Медицина • 18 Ақпан, 2021

Үржарлық дәрігерлердің үміті

2747 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Өзге өңірлерді қайдам, Шығыс Қазақстанның ауылдарында медицина саласындағы мәселе шаш етектен. Маман тапшылығы өз алдына, қажетті медицина аппараттары да жеткіліксіз. Бұл жайт былтыр жазда коронавирус инфекциясы белең алғанда-ақ белгілі болды. Қыл аяғы халық ақша жинап, өз жандарын өздері күйттеген. Бұл бұл ма, өзі санаулы дәрігерлерден айырылып қалып жатқанымыз жанға батады. Айналдырған бір апта ішінде жедел жәрдем көлігі апатқа түсті, санавиация ұшағы апатты жағдайда тас жолға қонды...

Үржарлық дәрігерлердің үміті

Жедел жәрдем Өскеменге неге бұрылған?

Неге екені түсініксіз, жедел жәрдем көлігінде көз жұмғандарға қатысты бас дәрігер бір нөмірмен екі түрлі мәтінді бұйрық шығарған сияқты. Жедел жәрдем жолға шығар алдындағы бұйрықта «Үржар ауданының аудандық ауруханасы» ШЖҚ КМК хирург дәрігері Б.Габдуллин, анестезиолог-реаниматолог дәрігері Е.Байдусенов, жансақтау бөлімінің анестезисі Б.Азилханов «939 СВ 16» автокөлігімен Семей қаласының жедел жәрдем ауруханасына 1967 жылғы науқас Дария Тлеубаеваны апару үшін 2021 жылдың 2-4 ақпан аралығында іссапарға жіберілсін» деп жазылған. Ал оқиға орын алғаннан кейінгі бұйрықта «...қайтар жолдарында автобуспен немесе таксимен қайтуларына» рұқсат берілсін деп қосқан. Аурухана дәрігерлері жіберген бұйрық көшірмесіндегі мәтінге үңілсек, жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі, сондай-ақ Семейден әрі Өскеменнің Қан орталығынан қан жеткізу үшін және Бородулиха ауданының 188 қоймасынан COVID-19 инфекциясына қарсы пайдаланатын резеңке етіктер әкелу үшін 4-5 ақпан аралығында іссапарға жіберілген. Үржардан Семейге дейін бірге барып, Өскеменге шыққалы тұрған көлікке ілінбей қалған дәрігер Ернұр Байдүйсеновпен де тілдестік.

– Біз Үржардан Семейге науқас апардық. Жеткен соң науқасты ауруханаға жатқызып, облыс орталығына шығуымыз керек болды. Себебі бас дәрігердің орынбасары Өскемен арқылы қайтуымызды тапсырған. Білуімше, Өскеменде автокөліктері сынып, тағы бір дәрігерлеріміз жатқан, соларды алып кетуіміз керек еді. Сондай-ақ қан, резеңке етіктер алып қайтыңдар деген. Кешкі сағат бестерде жүргізуші шығамыз дегенде мен бірге бара алмай қалдым. Соңы осындай жағдай болды, – дейді дәрігер-реаниматолог Ернұр Байдүйсенов.

Естеріңізге салсақ, оқиға 3 ақпан күні Өскемен – Семей бағытындағы тас жолдың 140-шақырымында болған. Үржар аудандық ауруханасынан шыққан жедел жәрдем көлігінің оқыс оқиғаға ұшырауы бірінші рет емес еді. 2019 жылдың 10 қарашасында жедел жәрдем жүргізушісі Мұхит Нүпбаевқа аурухана басшылығы науқасты Семейге жеткізуін тапсырған. Тіпті реанимобильдің ақауына да қарамаған сияқты. Күннің борап тұрған кезі. Қалбатаудың тұсына жеткен жедел жәрдем қарама-қарсы бағытта келе жатқан көлікпен соқтығысыпты. Абырой болғанда, адам шығыны болған жоқ. Жол-патруль полициясы М.Нүпбаев дәрігер қарауында болған уақытта оқиға сызбасын сызған. Ал хаттамадағы қортындымен жедел жәрдем жүргізушісі келіспегендіктен, қол қоймаған. Басшылыққа хабарласқанымен, олар телефон тұтқасын көтермеген. Айтуынша, бүлінген жедел жәрдем көлігін жүргізуші өз қаржысын шығындап, Семейге жеткізген. Кейін басшылық істі өздеріне ыңғайлап түзетіп, сотқа жіберген көрінеді. Ал сот 5,5 млн теңге шығынды жүргізушінің мойнына іліп қойыпты. Айта кетерлік бір мәселе – ол жедел жәрдем көлігінің пайдалану мерзімі баяғыда біткен деседі.

