Қазақстан • 23 Ақпан, 2021

Шекаралас өңірлер ерекшелігі ескерілсе, талай ауыл сақталып, көркейе түсер еді

345 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Ресеймен шектесіп жатқандықтан, еліміздің «солтүстік қақпасы» атанған Сол­түс­тік Қазақстан облысының Уәлиханов ауданына қарасты Қулыкөл ауы­лы облыс орталығынан 560 шақырымдай, ал аудан орталығынан 180 ша­қырымдай қашықтықта орналасқан. Сол маңайдағы талай елді ме­кен­­нің тоз-тозы шығып, тарап жатқанда жолы нашар, қиян түкпірдегі Қу­лы­­көлдің іргесі сөгілмей, жылдан-жылға көркейе түскендігі қайран қа­лар­­лықтай.

Шекаралас өңірлер ерекшелігі ескерілсе, талай ауыл сақталып, көркейе түсер еді

Қазір қаймағы бұзылмаған қазақ ауылында 190 отбасы, яғни бір мыңға жуық адам тұрады. Жергілікті орта мек­тепте 190-нан аса оқушы ана тілін­де білім алып жүр. Той-думаны таусылмайтын елді мекеннің екі жағында екі дәмхана ашылыпты. Ежелден атакәсібіне мығым қулыкөлдіктердің өріс­тері төрт түлік малға толы. Оның үстіне осы ауылдан шыққан кә­сіп­кер­лер қайда жүрсе де ұшқан ұя­ларын ұмытпай, хал-қадерлерінше жәрдемдесіп жатады.

Солардың бірі – Саян Мүбәрак елор­дадан туған ауылына келіп, «Бүр­кіт» ауыл шаруашылығы коопе­ра­тивін құрып, мал фермасын ашыпты. Бұған қоса, көптен бері бос тұрған бір ғимаратты өз қаражатына күрделі жөн­деуден өткізіп, еркін күреспен айна­лы­сатын жастардың спорт кешеніне айналдырған. Көкшетау қаласындағы онкологиялық диспансерде қызмет еткен жоғары санатты хирург Сайлау Ыдырысов та зейнет демалысына шық­­қан соң атамекеніне оралып, жер­гі­лікті дәрігерлік амбулаторияға бас­шы­лық жасап жүр екен.

Бір «әттеген-айы» – Қулыкөл «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағ­дар­­­ламасы бойынша жасалған келе­ше­гі бар елді мекендер тізбесіне енгі­зілмепті. Ауыл тұрғындарының ең үлкен реніші осы екен. «Тірек не­месе серіктес ауыл атансақ, ел қазы­на­сынан бізге де қо­мақ­ты қаржы бө­лініп, ең бас­ты мұқ­таж­­дығымыз – ауы­лы­мыз­дың жолы жөн­делер ме еді?..» деп мұ­ңай­ған еді қулы­көлдіктер бұрнағы жылы бізбен кездес­кенде.

Олардың осы жөніндегі өтінішін сәті түскенде облыс әкімі Құмар Ақса­қа­ловқа жеткізген едік. Ол: «Көк­­тем­де су тасқыны қаупі төнген кезде Қулыкөл ауылына барып, үш күн бойы сонда болдым. Тасқын қатерінің алдын алуға жергілікті азаматтардың да жұмыла атсалысып жүргенін кө­ріп, ризашылығымды білдірдім. Бұл ауылдың келешегі жарқын деп санай­мын, оны «Ауыл – ел бесігі» мемле­кеттік бағдарламасына кіргізу мәсе­ле­сін қараймыз», деген еді өңір басшысы. Кейін осы жөнінде Парламент Мә­жі­лісінің депутаттары жазған хат­қа Сол­түстік Қазақстан облысы әкім­ді­гі бер­ген жазбаша жауапта да «Қу­лы­көл ауылын келешегі бар ауылдық ел­ді мекендер тізбесіне кіргізу үшін Ұлт­­тық экономика министрлігіне өті­­нішхат жолданады» деген уәде бе­ріл­ген.

