Аймақтар • 20 Ақпан, 2021

Дауыл салдарынан Тараз қаласындағы бірқатар нысанға зақым келген

361 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жамбыл облысында ұйтқып соққан дауылды желдің салдарынан бірқатар нысандарға зақым келді. Тараз қаласы бойынша Абай, Жамбыл даңғылдары мен Қазыбек би, Қ.Сәтбаев, Көшеней көшелеріндегі және 15-ықшамаудандағы 10 көпқабатты тұрғын үйдің 1405 шаршы метр шатыры зақымдалған. Қалалық әкімдіктің мәліметінше, шатырларды қалпына келтіру жұмыстары мердігерлер тарапынан жедел іске асырылатын болады. Сондай-ақ, 15-ықшамауданы №14 үйдің 20 шаршы метр балконы және 3 метр газ құбырына залал келген, деп хабарлайды Egemen.kz.

Дауыл салдарынан Тараз қаласындағы бірқатар нысанға зақым келген

Сонымен қатар, Байзақ батыр, Асқаров, Герцен көшелеріндегі 3 электр бағанасы құлаған. Бірақ, құлаған бағаналарды «Тараз Жарық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 3 бригадасы қалпына келтірген. Сол сияқты, Байзақ батыр, А.Асқаров, А.Пушкин, әл-Фараби көшелерінде 6 жерден электр желілері үзілген. Ол да «Тараз қалалық электр жүйелері» мекемесі тарапынан жөнделген. Сондай-ақ, электр жарығының өшуіне байланысты, диспетчерлік қызметке 5 өтініш түсіп, бұл жұмыстар жедел бригадалар тарапынан іске қосылған.

Дауылды желдің салдарынан Тараз қаласындағы көшелерде 40-қа жуық тал құлап, оларды тазалау жұмыстарына «Жасыл Ел-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан 4 бригада және 13 техника тартылды. Нәтижесінде, құлаған 20 ағаш кесіліп, шығарылған. Сонымен қатар, қала көшелеріндегі 20 бағдаршам істен шыққан. Оны қалпына келтіру жұмыстарына «СМЭУ-Автотранссигнал-2» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан 4 бригада ұйымдастырылған. Ал, Ы.Сүлейменов көшесінің бойы мен «Победа» тұрғын алқабында екі аялдама құлаған. Қазіргі таңда оларды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Қала бойынша 42 билборд, 5 пилонның баннері, Тұңғыш Президент саябағындағы Ту жыртылған. Бұл баннерлерді алып тастау жұмыстарымен жарнама агенттіктері айналысуда. Ал, қаладағы жылу беруші және тасымалдаушы коммуналдық кәсіпорындарға ешқандай өтініш түспеген.