Сыйақының сиқы


«Egemen Qazaqstan» газетінің 8 ақпандағы нөміріне «Үржарлық дәрігерлер үн қатпақ» деген тақырыппен өңір медицинасындағы мәселенің шетін шығарғанбыз. Дәрігерлер тізе қосып, ақылдасайық деген соң мақаланың нүктесін қоймай, тақырыпқа қайта оралатынымызды жазған едік.

Айтқандай, үржарлық дәрігерлер мәселенің мән-жайын ақылға салды, таразылады. Ойланып барып, денсаулық саласындағы проблеманы баяндап, хат жолдады.

«Медицина қызметкерлерінің жанайқайын еститін құлақтың жоқтығы жанымызға шынайы батып тұр. Аудандық ауруханада қаралы күннен бері тіршілік тоқтағандай. Аурухананың жүрегі болған қос азамат әділдікті өле-өлгенше ұстанып өткені рас еді. Аудандық аурухананың берекесі кеткелі біраз болды. Ұзаққа созылған тексерістің ұшы-қиыры жоқ.

«Күлтөбенің» басында күнде жиын» деген Бейбіт Төлеуғазыұлы (жедел жәрдем көлігінде қаза болған дәрігер) аудан басшыларына: «біздің мәселемізді шеше алмасаңыздар, алтыншы рет жинап отырғандарыңыздан нәтиже көріп тұрған жоқпын», деп еді. Шыдамның да шегі болатыны барлығымызға белгілі. Төрт айға созылған тексеріс қашан аяқталмақ?» деп жазады дәрігерлер.

Олардың айтпағы, Үржар аудандық ауруханасындағы 22 медицина қызметкерінің жеке есеп шоттарына аурухана басшылығы 100 мың теңгеден ақша аударып, бұйрықпен кері қайтарып алғаны. Ақ халаттылардың айтуынша, ақшаны кадр бөлімінің басшысы А.Қайрақбаева мен экономист А.Тұрсынқожановқа апарып берген. Басшылық «Жеңіс күніне орай» деп бұйрық шығарып, сол ақшаны өткен жылдың тамызында есепшоттарына жіберіпті. Сол-ақ екен, А.Қайрақбаева қызметкерлерге хабарласып, ақшаны комиссия күту үшін аударғандарын айтқан. Айман Тірлікбаева, Әділет Қамбарбаев, Айжан Толықбаева, Азамат Кебіспаев, Жансая Қажымұқанқызы, Ерлан Қыржыбаев, Ажар Бақытжанқызы, Айдын Тілеуханұлы сынды медицина қызметкерлері шоттарына түскен ақшаны қайтып берген.