Алайда не себепті екендігі белгісіз, Қулыкөл ауылы әлі күнге тірек және серік­тес ауылдық елді мекендер тізбе­сіне енгізілмеген болып шықты. Бар­лық әлеуметтік нысаны сақталып, та­лапқа сай қызмет көрсетіп тұрған, мал шаруашылығымен жаппай айналы­са­тын тұрғындарының әл-ауқаты жыл­дан-жылға артып келе жатқан бұл ауыл – өзі аттас ауылдық округтің ор­та­лығы. Сондықтан Қулыкөлді – тірек елді мекен, ал оның жанындағы Қара­тал мен Береке атты шағын ауыл­дар­ды серіктес елді мекендер етіп бел­гі­леу­ге әбден болар еді.

Ал «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағ­дар­ламасына енгізілмеген ауыл­дық елді мекендердің инфра­құ­ры­лы­мын дамыту республика қазы­на­­сынан емес, жергілікті бюджет есе­­бінен қаржыландырылуға тиіс. Суб­венциялы өңір болып саналатын Сол­түс­тік Қазақстан облысы бюд­же­ті­нің мүмкіндігі шектеулі екен­дігін ес­­керсек, Қулыкөл ауылына баратын кедір-бұдыр грейдерді жөн­деуге қа­шан жеткілікті қаржы бөліне­тін­ді­гін айту қиын.

Жалпы, елдің шетінде, желдің өтінде орналасқан Солтүстік Қазақ­с­тан облысындағы 646 ауылдық елді мекен­нің 307-сі ғана тірек және серік­тес ауыл­дық елді мекендер тізбе­сіне қо­сы­лыпты. Бұл онсыз да де­мо­гра­фия­лық ахуалы төмен өңірдегі ауыл­дық елді мекендердің жартысынан астамының болашағы бұлыңғыр деген сөз. Осы орайда облыстағы ті­­рек және серіктес ауылдық елді ме­­кен­дер тізбесін жасаған кезде ауыл тұрғындарын айт­пағанда, тіпті ауылдық округтер әкім­дерінің, аудандар әкімдіктері мен мәс­лихаттарының пі­кірлері жете ес­ке­ріл­меген болып шықты. Мұны біз бір­­неше аудан әкім­де­рінің өз ауыздары­нан естідік.

Жалпы, еліміздегі 6322 ауылдық елді мекеннің 2761-інің «келешегі жоқ» деп танылса, соның дені – тұр­ғындардың саны жеткіліксіз, жұ­мыс күші тапшы солтүстік-шы­ғыс өңірлерде екендігі анық. Осы ретте болашағы бар ауылдық ел­ді мекендердің тізбесі Ұлттық экономика министрінің 2019 жылғы 13 қыркүйектегі №81 бұйрығымен бе­кі­тілген өлшемшарттардың негі­зін­­де іріктелгендігін айтқан жөн. Сол өлшем­шарттарға сәйкес, елдің өңір­лері екі топқа бөлінген – халық тығыз қоныстанған Түркістан, Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Қызылор­да об­лыс­­тары және халық орташа қ­о­ныс­танған Атырау, Шығыс Қа­зақ­­с­тан, Ақмола, Қостанай, Батыс Қа­зақстан, Қарағанды, Павлодар об­лыс­тары. Алайда Ұлттық эконо­ми­ка министрлігі халық орташа қоныс­танған өңірлердің елеулі ерек­ше­ліктері барын жете ескермеген. Себебі олар жұмыс күші артық және жұмыс күші тапшы өңірлер болып екіге бөлінеді. Мысалы, Ақтөбе, Аты­рау және Батыс Қазақстан облыс­та­ры сияқты халық орташа қо­ныс­тан­ған өңірлер жұмыс күші тапшы өңірлер болып табылмайды.

