Қазір еске түсірсек, кезінде Қарағанды өңірінде ірілі-ұсақты 60-қа жуық мәшине жасау зауыттары болған екен. Өтпелі кезең қиындығы алдымен осы салаға ауыр тиіп, ол біраз жылға тұралап қалды. Соңғы уақыттарда тең жартысы істі қайта жаңғыртып, бұрынғы қарымды қалпына келтіріп келеді. Өндірісті дамыту отандық үлеспен байланысты болып тұрғанда оны көтеру бүгінгі басым міндеттердің бірі ретінде алға қойылып отыр. Бір тәуірі бұған мүмкіндік баршылық. Сақталған өндірістік алаңдар, техникалық қуат, білікті мамандар өңдеу өнеркәсібі тынысын кеңейтуді жеңілдетерлік алғышарттар.
Осыған байланысты белгіленген бағдарлама бойынша мәшине жасау консорциумы құрылды. 1000-ға тарта адамның еңбекке тартылуына жол ашатын аталған құрылымға әзірге 11 зауыт енген. Әзірге дейтініміз, олардың қатары толыға түспек.
Консорциум бірінші кезекте кен-шахта жабдықтарын жасауды жандандыруды қолға алуды көздейді. Атап айтқанда, көмір қабаттарын дайындау кешендеріне, конвейерлерге механикаландырылған тіреулерді шығару өндірісін құру жүргізіліп жатыр. Ал келешекте басты кәсіпорындардың негізінде коммуналдық және ауылшаруашылық техникалары үшін қосалқы бөлшектер құрастыру жалғастырылады. Доңғалақты жеңіл тракторлар жасау да ойда бар. Мұны экскаватор зауыты мойынға жүктеуге дайын. Сондай-ақ, көтеру көлігі жабдықтары, жүк лифтілері, энергетикалық агрегаттар қазақстандық тұтынушылар қолына тиетін болады. Сөйтіп аталған заттардың тапшылығы, сырттан қымбат бағаға сатып алынуы төмендей бастайды. Осылайша мәшине жасау саласын сауықтыру арқылы облыстың қажетті технологиялық құрал-жабдықтармен өзін-өзі толық қамтамасыз етуін қалыптастыру жаңа экономикалық талаптан туындаған міндет.
Бұл күнде оның қызметін үйлестіруге бағытталған шаралардың алды басталып кетті. Сол үшін құрылған технопаркте мәшине жасау зауыттарына арналып аймақтық ірі конструкторлық бюро жұмыс істегелі тұр. Барлық жаңа технология, ұтымды ізденістер сонда талданып, өндіріске жолдама алады. Ғылыми-зерттеу институттары да осы іске жұмылады.
Консорциум құрамындағы бірлескен мәшине жасау зауытын құруға “Арселор Миттал Теміртау” компаниясы ынта танытты. Қажетті жабдықтарды тұтынуға тапсырыс берушілер арасында меморандум жасалып, соған сәйкес өндірілетін өнімдер таяу арада қолдарына тимек.
Бұған дейін атақ-даңқы алысқа танымал болған саланың қайтадан өңір өнеркәсібінде жетекші орнын оралтуына мүмкіндігі кең. Әбден ойластырылып, міндеттер нақты белгіленіп басталған осынау маңызды жобаның тыңғылықты іске асырылуына үміт үлкен. Облыстың басты назарындағы шараның орындалу барысы тұрақты бақылауға алынған.
Кейінгі бірер жылдан бері белорустық іскер топтар өкілдерінің облысқа келіп-кетуі жиілей бастады. Жақында осы ел ірі кәсіпорындары басшылары мен жауапты мамандарынан құралған делегация кезекті жұмыс сапарымен болып қайтты. Өндірісті өңірдің экономикалық күш-қуатына қанық меймандар бұл жолы екіжақты байланысты тереңдетуге кең мүмкіндіктер барын анықтады.
Аймақ пен Белорусия арасындағы тауар айналымы бүгінде 85 миллион теңгені құрап отырса, оны ұлғайта беру ортақ басты мақсат. 7 бірлескен кәсіпорынның жемісті қызметі соған қолайлы жағдай туғызады. Енді Қарағандының өзінде әйгілі БелАЗ мәшинелерін құрастыру басталмақтағы ең ірі жобалардың бірі. Соның арқасында өңірде бұрын соңды болып көрмеген жаңа өндіріс қалыптасқалы отыр.
Минск доңғалақты жүк сүйрегіш техникалары зауыты өнімі облыста қайта жандануға бет алған мәшине жасау өнеркәсібіне үлкен көмек болғалы тұр. Жергілікті әріптестерімен іскерлік кездесуде аталған зауыт өкілі Сергей Феофилов ортаға салғандай, ел индустриясының бұл алыбы былтыр өндірілетін өнім көлемін 50 пайызға арттырып, бетонсорғыш сияқтылы өтімді заттар шығаруды да игерген. Оның біраз бөлігін сатып алуға “Қазақмыс” корпорациясы тарапынан ынта танытылды.
Ынтымақтас мемлекет өкілдері тікелей көз жеткізгендей БелАЗ құрастыруға ыңғайланған Қарағанды зауытында дайындық жұмыстары аяқталып келеді. Өз тәжірбиелерін үйретуге, шеберліктерін бөлісуге келген жерлес мамандарының баян етуі бойынша жаңа кәсіпорынның техникалық та, кадрлық та әлеуеті қойылған міндетті іске асыруға жеткілікті. Жаз ортасына таман ол іске кіріседі деп күтілуде.
Айқын НЕСІПБАЙ.
ҚАРАҒАНДЫ.