Спорт • 22 Ақпан, 2021

Жаңа есімдер жарқылы

163 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік жылдарына дейінгі уа­қытта да қазақстандық бокс, күрес спортының шеберлері өзде­рінің мықтылығын тек КСРО ішінде ғана дәлелдеп қоймай, әлемдік бір­қатар ірі додада қарсыластарын қо­ғадай жапырып, төрткүл дүние­нің көз алдында әйгілеген еді. Міне, сол дәстүр күні бүгінге дейін жал­ға­сын тауып келеді.

Жаңа есімдер жарқылы

Десе де кей спорт түрлерінен жерлес­теріміздің тынысы тек ел Тәуелсіздігінен кейін, Елбасымыздың спортқа деген ерекше қамқорлығының арқасында ашы­ла түсті. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен еліміз 30 жылда спорт саласында толайым табыстарға жетіп қана қоймай, спорт инфрақұрылымдарын дамытуда да алға қадам жасады. Осындай қолдаудың арқасында жерлестеріміз егемендіктің 30 жылдығында тыңнан түрен салып, бұрын-соңды жетістікке жетіп көрмеген спорт түрлерін меңгеріп, әлемдік ареналарда атой салды. Атап айтар болсақ, көркем гимнастика, спорттық акробатика, су спорт түрлері, велоспорт және бірқатар қысқы спорт түрі бар. Солардың арасында ең негізгісі – мәнерлеп сырғанау спорты еді. Өйткені Тәуелсіздіктің ақ таңы атқаннан кейін спорт саңлақтарымыз түрлі жарыстарда ел қоржынына жүлде сала бастады. Мәселен, мұзайдынның мұзбалағы саналған Денис Тен 2014 жылы Сочиде өткен қысқы Олимпия ойындарында қола медаль алып, жалғыз жүлдемен Ресей төрінде мерейі­мізді асырғаны жанкүйерлер мен ел есінде мәңгілік сақталатыны анық. Одан бөлек Денис елімізде өткен қысқы Азия ойындары мен Универсиадада алдына жан салған жоқ. Оңтүстік Кореяның бас шаһары – Сеулде жалауы желбіреген Төрт құрлық чемпионатында атой салды. Сондай-ақ Лондон мен Шанхай қалаларында ұйым­дастырылған кезекті әлем чемпио­наттарында бір күміс, бір қола медаль олжалады.

Ал әйелдер арасында мәнерлеп сыр­ғанаудан мақтанышымыз Элизабет Тұр­сынбаева спорттың бұл түрінен толайым табыстарға қол жеткізіп, қарсыластары қаймығатын әйгілі спортшыға айналды. 2019 жылдың наурызында Сайтамада (Жапония) өткен мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионатында күміс медаль алып, негізгі бағдарламада 4 айналым (4S) элементін орындаған әлемдегі алғашқы мәнерлеп сырғанаушы қыз ретінде тарихқа енді. Бұған дейін мәнерлеп сырғанау тарихында 16 жастан асқан әйелдер арасында ешкім төрт айналым элемент секірмеген-ді.

Жуырда дәл осы Денис Тен мен Эли­забет Тұрсынбаеваның ізін жалғаған спортшылар ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан кубогында бақ сынады. Еліміз­дің ең үздік деген спортшыларының басын қосқан Алматыдағы бәсекеде бірқатар жаңа есімнің жарқ еткеніне куә болдық.

Жарыстың алғашқы күнінде қыздар арасындағы бәсекеде қарағандылық Поли­на Лобинцева жеңіске жетті. Күміс және қола жүлдені тиісінше алматылықтар Анас­тасия Лобанова мен Богдана Раки­шева иеленді. Ерлер арасында елордалық спортшы Диас Жиренбаев топ жарды. Күміс медальды қарағандылық Дмитрий Карпухин, қоланы алматылық Симон Гейко еншіледі.

Жасөспірім ұлдар арасында алматылық Артур Смағұловқа тең келер ешкім болмады. Өзге әріптестеріне қарағанда сауатты өнер көрсеткен Артур Қазақстан кубогының жеңімпазы атанды. Екінші және үшінші орынды шымкенттік Олег Мельников пен қарағандылық Никита Кривошеев қанжығасына байлады. Жас­өспірім қыздар арасында шымкенттік Карина Иссакова қарсыластарын шаң қаптырып, алтын жүлде олжалады. Бұл бә­секедегі күміс медальды Шымкент қала­сы­ның тағы бір өкілі Айғана Сансызбаева, қо­ланы елордалық Милена Семкова жеңіп алды.

Екінші күнгі бәсекеде ерлер арасында 16 жастағы алматылық Михаил Шай­доров дара шықты. Бүгінде ол әйгілі Олим­пиада чемпионы Алексей Урма­новтың қоластында жаттығып, спорттың қыр-сырын жетік меңгеруде. 2019 жылы Алматыдағы ел чемпионатында топ жарса, міне, араға екі жыл салып ел кубогында бағы жанды.

Бұл сайыста екінші орынды Нұр-Сұл­тан қа­ласының өкілі Диас Жирен­баев қанағат тұтса, үздік үштікті Дми­трий Карпухин түйін­деді. Ал әйелдер арасындағы сайыс­та үш медаль жиын­тығын алматылық қыз­дар өзара бөлісіп алды. Алтын медальды Мария Гре­чаная жеңіп алса, Ажар Жұ­ма­ханова – күміс, Анас­тасия Лобанова қола медальды еншіледі.

Ел кубогы жолындағы жарыс мәресіне жеткен соң Қазақстан құрамасының бас бапкері Құралай Узурова өз ойын ор­таға салып, алдағы жоспарларын айтты. «Былтыр пандемияға байланысты халықаралық жарыстарға қатысу былай тұрсын, жаттығу жұмысын жасай алмай қал­дық. Бірақ спортшылар соған қара­мастан, үй жағдайында жаттығып, барынша спорттық бабын сақтауға тырысты. Сөйтіп тек тамыз айының соңында ғана мұз ай­дынға оралуға мүмкіндік алдық. Қазіргі таңда спортшылар спорттық бабына еніп үлгерді, күнделікті екі реттік жат­ты­ғулар өз жемісін беріп жатыр», деді ол.

Сонымен қатар Узурова алдағы уақытта халықаралық жарыстарда Қазақстан намысын қорғайтын спортшылардың есімін атады. «Ерлер арасындағы халықаралық жарыстарда ел намысын жуырда ғана Қазақстан кубогында, ел чемпионатында жоғары нәтиже көрсеткен Михаил Шайдоров қорғайды. Бұл спортшы кейінгі екі маусымда жақсы нәтиже көрсетіп, төрт секіруден тұратын өте күрделі бағ­дарламаларды орындап жүр. Әйелдер ара­сындағы жекелей сында Қазақстан намы­сын Ясмин Текик қорғайды. Ол конь­кимен өте ұқыпты жұмыс істеп, бар­лық жаттығуды еш қатесіз орындайды. Сондай-ақ Мария Гречаная жуырда жасөспірімдер арасында өтетін Болга­рия­дағы Sophia Trophy жарысында өнер көрсетеді», дейді бас бапкер.