Тарих • 19 Ақпан, 2021

Аштық па, ашаршылық па?

1110 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың 2020 жылы 10 қарашадағы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы» Жарлығы осы бағытта тәуелсіздік жылдары басталған жұмыстарға жаңа серпін берді. Азаттықтың елең-алаңындағы ізашар істер отандық және әлемдік тәжірибе тұрғысынан толықтырылып, қоғамның ділгір сұранысына сай қайта байыпталмақ. Бұл – өркениет үдерісі, адамшылық пен имандылықтың көрінісі.

Аштық па, ашаршылық па?

Біз, ел жоғары мектебінің өкілдері, осы маңызды бастаманы елордадан бас­тап өңірлерге дейін мемлекетшілдік рух­та таразылап, талдап, түсіндіріп жат­­қ­ан шаралардың бәрін қолдап-қуат­тай­­мыз.

Рас, қазір көп нәрсеге білім және ғылым саласы жауапты. Ұстаз бен ға­лым­ның арқалаған қоғамдық қомақты жүгі аз болмайтыны сондықтан. Бостан жыл­дардың әр сәті, әр күні тек мұғалім-оқыту­шыдан ғана емес, қоғамның бар мүшесінен ақыл мен қайратты тең ұстау­ды талап еткенін де ұмытпалық. Екі төңкерісті, үш-төрт мәрте тұтқындалу мен абақтыда отыруды бастан кешкен Ахмет Байтұрсынұлы: «Өткенді қуғанды қойып, осы күйіңді жөндеуге жөн іздеу керек», деген еді.

Кеңестік саяси қуғын-сүргінмен қа­тар­лас айтылатын бір нәубет – халқы­мыздың жартысын жалмаған сұрапыл аштық жайы.

Әрине, ең алғаш аталым-терминнен (Алаш кезеңінде «пән сөздері» дейтін) бастайық. Осы қазір жиі қолданылатын «ашар­шылық» сөзі қайдан енді?.. Ойла­нып қаламыз.

Жүсіпбек Аймауытұлы, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, т.б. әдебиет алыптары лексиконында – «аштық» немесе «Аштық құрбаны». Қазақ тілінің тұнығынан су ішкен ақын-жазушыларда «ашаршылық» деген сөз жоқ. Сірә, бұл –
кейінгі «калька» жұрнақтардың бір кө­рінісі. Естеріңізде шығар, респуб­ли­каның басты саяси газеті бірде «Ең­бек­шіл қазақ», бірде «Еңбекші қазақ» болды. Немесе «денсаулық» деген төл сө­зімізді «денсаушылық» деп бұзып айта­тындар ұшырасады. Біздің ойымыз: ұлттың әрбір сөзінде генетикалық код бар, сондықтан ХХ ғасырдың 20-30-жыл­дарындағы ұлтымыздың жартысын қырған нәубет, қасірет «Аштық» деп түп­нұсқада (орысша да, ағылшынша да) жа­зылуы керек.

Тағы бір маңызды мәселе – 31 мамыр туралы. Бұл «Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандары күні» деп аталатыны белгілі. Біз зиялы ортада, оқытушы-мұғалімдер ортасында жү­реміз. Көптің тілегі – «аталған қос қасіреттің жөні де, мән-мағынасы да екі бөлек, сол себепті оларды еске алу­ға екі дата белгілеген жөн». Тағы бір орай­лы ұсыныс: Аштық құрбандары мен Саяси қуғын-сүргін құрбандарына тағ­зым ету жас­тар үшін және жаңа буын үшін қа­жет. Ал 31 мамыр – мектеп оқушы­ла­ры­ның да, студенттердің де демалыс ке­зеңі. Сонда бұл шара кім үшін на­си­хат­­талады? «Халық үніне құлақ аса­тын мемлекет» деген Президент ұста­ны­мы дәл осы мәселеде анағұрлым керек деп санаймыз.

Тағы бір ұсынысымыз: жаңа елордада қоныс тепкен Нұр-Сұлтан қаласында аштық құрбандарына қатысты да, саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты да бір тарихи орын бар. Ол – бүгінгі «Жас­тар» шағын ауданындағы Хан Кене сарбаздары мен Алаш қайраткері Смағұл Сәдуақасұлының сүйегі жерленген ескі мұсылман қорымындағы бауыр­ластар бейіті. Жоғарыдан аэро­тү­сірім жасалғанда, осы зираттан үш шұңқыр анықталған. Бұл жерлерге төң­керіс, аштық құрбандары жаппай жер­ленгенін көнекөз қариялар растаған. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығында осы тарихи орынға ескерткіш орнату – елдік парызымыз.

