Мельбурндегі турнир карантин кезінде ұйымдастырылғандықтан, спортшыларға да, жарыстың басы-қасында жүргендерге де қатаң талаптар қойылды. Мәселен, жыл басында өзге жарыстарға қатысқан 30-ға жуық теннисші Аустралия билігінің ережесі бойынша 14 күндік міндетті карантинге жатқызылды. Ұйымдастырушы тарап спортшыларды карантин талаптарын қатаң сақтауға үгіттегенімен, дәл турнир басталатын кезде Мельбурндегі қонақүй күзетшілерінің бірінен коронавирус анықталып, жарыстың өту-өтпеуі мәселе ретінде қойылды. Дегенмен Australian Open басшылары қандай жағдай болса да, бір адам 500 адамға әсерін тигізбеуі керек екенін, Аустралия ашық чемпионаты өз уақытында ұйымдастырылатынын айтып, жарысқа қатысушылар мен жанкүйерлерді сендірді.
Джоковичтің қарқыны қатты
Аустралия ашық чемпионатының алты, «Үлкен дулыға» санатындағы жарыстардың 20 дүркін жеңімпазы швейцариялық Роджер Федерер жарақатына байланысты бұл жарыстан тыс қалған соң, жанкүйерлер биылғы финал Надаль мен Джокович арасында өтеді деп болжаған болатын. Алайда «құмдауыт корттың королі» ширек финалда грекиялық Стефанос Циципасты екі сетте жеңіп тұрып, күтпеген жерде 7:6, 6:4, 7:5 есебімен жеңіліп қалды.
Ал Джокович болса, ширек финалда әлемнің жетінші ракеткасы германиялық Александр Зверевті төрт сетте 3:1 есебімен, жартылай финалда жарыстың дебютанты болса да, ерекше ойынымен мамандар мен жанкүйерлер көзіне түсе білген ресейлік Аслан Карацевті 3:0 нәтижесімен еш қиындықсыз жеңді. Финалда сербиялық спортшыны тағы бір ресейлік теннисші, әлемнің үшінші ракетасы – Даниил Медведев күтіп тұрған-ды. Бірақ Медведев те әлемнің бірінші ракеткасына еш қарсылық көрсете алмады. Рас, алғашқы сетте Джокович біраз қиындыққа тап болып, тек тайбрейкте 7:5 есебімен ғана басым түсті. Ал қалған екі сетте сербиялық теннисші аса қатты қинала қойған жоқ – 6:2, 6:2. Сөйтіп Новак Джокович қатарынан үшінші рет, жалпы тоғызыншы мәрте Аустралия ашық чемпионатында бас жүлдені жеңіп, рекорд орнатты.
Бұл – Джоковичтің «Үлкен дулыға» санатындағы жарыстардағы 18-ші жеңісі. Осылайша, ол 20 рет жеңіс тұғырына көтерілген Роджер Федерер мен Рафаэль Надальға бір табан жақындай түсті. Сонымен қатар Мельбурндегі финалда Джокович ірі жарыстардағы 101-ші жүлдесін олжалады. Кейінгі жылдары ерекше талантымен көзге түсіп, мамандардың ыстық ықыласына бөленіп келе жатқан ресейлік теннисші Даниил Медведев болашақ әлем жұлдызына балануда. Өткен маусымның қорытынды Masters бәсекесінде жеңіс тұғырына көтерілген ол жартылай финалда Джоковичтен айласын асырып кеткен болатын. Қазіргі таңда Медведевтің еншісінде Masters санатындағы 9 турнирдің бас жүлдесі бар. 25 жастағы спортшы бүгінге дейін екі мәрте «Үлкен дулыға» санатындағы турнирдің финалында өнер көрсетіп үлгерді.
Дүние жүзін дүрліктірген пандемияның салдары өзге салалар секілді, спортты да айналып өткен жоқ. Сол себепті биылғы Australian Open додасының жүлде қоры былтырғымен салыстырғанда біршама азайған. Турнирде топ жарған Новак Джокович Норман Брукс атындағы кубок пен 2 113 375 доллар көлемінде сыйақы алды. Ол өткен жылы 4,12 млн доллар табысқа кенелген болатын. Ал финалист Даниил Медведев 1,5 млн доллармен қанжығасын майлады.
