Қысқы спорт • 19 Ақпан, 2021

Баварияда бақ сынаймыз

169 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

23 ақпанда Германияның оңтүстік-шығысындағы Бавария өңірінде орна­ласқан Оберстдорф қаласында ерлер мен әйелдер арасында шаңғы жарысынан 53-нші әлем чемпионатының жалауы желбірейді. 7 наурызға дейін созылатын дүбірлі додада 23 жүлде жиынты­ғы сарапқа салынады. Мамандардың пайымдауынша, жалпы есептегі бірінші орын үшін тартыс, әдеттегідей, Норвегия мен Германия құрамалары ­арасында өтеді.

Баварияда бақ сынаймыз

Дуалы ауыз мамандардың бұл пікіріне еш күмән келтірмейміз. Себебі соңғы үш әлем чемпионатында бас жүлделердің денін дәл сол мемлекеттің өкілдері олжалауда. Мәселен, 2015 жылы Швецияның Фалун қаласында өткен жарыста сарапқа салынған 21 алтынның 11-ін Норвегия құ­рамасы иеленсе, бесеуін Гер­мания еншіледі. Ал жарыс қожа­йындары қос алтынды олжалады. 2017 жылы Финляндияның Лахти қаласында Скандинавия түбегінің түлектері жеті, немістер алты мәрте жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Ресей мен Аустрияның шаңғышылары екі реттен дәл сондай құрметке бөленді.

2019 жылғы әлемдік дода Аустрия­ның Зефельд қаласында ұйымдастырылды. Алпысқа жуық елдің өкілдері қатысқан байрақты бәсекеде тек 12 командаға жүлде бұйырды. Солардың арасында норвегиялықтардың шоқтығы биік болды. Олар 25 жүлде (13 алтын+5 күміс+7 қола) жеңіп алды. Қоржынында 9 медалі (6+3+0) бар Германия құрамасы екінші орынға жайғасты. Үшінші орында – Швеция. Шведтер 5 жүлдені (2+2+1) қанжығаларына байлады. Сондай-ақ осы жарыста Польшаның (1+1+0) әнұраны бір мәрте шырқалса, жүлде алғандар қатарында Ресей (0+5+3), Аустрия (0+4+5), Италия (0+1+1), Словения (0+1+0), Жапония (0+0+2), Финляндия (0+0+1), Франция (0+0+1) және Швейцарияның (0+0+1) спортшылары бар.

Жалпы, шаңғы жарысынан әлем чемпионаты 1925 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Сол кезден бері 52 мәрте жалауы желбіреген айтулы жарыс­та небәрі 22 мемлекеттің са­йыпқырандарына ғана жеңіс тұ­ғырынан қол бұлғау бақыты бұ­йырды. Бір қуантарлық жайт, солардың қатарында Қазақ­стан­ның өрендері де бар. Жер-жа­һанның әр қиырынан жиналған дүбірлі додада біздің жігіттер 3 алтын, 2 күміс және 4 қола медальді иеленді. Барлығы – 9 жүлде. Осы табысымыздың арқасында жарыс кестесінде 15-орынға жайғастық. Отандастарымыздың алдын тек Норвегия (127+98+100), Финляндия (62+69+64), Ресей (60+55+52), Швеция (44+44+43), Германия (37+51+35), Аустрия (22+21+25), Италия (10+20+23), Чехия (10+18+17), Жапония (10+10+10), Польша (8+6+10), АҚШ (7+3+4), Франция (6+4+10), Швейцария (4+5+7) және Эстония (3+5+2) сынды шаңғы спортында мықты мек­тебі қалыптасып, жеңіспен өріл­ген дәстүрі бар санаулы ғана мем­лекеттердің өкілдері орай алды.

Қазақстанның шаңғы спор­тының даңқын шарықтатып, ме­рейін үстем еткендер арасы­нан алдымен Владимир Смир­новтың есімі аталады. Ол тәуелсіз елімізге әлем чемпионатының бақандай 9 жүл­десін сыйға тартты. Тарқатып айтсақ, 1995 жылы Канаданың Бандер-Бей қаласында өткен жарыста Ақмола облысының тумасы 10, 15 және 30 шақы­ры­мдық сайыста алдына жан сал­маса, 50 шақырымдық бәсе­кеде қола медальді мойнына ілді. 1993 жылы Швецияның Фа­лун қаласында Смирнов 2 кү­міс пен 1 қоланы еншіледі. Сол бәсекелерде әйгілі отандасы­мыз норвегиялық Бьорн Дэли, финляндиялық Мика Мюл­лю­ля мен Яри Исомется, ресей­лік Алексей Прокуроров, италия­лық Сильвио Фаунер және тағы басқа атақтары алысқа та­ра­ған саңлақтардан озғанын жан­күйерлер осы күнге дейін ауыздарынан сулары құрып, тамсана әңгімелейді.

2013 жылы Италияның Валь-ди-Фьемме қаласында өт­кен әлемдік доданың 50 шақы­рымдық сайысында Кенді Алтай өлкесінің тумасы Алексей Пол­торанин қола медальді иеле­ніп, көрермендердің ыстық ықы­ласына бөленді. Дәл сол Пол­торанин өзінің әріптесі Николай Чеботькомен бірге командалық спринтте де үшінші орынға та­бан тіреді. Өкінішке қарай, ақмо­лалық спортшының өмірі кел­те болды. Осыдан бір айға жуық уақыт бұрын Николай Бу­рабай мен Щучинск тас жолында апатқа ұшырап, жарық дүниемен қош айтысты. Ол небәрі 38 жас­та еді...

Әрине, Қазақстан шаңғы­шы­ла­рының тұғыры бұдан да биік болуға тиіс еді. Бірақ біз­дің ел кезінде Кеңес Одағы құра­мында болғандықтан кейбір жер­лестеріміздің жеңісі алып им­перияның еншісіне жазылды. Мәселен, жоғарыда біз атап өткен Владимир Смирновтың өзі әлем чемпионатының 1 алтын, 2 күміс және 1 қоласын КСРО құрама командасының қор­жы­нына салды. Одан бөлек, 1974 жылы Фалунде қостанайлық Иван Гаранин (қола) мен 1987 жылы Оберстдорфта ақмолалық Владимир Сахновтың (күміс) жеңіс тұғырына көтерілгені көзі қарақты жанкүйерлердің жадында.

Қазақстандық шаңғышы­лар соңғы рет 2013 жылы Апен­нин тү­бегінде өткен әлем чемпио­на­­тында жүлделі орындарды иеленді. Содан бері сегіз жыл зу­лап өтті. Өкінішке қа­рай, 2015 жылы Фалунда, 2017 жы­лы Лахтиде және 2019 жы­лы Зе­фельде өткен байрақты бәсе­ке­лерден қоржынымыз бос қай­тты. Енді неміс жерінде жала­уы желбірейтін жарыста жерлес­теріміз сол олқылықтың орнын толтырады деп үміт­тенеміз.