Сондықтан да ел өңірлерін екі емес, үш топқа бөліп қараған қи­сын­ды да орынды болар еді. Үшін­ші топқа «Еңбек» нәтижелі жұ­мыс­пен қамтуды және жаппай кәсіп­кер­лікті дамытудың мемлекеттік бағ­дарламасы аясында халық ты­ғыз қоныстанған облыстардың тұр­ғын­дары өз еріктерімен қоныс аударылып жатқан жұмыс күші тапшы өңірлерді – Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Сол­түстік Қазақстан, Павлодар облыс­та­рын жатқызып, олар үшін арна­йы өлшемшарттар белгілеген жөн сияқ­ты. Мысалы, аса көрнекті жазушы Ғабит Мүсірепов дүниеге келген Солтүстік Қазақстан облысының Жам­был ауданындағы әлеуметтік-эко­номикалық әлеуеті әжептәуір Жаңа­жол ауылы жақын тірек ауылдан 65 шақырым қашықтықта орналасуы себепті ғана серіктес елді мекен санатына да қосылмапты. Өйт­кені аталған өлшемшарттар бо­йынша серіктес ауыл жақын тірек ауылдан 15 шақырымнан артық қашықтықта орналаспауға тиіс­ті екен. Сол өлшемшарттарды өзгер­тіп, Жаңажол ауылын тірек елді мекен ретінде айқындап, оған көршілес орналасқан бірнеше ауылды серіктес елді мекендер етіп неге белгілемеске?! Әйтпесе, жол жағдайы нашар осы ауыл­дар мемлекеттік қолдаудан мүлдем қа­ғыс қалып, біртіндеп тарап, жойылып кетуі ықтимал. Мұның өзі аудан орталығынан 50-70 шақырым қашық­тық­тағы ондаған мың гектар құнарлы жердің иесіз қалуына әкеп соқтыруы мүмкін.

Жалпы, сол­­түс­тік­­қа­зақстан­дық­­тардың саны соңғы 20 жыл ішін­де 160 мың адамға азайып, Қы­зыл­жар өңірінде қазір небәрі 547,7 мың адам өмір сүріп жатыр. Ал шы­ғыс­қа­зақстандықтардың саны 20 жылда 139 мың адамға кеміп, бүгінде 1369,1 мың адам болып отыр. Бұл екі өңірде көшіп келушілерден көшіп кетушілер саны көп.

Солтүстік Қазақстан облысындағы демографиялық ахуалдың айрықша күрделілігіне орай аталған өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы 2018 жылы Елбасы Нұрсұлтан На­зар­­баевтың төрағалығымен өткен Қауіп­сіздік Кеңесінің отырысында ар­найы қа­ралып, Үкіметке тиісті тапсыр­ма­лар берілген болатын. Соның нә­ти­жесінде Солтүстік Қазақстан облы­сын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2019-2021 жылдарға ар­нал­ған кешенді жоспары жасалып, іске асырылу үс­тін­де. Соның ішінде қоныс аударушыларды тұрғын үймен қам­тамасыз ету жөніндегі қанатқақты жоба да бар.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бә­рінен қымбат» бағдарламалық ма­­қа­ласында: «Халықтың қалалық жер­лерге жаппай көшуі салдарынан көптеген ауыл­да, әсіресе, шекара маңындағы елді мекенде тұрғындар саны күрт азайды. Біз еңбек күші көп оңтүстік өңір тұр­ғын­­дарының солтүстік және шығыс ай­мақтарға қоныстануына қолайлы жағ­дай жасап, осы жұмысты назар­да ұстаймыз. Бұл – өте өзекті әрі елі­­міздің қауіпсіздігіне қатысты мә­­селе», деп қадап айтты. Осыған орай, Ұлттық экономика министрлігі Пре­­зи­дент алға қойған маңызды мін­детті ор­ын­дап, солтүстік және шығыс өңір­­лердегі демографиялық ахуалды жақсарту мақсатында олар­да­ғы даму әлеуеті бар ауылдарды сақ­тап, көр­кейтуге жете мән беріп, бі­рінші ке­зекте тірек және серіктес ауыл­дық елді мекендерді анықтау өлшем­шарт­тарына тиісті өзгерістер енгізсе, құба-құп.