Қазақ сахна өнеріне қосқан шығармашылық үлесі салмақты, ұлттық кино өнерінде ерекше қоңыр үнімен «дубляж королі» атанған Атакелді Ысмайылов тірі болғанда үстіміздегі жылы 90 жасқа толар еді. Бір бойында өнердің түрлі үні тоғысқан суреткер ұрпағына өшпес мұра қалдырды. Бір ғана кинофильм кейіпкерлерінің сөздерін қазақ тіліне аударып, олардың мінезіне, әлеуметтік орнына сай дыбысын жасаудағы шеберлігінің өзі А.Ысмайылов өнерінің биіктігін, ешкімге ұқсамайтын даралығын байқатады. Сондай есімі көпшіліктің жүрек төрінен орын алған өнерпаздың адамдық тұлғасы да, суреткерлік болмысы да биік болатын...
«дубляж королі» атанған Атакелді Ысмайылов тірі болғанда үстіміздегі жылы 90 жасқа толар еді. Бір бойында өнердің түрлі үні тоғысқан суреткер ұрпағына өшпес мұра қалдырды. Бір ғана кинофильм кейіпкерлерінің сөздерін қазақ тіліне аударып, олардың мінезіне, әлеуметтік орнына сай дыбысын жасаудағы шеберлігінің өзі А.Ысмайылов өнерінің биіктігін, ешкімге ұқсамайтын даралығын байқатады. Сондай есімі көпшіліктің жүрек төрінен орын алған өнерпаздың адамдық тұлғасы да, суреткерлік болмысы да биік болатын...
Атакелді Ысмайылов 1923 жылы 27 желтоқсанда Алматы қаласына қарасты «Горный гигант» ауылында дүниеге келген. №12 мектепті бітірген соң аэроклубты үздік аяқтап, авиациялық училищеге жолдама алады. Жастық шағы соғыс жылдарымен тұспа-тұс келгендіктен бе, ол ұшқыш болуды армандайтын. Сол алға қойған мақсатына қолы жетіп, Ташкент қаласындағы ұшқыштар училищесін 1943 жылы «атқыш-штурман» мамандығы бойынша аяқтап шығады. Бірақ А.Ысмайыловқа 1943 жылғы майдан даласында болған кездейсоқ апат салдарынан бұл мамандық бойынша еңбек ету мүмкін болмапты. Балаларының жараланса да соғыстан аман келгеніне қуанған ата-анасы той жасап, қаладан әртістер шақырады. Олардың ішінде болған Жағда Өгізбаев алты жасынан бастап гармонь тартып, ән айтуды үйренген жас жігіттің талантын байқап, оны өнерге баулиды.
Сол кездерде театр әртістері гастрольдік сапарларда алдымен спектакль қойып, соңынан концерт беріп отыратын. Жас Атакелді сонда ән орындаушы әртістерді гармоньмен сүйемелдеп, кейін өзі де рөлдерде ойнай бастайды. Ең алғашқы рөлі Ш.Аймановтың «Штабта» атты бір актілі пьесасындағы солдат бейнесін жасаудағы театр өнеріне деген талпынысымен, кейіпкер сөздерін тез жаттайтын зеректігімен көзге түседі. Жас таланттың кәсіби өнеріне жол ашқан сол кездегі театр директоры Орынбек Беков, Жағда Өгізбаев, Құрманбек Жандарбековтің ықпалымен Атакелді Ысмайылов 1944 жылы М.Әуезов атындағы драма театрына қабылданды. Сахнаның қыры мен сырын толық меңгеріп, әдеби шығармалардың мән-мазмұнын игеру мақсатында ол театр училищесін, одан кейін Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогика институтының (қазіргі Алматы мемлекеттік университеті) филология факультетін сырттай оқып бітіреді.
А.Ысмайылов бас театр сахнасында Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» трагедиясындағы Сейіт, «Қозы Көрпеш – Баян сұлуда» Қозы, М.Әуезовтің «Абайында» (инсценировка) жас Абай, Ә.Әбішевтің «Достық пен махаббатында» Нұрлан, М.Горькийдің «Шыңырау түбіндесінде» Алеша, К.Гоццидің «Қонақ үйдің қожасында» қызметші жігіт, Н.В.Гогольдің «Ревизорында» Бобчинский, Ж.Б.Мольердің «Сараңында» Валер, т.б. кейіпкерлердің сом тұлғасын жасап, сахналық қимыл-әрекеттерін солардың әрқайсысының мінез ерекшелігіне қарай бағыттап отырды. Олардың бірінде психологиялық толғанысы басым түсіп жатса, енді бірі – ғашықтық сезімге бай, шын сүйіспеншілік иесі ретінде көрінді.
