Экономика • 19 Ақпан, 2021

Әлем Қытай экономикасына инвестиция салуға неге құмар?

203 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Трамптың өз заманында сау­да соғысы арқылы Қытай экономикасының дал-дұлын шығарамын деген тәтті арманы орындала қойған жоқ. Сарапшылардың айтуынша, керісінше дәл осы текетірестен АҚШ-тың өзі көбірек зардап шеккен сыңайлы. Қуатты экономикасын күн санап күшейтіп жатқан Қытай әлемдік инвестицияны иелену бойынша да көш бастап келеді.

Әлем Қытай экономикасына инвестиция салуға неге құмар?

БҰҰ сауда және даму конферен­ция­сының мәліметі бойынша, Қытай 2020 жылы әлемдік инвестицияның мол ағынына ие болған. Мәселен, Tesla Қытай аумағындағы (Шанхай) өндірісін ұлғайтса, әйгілі PepsiCo компаниясы былтыр қытайлық жеңіл тағам брендін сатып алу үшін 705 млн доллар жұмсаған. Жаһандық көшке ілесіп ҚХР-ды бетке алғандар қатарында спорттық киім өндіруші Adidas (Германия), электронды жүйелерді басқару өндірушісі Honey­well International (АҚШ), ірі әлемдік ретейлер Walmart және шанхайлық «Диснейленд» салумен айналысып жатқан Walt Disney бар.

Баяндама авторларының жазуын­ша, батыс компаниялары жылдам өсіп келе жатқан экономикаға қаржы салуға ерекше құмартып отыр.

«АҚШ және өзге елдердің де компаниялары Қытайға инвестиция салуды жалғастырып жатыр. Өйткені ел экономикасы пандемияға лайықты төтеп бере алды және індет кезінде де құлдырап кеткен жоқ. Оның өсім әлеуеті басқа ірі экономикаларға қарағанда әлдеқайда күшті күйінде сақталып отыр» делінеді зерттеу мақаласына пікір білдірген Rhodium Group сарапшысы Адам Лысенко.

Сауда және даму конференциясы жариялаған баяндамада 2020 жылы әлемдегі тікелей шетелдік инвестиция көлемі 42 пайызға төмендегені (1,489 трлн доллардан 859 млрд долларға), ал Қытайға салынған тікелей инвестиция 4 пайызға көбейіп (2019 жылмен салыстырғанда), 163 млрд долларды құрағаны айтылады. Дегенмен БҰҰ мен Қытай коммерция министрлігі жариялаған деректерде алшақтық бар екені байқалады. Ведомство 2020 жылы елге 144,37 млрд доллар инвестиция тартылғанын, соның нәтижесінде өсім 4,5 пайызға көбейгенін жариялады. Ұлттық валютаға ауыстырғанда тікелей шетелдік инвестиция 999,98 млрд юань болып, 6,2 пайызға артқан. Министрлік мұны «рекордты көрсеткіш» деп бағалайды.

Бұлай деп асыра мақтанатындай жөні бар. Себебі, Қытай инвестиция тарту бойынша тұңғыш рет АҚШ-ты артта қалдырып, көш бастап отыр. Осыған дейін күллі әлемнің инвес­торларын құшағына сыйдырып, олар үшін ең жайлы мекенге айналған АҚШ-та 2020 жылы шетелдік тікелей инвестиция тарту көрсеткіші
49 пайызға құлдырап, 134 млрд доллар болған.