Аймақтар • 18 Ақпан, 2021

Ақмола облысына түрлі елдерден 25-тен астам ұйым гуманитарлық көмек көрсетті

151 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақмола облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті «Ақмола-адалдық алаңы» жобалық кеңсесімен, сондай-ақ уәкілетті мемлекеттік органдармен және қоғам өкілдерімен бірлесіп, өткен жылдың шілде айынан бастап Соvid-19-ға қарсы күресу үшін түрлі елдерден келіп түсетін гуманитарлық көмектің бөлінуіне тұрақты түрде бақылау жүргізеді.

Ақмола облысына түрлі елдерден 25-тен астам ұйым гуманитарлық көмек көрсетті

Гуманитарлық көмекті «СҚ-Фармация» ЖШС қабылдайды, содан кейін Денсаулық сақтау министрлігімен келісім бойынша бөлу қағазы қалыптастырылады және республика өңірлері бойынша жүк тасымалдау жүзеге асырылады. Ақмола облысында облыстық Денсаулық сақтау басқармасы гуманитарлық көмекті бөлуді айқындайды.

Бүгінгі таңда Катар, Қытай, Ресей, Түркия, Өзбекстан, Израиль, Грузия, Сербия, Германия, АҚШ, БАӘ, Польша, Швеция, Португалиядан келген 25-тен астам ұйым, сондай-ақ қайырымдылық қорлары, жеке компаниялар және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өңірге гуманитарлық қолдау көрсетті.

Келіп түскен 700 мыңнан астам жеке қорғану құралдары, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар жұмыс тобының бақылауымен облыстың медициналық мекемелеріне таратылды.

Тауарды мақсатсыз пайдалану мүмкіндігін болдырмау үшін дәрі-дәрмектер мен бұйымдардың әрбір қаптамасына «Гуманитарлық көмек. Тегін. Сатуға болмайды» арнайы мөрі қойылады.

Сонымен қатар, құрамында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкерлері, мүдделі мемлекеттік органдар мен белсенді қоғам белсенділері бар мониторингтік топ дәрілік заттар бағасының негізсіз көтерілуіне жол бермеу мақсатында өңірдің дәріханаларына, медициналық мекемелері мен қоймаларына мониторинг жүргізеді.

Дәрі-дәрмектің бағасын көтерудің 32 фактісі анықталып, 14 әкімшілік хаттама толтырылды.

Естеріңізге сала кетейік, қандай да бір сыбайлас жемқорлық көріністеріне, оның ішінде денсаулық сақтау саласына тап болған жағдайда азаматтар бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 1424 бірыңғай тегін Call-орталығына хабарлай алады.

Соңғы жаңалықтар