А.Ысмайылов – қазақ сахнасында М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы желісінің негізінде Ш.Айманов пен Я.Штейн жасаған инсценировкада бала Абайдың рөлін тұңғыш сомдаған актер. 1954-1955-жылдары арнайы шақыртумен Ғ.Мүсірепов атындағы Балалар мен жасөспірімдер театрына келген А.Ысмайыловтың үлкен сахнадан жинаған мол тәжірибесі бұл театрда да өз нәтижесін береді. Мұнда ол Ш.Құсайыновтың «Ғани Мұратбаевында» Ғани, «Алғашқы ұшқындарында» Байғани, «Есірткен еркесінде» Шапық, Ш.Құсайынов пен О.Бодықовтың «Әл-Фараби» трагедиясында Азатбек, М.Ақынжановтың «Ыбырай Алтынсаринінде» Ыбырай, О.Бодықовтың «Отырар ертең қирайдысында» Шыңғыс хан, Б.Мұқайдың «Қош бол, менің ертегім» драмасында Әли қарт, Ш.Мұртазаның «Сталинге хатында» колхоз бастығы, «Бесеуге хатында» Сталин, Ә.Тәжібаевтың «Сағынамын күн сайынында» Қаныш Сәтбаев, И.Байзақовтың «Ақбөпесінде» Әмірхан, Ж.Жұмаханов пен Б.Тәжібаевтың «Қаракөз қарындасымында» Атымтай, М.Иманжановтың «Жас өмірінде» Ораз, С.Шаймерденовтің «Дөкей келе жатырында» Сейсек, А.П.Чеховтың «Шағаласында» Сорин, С.Мұқановтың «Ботакөзінде» (инсценировкасын жасаған А.Ысмайыловтың өзі) Кулаков, С.Сейфуллиннің «Қызыл сұңқарларында» Байділдә, т.б. жүзден аса кейіпкерлерді сомдайды. Бір-біріне мүлдем ұқсамайтын осындай кейіпкерлердің сахнада шынайы өмір сүруі, эпизодтық рөлде немесе сахнаның үшінші планында (массовкада) жүріп-ақ айқын әрі нанымды характер жасауы актердің табиғи дарыны мен талантының жемісі болса керек.
Иса Байзақовтың «Ақбөпе» поэмасы негізінде сахналанған қойылымда Әмірханның Ақбөпеге деген ғашықтық сезімі, ән айтудағы әсем даусы, жесір дауын қуған Кәрібай бидің жігіттерімен шайқасуы және Тайшықтың оны ату көріністерінде актер эмоциясы айқын беріледі. Осындай жан-жақты ізденіс пен шығармашылық тәжірибе А.Ысмайыловты драматургияға қалам тербеуге ықпал етеді. Оның «Аналар» және «Әлия» пьесалары Нүкіс драма театры сахнасында, «Алдар көсе» комедиясы мен қарақалпақ драматургі Т.Тәңірбергеновпен бірігіп жазған «Аққулар айдынына оралады» драмасы Жастар мен балалар театрында, «Шық бермес Шығайбайы» кезінде қуыршақ театрында табыспен жүргенін білеміз. Сондай-ақ, С.Мұқановтың «Мөлдір махаббат», «Ботакөз», «Балуан Шолақ», Ш.Айтматовтың «Дүйсеннің мектебі», «Шынарым менің», «Арманым – Әселім», М.Иманжановтың «Алғашқы айлар» тәрізді роман-повестерінің сахналық желісін түсіріп, театр репертуарын тарихи шығармалармен байытуға күш салуы да А.Ысмайылов дарынының даралығын, еңбексүйгіштігін, өнерге деген адалдығын аңғартады.
Қазақ кино өнеріне де зор үлес қосқан актердің «Даладағы қайың», «Қыз Жібек», «Батыр Баян», «Шыңдағы шынар», «Жамбылдың жастық шағы», «Тыныштық», «Саған қуыршақ керек пе?», «Қараңғылық әміршісі» (ертегі), т.б. кинофильмдерден оның әмбебап шығармашылығындағы тағы бір қырын танимыз. Кинодағы дебюті – «Даладағы қайыңдағы» колхоз председателі Амановтың іс-қимылын, мінез ерекшелігін оның жас мөлшеріне, өмір сүріп жатқан ортасына сай бейнелеуін жас актердің ізденісінен туған нәтиже дейміз. Осы кейіпкері А.Ысмайыловтың бұдан кейінгі рөлдеріне салынған дара жол болғандығы анық.
Сахна мен экран арқылы көпшіліктің ыстық ықыласына бөленген Атакелді Ысмайылов кино аудармасында ұлы көсемдер мен қолбасшылардың, батырлар мен би-болыстардың жасы мен тарихтағы өзіндік орнына байланысты түрлі үн жасап, даусын келтіріп, «дубляж королі» атанған бірегей тұлға. 1946 жылы «Жас гвардия» фильмінен басталған дубляж жасау қызметі «Тарас Шевченко», «Қылмыс пен жаза», «Коммунист», «Ғасырдың басталуы», «Миғұла», «Махаббат мұңы», т.б. жүздеген көркемфильмдерде жалғасып, сондағы бас кейіпкерлерді актер өз ана тілінде сөйлетті. Ол «Жас гвардия» фильмінде Кеңес Одағының батыр ұлы Олег Кошевойдың даусын жасаса, «Ғасырдың басталуы», «Берлиннің құлауы», «Азаттық» фильмдерінде Ленин мен Сталин болып сөйлеп, сол кездегі патриоттық сезімді шебер үнімен жеткізе білді.
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Атакелді Ысмайылов шығармашылығының тағы бір қыры – әдебиеттің поэзия жанрына қалам тербеуі болатын. Оның сыршыл лирикаға толы көркем туындылары «Туған жер», «Қайран әке», «Қайда солар?», «Үміт», «Сыр», т.б. өлең жолдарында ерекше бір пафос, әдемі әуез бар. Жалпы, ұлттық театр және кино өнеріне зор үлес қосқан А.Ысмайылов қазақ өнерімен мәңгі сабақтас есім. Театр, кино, дубляж, инсценировка жасау, драматургия, поэзия бір адамның бойында үндескен. Яғни, Атакелді Ысмайылұлы Ысмайылов – өнер қазынасы.
Зухра ИСЛАМБАЕВА,
Т.Жүргенов атындағы
Қазақ ұлттық өнер академиясының оқытушысы.