Осака озып тұр
Әйелдер арасындағы Australian Open 2021 жарысында Наоми Осака үздік атанды. 23 жастағы жапон қызы турнир барысында бекерге осы жарыстың фавориті саналмағанын дәлелдеді. Айтулы доданың бірінші кезеңінен бастап тек қана үздіктермен күш сынасқан Осака алдымен әлемнің 40-ракеткасы ресейлік Анастасия Павлюченкованы 6:1, 6:2, екінші кезеңде франциялық Каролин Гарсияны (46) 6:2, 6:3, үшінші айналымда Тунис өкілі Онс Жаберді (31) 6:3, 6:2 есебімен айқын жеңді. Ал 1/8 финалда осы турнирдің былтырғы финалисі испаниялық Гарбинье Мугурусадан үш сетте (4:6, 6:4, 7:5) айласын асырса, ширек финалда тайваньдық Шувэй Сені екі сетте (6:2, 6:2) қапы қалдырды. Жартылай финалда осы турнирдің төрт дүркін жеңімпазы, әйгілі америкалық теннисші Серена Уильямсты екі сетте (6:3, 6:4) тізе бүктірді. Осындай жарқын жеңісінен кейін әлемдік теннис жанкүйерлері мен спорт мамандары жапон қызына қарата «Әйелдер теннисінің жаңа көшбасшысы», «Жаңа патшайым», «Жапон патшайымы» деген жылы сөздерін арнады.
Сөйтіп былтыр әлемдік спортшылар арасында ең көп табыс тапқан (37,4 млн АҚШ доллары) Осака Аустралия ашық чемпионатының финалында тағы бір АҚШ өкілі Дженнифер Брэйдимен бас жүлдені сарапқа салды. Бір-біріне жақсы таныс теннисшілер былтырғы US Open жарысының жартылай финалынан кейін тағы да кортта кездесті. АҚШ ашық чемпионатында Брэйдиді қапы қалдырған Осака бұл жолы да аянып қалған жоқ. Екі сетке созылған финалдық матч жапониялық спортшының жеңісімен аяқталды. Есеп – 6:3, 6:4.
Осылайша, Наоми Осака «Үлкен дулыға» санатындағы жарыстардың финалына төртінші мәрте шығып, соның барлығында жеңіс тұғырынан көрінді. Тағы бір айта кетерлігі, жапониялық спортшы – кейінгі бір жыл көлемінде жеңілістің не екенін білмей келе жатқан санаулы спортшылардың бірі. Ол былтыр 7 ақпанда Федерация кубогы аясындағы жарыста испаниялық Саре Соррибес-Тормоға есе жіберген болатын.
Үшінші айналым – соңғы меже
Кейінгі жылдары қазақстандық теннисшілер Мельбурндегі жарыста жиі бой көрсетіп жүргенімен, жанкүйерлердің көңілінен шығатындай нәтижеге қол жеткізе алмауда. Бұған дейін жазғанымыздай, биылғы Аустралияның ашық біріншілігіне қатысқан алты бірдей спортшымыздың тек екеуі ғана үшінші айналымға жетсе, кейбірі бірінші кезеңде сүрінді. Жалпы, қазақстандық спортшылар үшін Australian Open турнирі үшінші кезеңнен кейін мәресіне жететін сияқты. Өйткені әр жылдары осы додада бақ сынаған Галина Воскобоева (2009, 2012), Ярослава Шведова (2015), Зарина Диас (2015, 2016, 2020, 2021), Юлия Путинцева (2016, 2020, 2021) және Елена Рыбакина (2020) үшінші айналымнан әріге бара алмай жүр. Жерлестеріміздің арасында ең үздік көрсеткіш Михаил Кукушкинге тиесілі. 2012 жылы ол төртінші айналымға дейін жеткен еді. Ал биыл екінші кезеңде сүрінді.