Аймақтар • 19 Ақпан, 2021

Жамбыл облысында қайғылы жағдай орын алды

3506 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Жамбыл облысында қайғылы жағдай орын алды. Сарысу ауданының орталығы Жаңатас қаласының 2-ықшамауданындағы 5 қабатты тұрғын үйдің 3-ші қабатынан өрт шығып, 16 шаршы метр аумақты шарпыды. деп хабарлайды Egemen.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жамбыл облысында қайғылы жағдай орын алды

Тілсіз жаудың салдарынан киімдер мен жиһаздар өртеніп кеткен. Пәтер ішінде ата-анасының қарауынсыз кәмелет жасына толмаған 2015, 2016, 2017, 2019 және 2020 жылы туған бес бала қалып қойған. Белгілі болғанындай, балалардың әкесі жұмыста болған, ал анасы дүкенге шығып кеткен. Өрт салдарынан бес бала да түтінге уланып, жедел түрде ауруханаға жеткізілді. Өкінішке қарай, араға біраз уақыт салып, бәрі де көз жұмған.

Қайғылы оқиғаның себебін анықтау үшін Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасымен арнайы комиссия құрылды. Облыс әкімінің орынбасары Ұлан Жазылбектің төрағалығымен аталған комиссия оқиға орнына аттанды. Сондай-ақ, Жаңатас қаласына облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров пен облыстық полиция департаментінің бастығы Жанат Сүлейменов те аттанды. Сонымен қатар, жолға Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Ермек Момбаев пен жедел топ, жылжымалы өрт-техникалық зертхана, өрт сөндіру қызметі мен апаттық-құтқару қызметінің психологтары да шықты. Жалпы, комиссия құрамына прокуратура, полиция департаменті, төтенше жағдайлар жөніндегі департамент пен басқа да мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері енген. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан қара жамылған отбасына жан-жақты көмек көрсетіледі. Психолог мамандар жұмылдырылып, балаларды жерлеу шараларын ұйымдастыруға жәрдем беріледі.

Оқиға орнында өрт сөндіру қызметінің 6 қызметкері мен 1 дана техника жұмыс атқарды. Қазіргі кезде өрт толығымен ауыздықталды.