Конференцияны Өзбекстанның Жастар ісі жөніндегі агенттігі ұйымдастырды. Алқалы отырысқа ШЫҰ, БҰҰ, ЕҚЫҰ, сияқты халықаралық ұйымдардың басшылары, өкілдері, сарапшылар мен жастар қатысты.
Б.Әміреев өзінің алғы сөзінде жастар мәселесінде ынтымақтастық тақырыбы тек басым бағыттардың бірі ғана емес, сонымен қатар Түркі кеңесіне мүше мемлекеттердің әлеуметтік-экономикалық және саяси болашағын анықтайтын фактор болып табылатындығын атап өтті.
Ол жастарды деструктивті іс-шаралардан сақтандыру ұйымның маңызды міндеті екенін, сондықтан баса назарда ұстау керектігін айтты.
Осындай маңызды конференцияны ұйымдастырғаны үшін Өзбекстан үкіметіне ризашылығын білдірді.
Сонымен қатар Бас хатшы Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің БҰҰ Бас ассамблеясының 72-сессиясында «БҰҰ-ның Жастар құқықтары туралы халықаралық конвенциясын» қабылдау туралы бастамасының маңыздылығына тоқталды.
Өзбекстанның мемлекеттік жастар саясатын түбегейлі реформалау және жаңа деңгейге көтеру бойынша қабылданған шараларды жоғары бағалады.
Бұдан өзге ол жастар саласындағы ынтымақтастықты нығайту ұйым қызметінің маңызды бағыты екенін ескере отырып, «Жастар платформасын» құру ең нәтижелі жұмыстардың қатарында екенін айтып өтті.
Осы орайда Бас хатшы конференция қонақтарын Түркі кеңесі елдеріндегі жастардың ортақ мәселелерімен таныстырды.
Б.Әміреев сондай-ақ Түркі Кеңесінің ҮЕҰ шеңберінде «Жастар платформасын» құруы ең нәтижелі жоба екенін баса айтты.
Сонымен қатар Түркі Кеңесінің басшысы халықаралық қауымдастықты исламды экстремизммен өзара байланыстырып көрсететін негізсіз талаптарды тоқтатуға және назар тек экстремизммен күресуге ғана емес, сонымен қатар жастарды ислам дінінің шынайы құндылықтарына тәрбиелеу үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға шақырды.