Бүгінде ғалымдар, көсемсөзшілер аштық тақырыбында екі-үш мәселеге ек­пін түсіре айтып жүр. Біз оған 100 па­йыз қосыламыз. Қайталап еске са­ла­йық: білім саласы «1920-1930 жыл­дар­дағы Аштық құрбандарының саны нақтыланса» дейді. Бұл оқулық пен оқу құралдарындағы бірізділік үшін маңызды. Зиялы қауым: «Нұр-Сұлтан, Алматы, т.б. қалалардағы Аштық құр­бан­да­рына арналған ескерткіштерде неге «1931-1933 жылдар» деп көрсетілген? Сонда 20-жылдардағы аштық құрбан­да­рына басқа ескерткіш орнатамыз ба?» деп орынды сұрақ қояды.

Сонымен бірге аштық – жылау мен сық­таудың тақырыбы емес, ұлттық бір­лік пен сананың, елдік байып пен сабақ­тың өзегіне айналуы тиіс. Кеңес өкіметі саясатынан Қазақстанда болған аштық тағылымын өнер саласында (клас­сикалық бес түрінде) насихаттау – тірілердің адамшылық парызы.

Әдетте аштық қасіреті сөз болғанда, жұрт Б.Майлиннің аштық тақыры­бын­да­ғы «Күлпәш» әңгімесін еске алады. Өте дұрыс. Бұл ретте Ж.Аймауытұлының «Даладағы Наурызынан» С.Елубайдың «Ақбоз үйіне» дейін, Ж.Сыздықовтың «Әлі қарттың әңгімесінен» Т.Әбдірах­ма­но­ваның «1932 жыл» поэмасына дейін – ұлт жан жарасының айнасы.

Классик Жүсіпбек «Жаңабайдың жанындағы трагедия» атты әңгiмесiнде 20-жылдардың басындағы алапат аш­ты­қ­ты өлген жiгiттiң жазбасы ар­қылы сурет­тейдi. Бұл – ұтқыр форма. Мар­құм­ның әлгi әңгiме-жазбасында көп нүкте қойылып, бос тасталған жерлер (Жүсiпбек «өшiрiлген жерлер бар екен» деп ескертедi) бар. Орыс баспа және баспасөз тарихында «ақтаңдақ» («белые пятны») деп осыны айтады. Ал қазақ жазушысында бұл – форма. Жүсiпбек көп нәрсенi айтқысы келедi, бiрақ айта алмайды. Себебi түсiнiктi. Әңгiмедегi автор бос қалдырған тұс оның мәнiн айқындағандай. Бiр үзiндi келтiрейiк: «…………………… егер көп аштармен бiрiксе ……………….. етер едi. Оны Жаңабай бiлмедi. …………………………Әлеумет за­ңы­на ол бағынады……………..». Шы­ғар­ма­ның өн бойында жазушы осылай кете бередi. Бұл – тiлдi кесуге таянғанды көр­сет­кен нышан едi.

Бір ауыз сөз – аштыққа қамалған жұртқа созған Алаш зиялыларының көмек қолы туралы. Мұны да тарихшы қауым жіті зерттесе деген тілек бар. Бұл ша­ра кезінде «Помгол» (Ашыққандарға жәрдем) деп аталған. Шараның жуан ортасында қаламгер Ж.Аймауытұлы жүрген. Мақсат – ашыққан аудандарға мал жеткізу. Не керек, осы үшін Жү­сіп­бек нақақ қараланып, істі де болған. Бірақ 1926 жылы ашық сотта ақталып шыққан.

Халықтың әл-ауқат қорына қол салып, аштықты жасанды түрде ұйым­дас­тырған қаныпезерлердің, «қой терісін жа­мылған коммунист, кешегі коло­ни­заторлардың» шынайы кейпі Смағұл Сәдуақас­ұлының «Қостанай-Торғай» очеркінде деректермен жан-жақты сипатталады.

Мұның бәрі теңіз тамшысындай бол­ғанмен, алапат аштықтың себебін ашатын ақиқат жолын нұсқайды.

 

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия

ұлттық университетінің проректоры,

ҰҒА академигі