамат­тығын алу үшін қандас­тары­мыздан тұрақты тіркеуді талап етуі де оларды әуре-сарсаңға түсіріп жүр. Өйткені шет елдерден көшіп келген этностық қазақтардың көп­­шілігі тұрғын үй сатып алуға мүм­кіндіктері болмағандықтан, өздерін жекеменшік тұрғын үйлері мен пәтерлеріне тұрақты тіркеуге рұқсат беретін адамдарды іздеп, сол үшін оларға едәуір ақы төлеп, шығындануға мәжбүр. Бұл аздай, кейін көші-қон полициясының қызметкерлері қандастарымыздың тіркелген баспаналарында тұрмай­тын­дығын әшкерелеп, оларға ақша­лай айыппұл салып жатады.

Осы проблеманы шешу үшін кейбір нор­мативтік-құқықтық актілерге  өзгерістер ен­гізу қажет. Олар – Ішкі істер министрінің «Шетел­діктерге және азаматтығы жоқ адам­дарға Қазақстан Респуб­лика­сында уақытша және тұрақты тұруға рұқсаттар беру қағидаларын бекі­ту туралы» 2015 жылғы 4 жел­тоқсандағы №992 бұйрығы мен «Қазақстан Республикасының азамат­тығына қабылдау мәселелері бойын­ша өтінішхаттарды ішкі істер орган­дарының қабылдау, ресімдеу және қарау қағидаларын бекіту туралы» 2016 жылғы 28 қаңтардағы №85 бұйрығы. Алайда алтыншы шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің депутаттары Ішкі істер министрлігіне қандастарымыздың азаматтық алуына елеулі кедергі болып отырған тұрақты тіркеуді талап етуді алып тастауды немесе осы проблеманы шешудің басқа ұтымды тетігін жасап, қолдануды ұсынып хат жазғандарымен, атал­ған мемлекеттік орган басшылары оған «сырғытпа» жауап беріп, «құтылған» көрінеді. 

Қандастарымыздың осындай өзек­ті мәселелері де жоғары жақтан нұсқау болмаса, жуық арада оңынан шешіле қоймас, сірә.