Дәрігерлер жолдаған хаттың мәтініне сүйенсек, ақшаны бас дәрігер Б.Әбілқасымовтың бұйрығымен қайтарып әкелуді айтқан. «ПМСП басшысы марқұм З.Бидайықовтың қолын сол бұйрыққа қойып, мемлекеттің қаржысын жымқырудың масқара тәсілін жасап отыр. Қойылған қол жалған екені тайға таңба басқандай көрініп тұр. Мұның өзі қылмыс емес пе?! Қолды болған қаржыға жедел жәрдем көлігіне қыстық дөңгелек сатып алса болар еді. Аудандық ауруханада орын алған мәселеден аудит тексерісі, антикор, прокуратура, әкімдік, облыстық денсаулық сақтау басқармасы мамандары хабардар. Алайда, «жабулы қазан жабулы күйде». Бас көтерген дәрігерлерге басу айтудан басқа шара қолдарынан келмейтініне көзіміз жеткендіктен, «Egemen Qazaqstan» газетіне хат жазып отырмыз. Бұл газет республикалық деңгейде болғандықтан дәрігерлердің жанайқайын жоғарыдағылар естіп, әділ шешім шығарар деген үміттеміз», деп түйіндепті газеттің Шығыс Қазақстандағы қосынына жолдаған хатта.

Сонымен қатар бір топ дәрігер басшыларымен жұмыс істесе алмайтынын, ол орнын босатпайынша ауданның медицина саласы ақсай беретінін баса айтқан. Үржардағы медицинаның ақсап жатқанын дәрігерлер ғана емес, былайғы жұрт та айтып жүр.

– Былтыр көктемде келінімізді босандыра алмайтындарын айтып, өз көлігімізбен Аягөзге, одан ары Семейге жіберген. Демек, білікті акушер, гинеколог жоқ. Ал жазда анамыз құлап қалып, басын МРТ-ге түсіре алмадық. Аппарат жоқ. Тағы бірде ФГДС керек болып, ауруханаға барғанымызда, гастроэнтролог еңбек демалысында екен. Басқа ФГДС жасайтын маман жоқ деп есіктен кеткенбіз. Ал аудан әкімінің орынбасары қандай құрал-жабдықты айтып жүр?, – дейді үржарлық Эльмира Сағындықова.

Аталған аурухананың анестезиолог дәрігері Марсель Әнуарұлының айтуынша, тексеру жұмыстары басталғаннан бергі уақытта ұжымнан береке қашқан. Аурухана қызметкерлерінің әр күні иненің ұшында отырғандай күйде өтеді.

– Дәрігерлер албаты шу шығаратын халық емес. Олар билікке, жұмсақ орынтаққа ұмытылмайды. Жалақы көтер деп қара бақыр да сұрап отырған жоқпыз. Тек, алаңсыз қызмет етуге мүмкіндік болса дейміз. Өкінішке қарай, бұл бізде жоқ. Басшы мен дәрігердің арасы алыстап, «бармақ басты, көз қыстылық» орын алған сайын қызметкерлер қынжылады. Ал аурухана ішіндегі аураның бұзылуы қызмет сапасына тікелей әсер етеді. Содан барып ел дәрігерді кінәлайды. Алаңдаулы дәрігер науқасты қайтіп емдейді?! Бүйте берсе, ертең кадр тоқтамайды. Онсыз да кетіп жатқандар бар. Сұрап отырғанымыз, әділ басшы. Болды. Ендігі үмітіміз – Үкіметте, – дейді Марсель Әнуарбекұлы.

Бас дәрігер не дейді?

Біз өз тарапымыздан жоғарыда көтерілген сұрақтардың бас-аяғын жинақтап, аудандық аурухананың бас дәрігері Баубек Әбілқасымовқа хабарластық. Тұтқасын көтермеген соң WhatsApp желісінде хат та қалдырдық «Баспасөз хатшысына хабарласыңыз» деді, одан қызметтік куәлікті сұратты. Айналып келіп, «Бұл сұрақтарыңыздың заңдылығын тексеріп жатқан құзіретті органдар бар, алдын ала болжам жасау заңға қайшы келеді. Сау болыңыз» депті. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы болса, ауырып жатыр. «Ауырып жатырмын» деген соң, мазасын ала бермедік.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында айтқан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы өңірлерде қаншалықты жүзеге асып жатыр? Халықтың үні жоғарыдағы басшыларды қойып, жергілікті жердің басқарушы органдарына жетпей жатқан жоқ па?!

Шығыс Қазақстан облысы,
Үржар ауданы